Кеше палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтіп, онда сенаторлар бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады.
Палата отырысының күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігі секторын институттық нығайту жобасы) ратификациялауға арналған заң жобасы болды. Баяндамашы Әділет министрі Берік Имашев келісімнің мақсаты сот төрелігі секторындағы негізгі ұйымдардың институттық мүмкіндіктері мен операциялық тиімділігін арттыру болып табылатынын назарға салды. Жоба аясында құқықтық және институттық базаның негізгі бөліктерін іске асыруды нығайту, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі көрсететін қызметтердің сапасын және жеделдігін арттыру, судьялардың тиімділігі мен кәсібилігін жоғарылату жүзеге асырылады, деген министр сөзінен кейін сенатор Қожахмет Баймаханов орынды сауал тастаған.
Алынайын деп отырған 36 млн. доллардың әр долларын 200 теңге деп есептегеннің өзінде 8 млрд. теңге шамасын құрайтынын айтқан ол: «Біздің бюджетімізге қарағанда ол көп ақша емес. Осыдан барып, несиені алудың қандай қажеттігі бар, деген сауал туындайды. Егер болашақта болуы ықтимал девальвацияны қаперге алсақ, ол тіптен де тиімді емес. Комитеттің отырысында сауал қойып, мардымды жауап ала алмадым», деді. Оған Халықаралық Қайта құру және Даму банкінен қарыз алуды тек Қазақстан емес, бізден бұрын Ресей, Әзербайжан, Румыния, Хорватия секілді мемлекеттер бастап, сол арқылы олар біраз тәжірибе жинақтады. Сондықтан, оның материалдық тұрғыдан гөрі, тәжірибелік тұсы басымырақ, деген жауап берілді. Қалай дегенмен де, сенаторлар Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес заңды бірауыздан ратификациялады.
Сенаторлар, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы қарады. Баяндамашы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин елімізде бензиннің қоры жеткілікті екенін, қолда бар сұйық отын көлемі 200 мың тоннадан асатынын айтып, бүгінде екінші жарты жылдыққа белгіленетін баға көлемінің талқыланып жатқанын ортаға салды. Қалай болғанда да, салада күрделі бір жағдай қалыптасты деп айтуға негіз жоқ. Жаңа келісім бойынша осыған дейін Ресейден алған мұнай өнімдеріне кері төлем ретінде мұнайымызды беріп келген болсақ, енді бұдан былай ол төлем алынып тасталады, деді. Сонымен бірге, министр өзіміздің ашық түсті өнімдерімізге, мысалы, бензин, дизель отыны сынды жанармайларды экспортқа шығаруға тыйым салынатынын жеткізді. Сенаторлар министрдің және бас комитеттің ұсыныстарын дауысқа салып, заңды ратификациялады.
Палатада бұл екі заңды ратификациялаудан өзге «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы қабылданды және «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы» келісім де сенаторлар мақұлдауына ие болып, ратификацияланды. Сондай-ақ, құжат жеке тұлғаларға Тараптар заңнамасында белгіленген мөлшерде, растайтын медициналық құжаттар болған жағдайда медициналық көрсетімдер бойынша жеке өзінің қолдануы үшін дәрілік препараттар түріндегі осы заттардың шектеулі санын өткізуді және тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтқан жөн.
Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан мен Сингапур арасындағы хаттама да ратификацияланды.
Хаттама салықтардан жалтаруға жол бермеу мақсатында салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы Уағдаласушы екі мемлекеттің салықтық құрылымдарының ынтымақтастығын кеңейтуді көздейді.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын сенаторлар екі оқылымда қарап, регламентке сәйкес оны Сенат енгізген өзгерістер және толықтырулармен Мәжіліске жіберілді. Құжат еліміздің Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасын, Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын одан әрі іске асыру мақсатында әзірленіпті.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап, оны да қабылдады. Құжат мүлікті, оның ішінде бұрын заңды экономикалық айналымнан шығарылған ақшаны жария ету жөніндегі бір жолғы акция өткізуге бағытталған. Мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі уақытқа белгіленді. Жария ету субъектілері Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің баптарында көзделген қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан, сондай-ақ, толық емес, дәл емес декларациялар мен мәліметтер бергені немесе бермегені үшін тәртіптік жауаптылықтан босатылады. Парламент қабылдаған заң көлеңкелі экономиканы қысқартуға, ұлттық экономикаға қосымша қаражат тартуға және инвестицияларды ұлғайтуға ықпал ететін болады. Құжатқа сәйкес, жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар мен ғимараттар, басқа адамға рәсімделген, сонымен қатар, Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады.
Бұл ретте жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге (заңдастыруға) жатпайды. Мәселен, жеке адамға қарсы және адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза отырып алынған мүліктер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер рақымшылыққа жатпайды. Сонымен қатар, заң жобасында жария етудің тетіктері мен құралдары да айқындалған.
Заң жобасы Азаматтық, Бюджет кодекстеріне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодекске толықтырулар енгізуді көздейді.
Отырыс барысында сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы мен Жабал Ерғалиев депутаттық сауалдарын жария етті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».