Спорт • 15 Ақпан, 2023

Елордада шахматтан әлем чемпионаты өтеді

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворкович бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада шахматтан әлем чемпионаты өтеді

Тараптар бірнеше маңызды мәселелерді, соның ішінде биыл көктемде Астанада өтетін шахматтан әлем чемпионатын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

«FIDE-нің біздің елді таңдауының бір себебі бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан шахматтан ең тамаша кезеңді бастан кешуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шахмат қозғалысының дамуын жеке бақылауында ұстап отыр. 2022 жылы республика бойынша 7 618 секцияда 253 мыңнан астам адам шахматпен жүйелі түрде шұғылданды. Оқу жылының басынан бері «Шахмат» пәні таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді», деп жазды Асхат Оралов Facebook парақшасында.

Министр атап өткендей, жас шахматшыларға үлгі болатын спортшылар бар. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және басқа да шахматшылар тарихта өз есімдерін қалдырды.

«Күзде Қазақстан Республикасының Президенті FIDE басшысымен кездесіп, біздің ел мен Халықаралық шахмат федерациясы арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», делінген жазбада.