Қаржы • 16 Ақпан, 2023

«Open api» мен «Оpen Вanking»: Банк секторындағы бәсекелестік

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық банк «Open API» және «Open Banking» технологияла­рын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын жария­лады. ҰБ бұл тұжырым­даманы Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің (БҚДА) қаты­суымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп әзірлеген. Тұжырымдаманың мақсаты – ашық банкингті дамыту және ашық банктік интерфейстерді енгізу бойынша қаржылық ин­фра­құрылым мен заңнамалық ортаны дамыту төңірегінде нақты қадамдар мен шараларды ұсыну.

«Open api» мен «Оpen Вanking»: Банк секторындағы бәсекелестік

Әзірлеушілердің айтуынша, осы бастаманың арқасында келешекте қаржы және төлем нарығының қаты­сушылары өз тұтынушыларына жеке деректерді басқарудың жаңа, қауіпсіз нұсқасын ұсына алады. Жоба аясында бірнеше төлем қызметін жеткізушінің сервисі мен қосымшалары бір интерфейсте бірігеді. Соның нәтижесінде қаржы және төлем қызметіне қолжеткізу мүмкіндігі артады. Ең бастысы банк секторындағы цифрлы алаяқтық пен ұрлық тәуекелі төмендейді. Қаржы инс­ти­туттарының транзакция жүргізуге кет­кен және әкімшілік шығындары азаяды.

«Ашық банкинг нарық қатысу­шыларына түрлі инновациялық төлем және қаржы сервистерін құруға жол ашады, олардың қолжетімділігін арттырады. Операция жүргізудегі уақыт шығындарын азайтады, сол сияқты бәсекені де күшейтеді», делінген Ұлт­тық банк хабарламасында.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұл жұмыста тұтынушының мүддесіне айрықша басымдық беріледі. Нарық билігі тұтынушының қолында болуы керек, сонда ғана көрсетілетін қызметтердің сапасы мен құнына бәсеке орнайды. Осы принциптердің бәрі «Open Banking» тұжырымдамасымен тығыз байла­ныс­ты. Оның мәнісі сонда – клиент­ке өзінің жеке деректерін түрлі қар­жы институттары арасында қауіпсіз әрі тиімді бере алуына жағдай жасау.

Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, ашық банкинг тұжырымдамасы клиенттің шоты, оның төлем тарихы және аударымдары туралы дәстүрлі түрде банктер жинайтын және сақ­тай­тын технологиялық ақпарат алмасуды жүзеге асыратын «ашық» «API»-ді (ашық бағдарламалау интерфейсіне негіз­делген деректермен қауіпсіз алмасу платформасы) қолдануға негіз­делген.

Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, күн санап артып келе жатқан сұраныс пен тұтынушы мүддесі, ақпараттық технологиялар мен инновациялардың кеңінен дамуы, деректердің ашықтығы мен құндылығын арттыру жоспары қаржы саласындағы тың стратегияны қажет ете бастаған болатын. Оның үстіне пандемия тудырған тәуекелдер онлайн қызметке деген сұранысты еселеп арттырып жіберді. Қазір тұтас бірнеше сала – өндіріс, логистика, сервистік қызмет көрсету, білім, медицина барлығында тиімді цифрлы шешімдер қажеттілігі туып тұр. Ұлттық банк зерттеуінде нарықта цифрлы мүмкіндіктерді бейімдеу процесінің әсерлі нәтижелерге бастағаны, клиенттермен өзара іс-қимылдың ыңғайлы арналары құрылғаны, жаңа бизнес модельдер әзірленіп, ұсынылатын қызмет­тер мен өнімдердің тізбесі ұлғайғаны атап өтілген.

Цифрлы банк бүкіл әлемде тренд­ке айналды. «Accenture» консал­тингтік компаниясы мен «N26» не­міс необанкінің «Global Digital Banking Index 2021» зерттеуіне сәйкес сауалнамаға қатысқан 28 елдегі цифрлы банктік шоты бар тұты­нушылар саны 450 миллион адамнан асқан. Бұл көрсеткіш бойынша көшбасшы елдер – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия және Қытай. 2018-2020 жылдар аралығында цифрлы банк қызметтерін енгізудің ең үлкен өсімі Швейцария, Бразилия, Ирландия, Ұлыбритания және Францияда тіркелген.

Қаржы секторының цифрлы тұр­ғыда дамуы нарыққа жаңа ойыншылар мен жаңа инвестициялардың келуіне жол ашып береді. Қазір инвесторлар өзіндік стартап-жобасы бар финтех компанияларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Мамандардың айтуынша, «Open API» енгізу және ашық банкинг платформаларын құру үрдісі қаржы ұйымдарының мінез-құлық моделін түбегейлі өзгертеді, бұл дәстүрлі тәсілдерді, технологияларды және консервативті қаржылық модельдерді цифрлы технологиялық шешімдерді қолдана отырып, ашық, инновациялық стратегияға ауыстыруға мәжбүр етеді.

Қазақстанның финтех-нарығын дамытудың негізгі сегменттерінің ішінде онлайн несие беру, скоринг және төлем сервистері жобалары көш бастап тұр. Қазірдің өзінде технологиялық тұрғыда тәп-тәуір дамыған, ірі банк­тер электронды коммерцияның сау­да алаңдарын құрып, мемлекеттік қызметтер мен жеткізу, тапсырыстар, онлайн-сатып алу сервистеріне өтінім берудің жаңа арналарын біріктіріп жатыр. Ал мобильді қосымшалардың көмегімен жол жүру және саяхат, тө­­лем жүйелерін оңтайландыруда. Банк­тер­дің, маркетплейстердің, он­лайн-дүкендердің мобильді қосым­шаларының қарқынды дамуы көбіне тұтынушылардың жоғары сұранысына негізделген.

Бұған «PwC Kazakhstan» компаниясы мен «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығы ұсынған талдау нәтиже­лері де дәлел. 2021 жылдың 12 айын­да сатудың жалпы көлеміндегі мо­бильді құрылғы көмегімен жүзеге асы­рылған онлайн сатып алу үлесі 93 пайызды құраған. Бөлшек электронды коммерцияның маркетплейстерінен сатудың жалпы үлесі 2021 жылы 8 пайыз­ды құрап, транзакциялардың жалпы саны 37 млн бірлікке жеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакцияларының көлемі 24 есе өсіп, 73 трлн теңге болған. Бұл көрсеткіштер электронды коммерция нарығының айтарлықтай алға басқанын, тұтынушылық белсенділіктің артқанын және шығындарды оңтайландыру мен көбірек қамту үшін бизнестің онлайн ортаға көше бастағанын көрсетеді.

«API» технологиясы бүкіл әлем бойын­ша банк саласына сәтті бейім­деліп, жүзеге асырылып жатыр. 50-ден астам ел және 10 мыңнан астам банк клиент мүддесіне назар аудара отырып, қаржылық қызметтерді ұсынуда ашықтыққа белсенді түрде көшуде. Ұлыбританияның «Juniper Research» зерттеу орталығының мәліметі бойын­ша бүкіл әлемдегі ашық банкингті пайдаланушылар саны үш жылдан аз уақыт ішінде екі есе артады: 2019 жылғы 18 миллионнан 40 миллионнан астам пайдаланушыға дейін. Ал 2026 жылға қарай үшінші тарап провайдерлері арқылы төлемдер айналымы 116 миллиард доллардан асады.

Дегенмен елдер арасындағы Open Banking жүйесін енгізу және дамыту тәсілдері әр алуан. Бірыңғай регламент, ортақ талап жоқ. Қазақстанда бұл жүйені дамыту бойынша биыл тұрақты жұмыс тобы құрылып, бірқатар инфрақұрылымдық және нормативтік шешім әзірленеді деп күтіліп отыр. Пайдаланудың түрлі сценарийін егжей-тегжейлі әзірлеу арқылы тұтынушының пайдасын еселеуге басымдық беріледі. Тұжырымдамада көзделген барлық бастама 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.