Қаржы • 16 Ақпан, 2023

Салық аптасы теңгеге септесе ме?

189 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Апта басынан бері доллар мен теңгенің дәлізі 456 мен 452 теңгенің арасында тербеліп тұр. Мұнай бағасы барреліне 82,3 АҚШ доллары көлемінде. Елдегі жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар бюджетке теңгелей салық төлейтін. Салық аптасының бас­талуына 1 аптадан көп уа­қыт бар болса да, теңге күш ала бастады. Ұлттық банк түсіндіргендей, 2023 жыл­дың басы дамушы нарықтар үшін өте қолайлы болды.

Салық аптасы теңгеге септесе ме?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

9 ақпанда таңертең доллар бағамы 453 теңгеге дейін төмендеді. Оның алдында Ұлттық банк валюта нарығы мен алтын қоры туралы ай сайынғы шолуды жариялады. Қаңтарда Ұлттық қордан республикалық бюджетке қосымша 228 миллион доллар сатылды. Ақпандағы салық төлеу маусымы басталғанға дейін экс­порт­таушылардың теңгені мерзі­мінен бұрын сатып алуы өсімнің тағы бір триггері болуы мүмкін.

«Альпари» сарапшысы Анна Бодрованың пайымынша, сыртқы жағдайларды бейтарап деп қарастыруға болады. «Brent» маркалы мұнай баррелі 84,70 долларға бағаланды. АҚШ долларының позициясы әзірге әлсіз. Себебі әлемдік валюта нарығында инвес­торлар Федералдық резерв жүйесінің ендігі беталысының қандай екенін білмей іштен тынып отыр. Бұл долларға деген сұранысты күрт төмендетті. Сарапшы айтып өткендей, бұл жерде теңге күш алды деп қуануға ерте. Мәселе, дол­л­ар­ға деген сұраныстың төмен­деге­ніне байланысты болып тұр.

Компаниялардың салықты теңгемен төлеуі ұлттық валю­та­мызға деген сұранысты арттырады. Сарапшылардың айтуынша, ақпан айының соңында 1 АҚШ доллары 455-460 теңге арасында тұрақталуы мүмкін.

Жылдың барлық төрт тоқсандық салық кезеңдерінің ішінде ақпанның орны бөлек. Бұл айдағы салық төлем­дерінің теңге бағамына әсері бірер айға дейін тұрақты болады. Оның үстіне теңге сыртқы факторлар әсерінен біраз күш жинап, тамырына қан жүгіртіп алды.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдас­тығы биыл USD/KZT бағамы ел бюдже­тіне бір доллар үшін 470 теңге деңгейінде енгізілгенін, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 долларға дейін қымбаттауы мүмкін екенін айтып жатыр. Мұнай бұл бағаны қашанға дейін ұстап тұрары белгісіз. Бұл ұлттық валютаның қазіргі нығаюы тек қысқа мерзімді тренд болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қаржы талдаушысы Андрей Чебота­ревтің айтуынша, мұның себебін түсіну үшін валюта бағамының құрылымына назар аудару керек. Себебі Ұлттық банкте сауданың 35-45 пайызын Ұлттық қор, квазисектор және БЖЗҚ арқылы сұранысты қадағалауға мүмкіндік бар. Егер, осы бағытты терең­дете берсек, теңгенің нарық жағдайына бейімделіп қалуы әбден мүмкін еді. Бірақ оған ішкі жағдайлар мүмкіндік бермей тұр. Алда – Мәжіліс сайлауы.

«Қаржы талдаушылары теңгенің бағамын «Президент тапсырма берді, Ұлттық банк уәде берді, сол тұрғыдан бұл жақсы шығар» деген формуланың шеңберінен шығармауға тырысып жатыр. Бұл – дұрыс емес. Егер, жағдай осылай жалғаса берсе, сайлаудан кейін, сәуір, маусым айларында теңгеге әсер ететін қысымдар еселеніп кетеді. Бұл тұста Ұлттық банк, жағдайды түзеу үшін интервенциялық қадамдарға баруы мүмкін. Мен салық аптасының теңгеге әсері бар дегенге сене бермеймін. Себебі салық төлеушілер валютамен немесе бағалы қағазымен қазақстандық банк­терде РЕПО жасап, салық төлеу үшін тек теңгені қарызға алады. Сондықтан салық аптасы теңгеміздің күш алып кетуіне себеп болып жатыр деген бол­жамға сеніп қалуға болмайды», дейді А.Чеботарев.

Сарапшы Ерлан Ибрагим айтып өткендей, салық демалыстарының теңге бағамына әсері немесе юань мен доллардың әсері туралы нақты болжам айту қиын. Біз теңгеге дем беріп отырған күрделі факторларға назар аударуымыз керек.

«Осыған дейін БАҚ беттерінде рубль мен теңгенің жолы екі айырылғаны туралы ақпараттар жиі жарияланды. ЕАЭО жұмыс істеп отырғанда рубль мен теңге бір-бірінен қол үзіп кете алмайды. Кедендік төлемдер бойынша Қазақстан Еуразиялық одақтың ескі нормативтерін пайдаланады. 2015 жылы Еуразиялық одақ төлемдері бөлініске салынғанда, біздің үлес 7,11 пайыз болатын. 2019 жылдың өзінде импортты көбейткен Беларусь Қазақстан мен Ресей есебінен өзіне 0,7 пайызды қосып алғаны белгілі болды. Соның салдарынан біздің үлес одан да төмендеп, 6,95 пайыз болып қалды. Сарапшылар Қазақстанның үлесі кемі екі есе өсуге тиіс дегенді көптен айтып жүр», дейді Е.Ибрагим.

Қаңтар айында халықаралық дең­гей­дегі ірі инвесторлар нарықтық шайқас­тарға араласпады, нарықтың тізгінін ұсақ инвесторлардың бақы­лауы­на беріп, сырттан бақылады. Тең­геге әсер ететін өзгерістер елдегі салық төлеушілердің 1 трлн теңге салы­ғы­мен емес, жоғарыдан басталады. Сарапшының айтуынша, 2023 жыл­дың алғашқы жартысында теңге ішкі факторлардың қысымына ұшырап, аздап құнсызданады. Ал жыл ортасына қарай 1 доллар үшін шамамен 475,0-480,0 теңгеге дейін, жыл соңында 490,0-495,0-ге дейін төмендейді.

 

АЛМАТЫ