Қаржы • 16 Ақпан, 2023

Цифрлық теңге айналымға енеді

388 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінге дейін теориялық деңгейде талқыланып келген цифрлық теңгенің төбесі көрініп, есігімізге жақындап қалды. Айналымға 2023 жылдың күзіне қарай енуі мүмкін. Қазақстандықтар жәрдемақы мен зейнетақыны қанатқақты режімде цифрлық ұлттық валютада ала бастайды. Мемлекеттік сатып алуда ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрлық теңгені есептеуге көшіріледі. Енді бұл жобаны мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың түсінуі маңызды.

Цифрлық теңге айналымға енеді

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазір әлемдік нарықта бұл тақы­рып­тың бәсі аспандап тұр. Орта­лық банктердің цифрлық валютасын CBDC (Central Bank Digital Currency) қолданысқа енгізу цифрландыру дәуірінің заңдылығына айналып барады. finprom.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әлемдік ІЖӨ-нің 95 пайызын бауырына басып отырған 105 мемлекет қаржы нарығын цифрлық қаржымен интеграциялауға әзір. Тағы 15 ел цифрлық валютаны іске қосу кезеңінде тұр. Қазақстан осы 15 елдің қатарында. Ұлттық банк мамандарының айтуынша, цифрлық теңге ұлттық төлем инфрақұрылымының маңызды бір бөлігі бола алады. Өйткені бұл – бағдарламалау мүмкіндіктері мен офлайн төлемдердің жаңа функциясын қамтамасыз етуде тиімді құрал. Аталған функциялар өз кезегінде интернетке қосылу деңгейі тұрақсыз өңірлерде қаржы қызметтеріне қолжетімділікті арттыруға үлес қоспақ.

Цифрлық теңге – Қазақстандағы қолма-қол және қолма-қол емес ақша түріндегі төлемдерді алмастырады деген сөз емес

Цифрлық теңгені енгізу туралы ше­шім қабылдауда Ұлттық банк төлем қызметтерін тұтынушылар үшін түпкі­лік­ті нәтиже қаншалықты тиімді болатынына мән бермек. Бұл туралы апта басында қаржы институттары бас қос­қан семинар-кеңесте айтылды. Бұл іс-шараның мақсаты – цифрлық теңгені таныстыру және мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен және қаржы секторының қатысушыларымен диалог құру.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова қолма-қол ақшамен бірге қолданылатын төлемнің үшінші түрі  қолма-қол ақшасыз қаражат туралы, бұл жобаның қаржы нарығына әсері туралы айтып берді. Агенттік пен Ұлттық банк қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесіп пысықтап жатқан тәуекелдерге де тоқталды.

М.Әбілқасымова айтып өткен­дей, ақпараттық қауіпсіздік пен кибер­ша­буылдарға байланысты цифрлық валю­та­лардың операциялық тәуекелдері жолды байлауы мүмкін. Сарапшылар қар­жыны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қатысты ағымдағы шоттар мен электрондық әмияндар арасында қаражатты қайта бөлу кезінде банктердің өтімділікке қатысты туындауы мүмкін тәуекелдеріне де назар аудару қажеттігін ескерте бастады. Осыған орай, агенттік төрағасының айтуынша, цифрлық теңгені енгізу электронды әмияндардағы қаражаттың сақталуын және транзакциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ақпараттық және киберқауіпсіздік шараларымен қатар жүруі керек. Барлық осы бағыттар бо­йынша агенттік Ұлттық банкпен, қаржы қоғамдастығымен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, цифрлық теңге жобасын тиімді жүзеге асыру бойынша кешенді іс-шараларды әзірлеуді жалғастырады.

Цифрлық теңге – Қазақстандағы қолма-қол және қолма-қол емес ақша түріндегі төлемдерді алмастырады деген сөз емес. Finprom зерттеу орталығы сарапшыларының шолуларында цифрлық теңге параллельді негізде қолданысқа түсуі ықтимал екені айтылып жатыр. Олардың мәліметінше, бүгінде әлем бо­йынша жүзден астам ел өзінің цифрлық валютасын әзірлеу мүмкіндігін зерттеуге кіріскен. «Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 95%-дан астамын еншілеп отырған 105 ел бүгінде осы қаржы құралын әзірлеу мүмкіндігін есепке алып отыр. Валютаның бұл түрін «ақшаның үшінші формасы» деп те атайды. Өйткені оны елдің орталық банкі шығарады» деп көрсетеді өз шолуында Finprom.kz.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық теңге қаржы инклюзивтілігін жақ­сарту әлеуетіне ие. «Цифрлық теңге тө­лем индустриясындағы бәсекелестік пен инновацияларды дамытуға оңынан ық­пал етіп, Қазақстанның қаржы сек­торының жаһандық нарықтағы бәсе­келесті қабі­ле­тін арттыруға серпін береді» дейді.

Atlantic Council сараптамалық орта­лы­ғына сілтеме жасаған Finprom.kz өз шолуында, бүгінде әлем бойынша 10 ел толық цифрлық валютаны іске қосқанын хабарлады. Сол сияқты тағы 15 ел, оның ішінде Қазақстан да бар, цифрлық валютаны қанатқақты режімде енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. 24 ел өз цифрлық валютасын әзірлеп жатса, 43 ел бұл мүмкіндікті барынша зерттеуге кіріскен. Бір қызығы, осыдан бір жыл бұрын дүниежүзінде толығымен іске қосылған бірде-бір цифрлық валюта жоқ болатын. Мұндай валютаға қатысты мәселелер жетеді. Ұлттық банк те бірінші кезекте цифрлық ақшаның офлайн жүйесінде төлем жасай алатынына назар аударып отыр. Басқаша айтқанда, қолма-қол ақшаның тікелей баламасы. «Инновация банк секторына қауіп төндірмейді, қолданыстағы төлем инфрақұрылымына біріктірілген» делінеді Ұлттық банк таратқан деректерде.

Қаржы сарапшысы, инвестор Әлібек Жалғасбаевтың айтуынша, цифр­лық теңге – валютаның дамуының ке­лесі кезеңі. Ондағы транзакциялар тари­хы­ның барлық кезеңі туралы мәлі­меттер ашық. Сонымен бір мезгілде жалған ақша жасаудан немесе алданып қалмаудан қосымша қорғаныс бола алады.

«Цифрлық теңге ұлттық валюта мен криптовалюта арасындағы гибридтік қаржы көзіне айналу тетігіне ие. Мұнда криптовалютаның сипаттамалары да бар. Инфляцияны қандай да бір жолмен арттыру немесе төмендету, экономиканы жеделдету немесе «салқындату» мақ­сатында мемлекеттік бақылауға да мүмкіндік бар. Қазақстан финтех бо­йынша ТМД елдері арасында бірінші орында. Грузия мен Түркияда әлі қолма-қол ақшамен төлейді, аударымдар жоқ, кейбір жерлерде олар тіпті карталарды да қабылдамайды», дейді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы цифрлық ұлттық валютаны енгізу еңбек нарығына қандай да бір түрде әсер етуі мүмкін деп есеп­темейтінін де айтып өтті.

«Біз ва­лютаның қандай функциялары болатынын және қай тетігі жұмыс істе­мей­ті­нін әлі білмейміз. Бірақ қалай болғанда да IT мамандарына сұраныс бұдан да жоғары болады», деп түйіндеді сөзін Ә.Жалғасбаев.