Несие • 16 Ақпан, 2023

Банк секторының «жұлдызды клиенттері»

198 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Несие пайызы қандай факторларға тәуелді деген мәселе қай кезде де өзекті. Тәуелсіз сарапшылар несие пайызына бірінші кезекте ықпал ететін факторлардың қатарына Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесінің деңгейін айтады. Мысалы, қазіргі мөлшерлемесі 17,6 пайыз делік. Ал оның пайызы инфляция деңгейімен теңестіріліп отырады.

Банк секторының «жұлдызды клиенттері»

Сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, пайыздық мөлшерлеме анықталғанда Ұлттық банктің ба­за­лық мөлшерлемесі басшы­лық­қа алынады. Ал базалық мөл­шер­леме елдегі инфляция деңгейі негізінде айқындалады. Бұған қоса дефолт тәуекелі деген бар. Бұл – несие алған адам қарызын төлемеген жағдайға дайындап қойған тәуекел. Банктер статистикасында негізінде шартты түрде несие алған үш адамның біреуі несиені төлемеуі мүмкін екені айтылады. Сондықтан банк екі адамнан үшінші адамның ақ­ша­сын өндіріп алуға тырысады. Мысалы, банктен 25 пайызбен 5 жылға 3,5 млн теңге несие алған тұтынушы алғашқы 2 жылда негізгі сома емес, тек несиенің үстіндегі пайызды төлейді. Себ­е­бі теңге нарықта өтімді бол­май қалса, банкке белгілі бір мөл­шер­де шығын келеді. Алғаш­қ­ы жыл­дар­дағы төленген қаржы несие тәуекелін жабуға жұмсалады.

Қазақстанның тәуелсіз ел ре­тінде ашық қаржы нарығына шық­қанына 30 жылдан асып барады. Бұл – несие пайызын оңтайландыруға жеткілікті уақыт. Бірақ халықтың төлем қабілеті, ІЖӨ деңгейі екінші деңгейлі банк­тер (ЕДБ) несие пайызын са­лым­шының мүмкіндігі мен қар­жы­лық әлеуетіне қарап бейімдеп, нарықтың беталысына лайықтап, қырық құбылтып отыруға мүм­кін­дік бермеді. Қаржыгер Ерлан Ибрагим бізбен әңгімесінде мұн­дай тәсілдің консервативті тәсіл, басқаша айтқанда нарықтың алға жылжуына кедергі келтіретін тәсіл екенін айтып берді. Біздің қол­даныстағы тәсіл – халықтың төлем қабілетіне бір тереземен қа­райды: Несиелік беделі жоғары азамат өзінен кейінгі екі адамның тәуекелін мойнымен көтереді, тәуекел деңгейі төмен екі салымшы үшін жауап береді.

Сарапшы бүгінгідей экономи­ка­лық жағдайда Ұлттық банктің ба­за­лық мөлшерлемені төмендеткені жақ­сылыққа әкелмейді деп санайды.

Ұлттық банк жылдық инфля­ция­ны қадағалап, соның дең­гейінде базалық мөлшерлемені бел­гі­лейді. Базалық мөлшерлеме инф­ляция деңгейінен төмен бола алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Айналып келгенде несиенің нарықтық құны – 20 пайыз. Қазір ішкі нарықта 20 пайызбен несие беретін банктер кемде-кем. Ал жылдық өсім 25-30 пайыз болып кетеді. Е. Ибрагимнің айтуынша, ЕДБ-лардың ақпараттық технологияның мүмкіндігімен жарақтандырылуы банк­тер­дің ішкі шығынын оңтай­лан­ды­руға мүмкіндік беріп жатыр. Басқаша айтқанда, банк­тер клиент үшін емес, тиімді технология үшін күресіп жатыр. Әлемдік қаржы технологиясы инновациялық тұрғыдан ғарыштық жылдамдықпен өсіп барады. Бұл банктерге несие пайы­зын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«Мен ЕДБ-ны мемлекет ішіндегі шағын мемлекетке теңеймін. Ұлттық банк белгіленген заң шеңберінен шықпай-ақ клиент­тер базасын жаңартып алуына болады. Сон­дықтан олар ендігі жерде клиент­тер­ге бір тереземен қарау­ды до­ғару керек. Халықтың қар­жы­­лық сауаттылық деңгейіне әсер ететін фактор осы. Қаржы нары­ғын­дағы ойыншылар IT-мамандарды тартып, несие па­йызын төмендетудің мүмкіндігін қарастырып жатыр. Банктер арасында тек ақпаратты технология үшін күрес ғана емес, төлем қабілеті жоғары клиенттер үшін де күрес жүріп жатыр», дейді Е.Ибрагим.

Оның айтуынша, банктердің несие пайызының көрсеткіші – елдің экономикалық өсімінің айнасы. Ал пайыздық мөлшерлеме халықтың төлем қабілетіне сай келмесе, ондай көрсеткішті «қисық айна» деп бағалауға болады. Бірақ экономикалық көрсеткіш – мемлекет үшін іштен шыққан шұбар жылан. Оны бетің қисық немесе мүгедексің деп далаға лақтырып жіберуге болмайды.

Айналып келгенде несиенің нарықтық құны – 20 пайыз. Қазір ішкі нарықта 20 пайызбен несие беретін банктер кемде-кем. Ал жылдық өсім 25-30 пайыз болып кетеді

«Банктер мем­лекетке көмек­тес­педі деп өкпе арта алмайды. Кезінде қолдау көрсетті. Көмек­тесті. Банктер ендігі жерде тех­но­логиясының көмегімен несие пайызын клиенттердің төлем қа­бі­летіне лайықтап, әр­та­рап­тан­ды­рып, несие мәдениетін қалыптастыруы керек. Қазіргі мимырт жүріспен тағы 30 жыл жүреміз. Бес саусақ бірдей емес. Халықтың төлем қабілеті де бірдей емес», дейді Е.Ибрагим.

Қазақстандағы ЕДБ-ның бірін­де Директорлар кеңесі төраға­сының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов бізбен әңгімесінде Қазақ­стан банктері арасында клиент­тердің төлем қабілетіне бір тереземен қарау қағидасы өткен күннің еншісінде қалғанын айтып берді. Айтпақшы, бұл жобаға бұрынғы кеңес одағына қарайтын елдер арасында алғашқы болып біздің банктер тәжірибе жасаған.

«Қазір елдегі банктер несие­лен­дірудің ескі тетіктерінен саналы түрде бас тартып жатыр. Бірінші кезекте несие алу үшін банкке келген клиенттің несие тарихы зерделенеді. Мұны анықтаудың қиындығы жоқ. Бірінші несие бюросында төлем қа­білеті сын көтермейтіндер тура­лы мәліметтердің басы ашық. Ол жағынан бәрі таза болса, не­гізгі табыс көзінен бө­лек қо­сым­ша табыстарына ба­сымдық беріледі. Мұның бәрін БЖЗҚ төлемдері арқылы анық­тау­ға болады. Осы сынның бәрінен сүрінбей өткен клиент «жұл­дызды» клиент мәртебесімен пайыздық мөлшерлемесі 3 па­йыз ғана жоғары несие алады. Бұл санаттағы клиенттер үшін банк­тің қосымша шығынын екін­ші, үшінші санаттағы клиент­­тер көтереді», дейді Айдос Жұмағұлов.

А.Жұмағұловтың айтуын­ша, екінші деңгейлі клиент мәр­те­бесін банктер алдындағы қа­ры­зын уақтылы жапқан, бірақ қосымша табыс көзі аз клиенттер иеленеді. Олардың несие пайы­зы «жұлдызды» әріптестеріне қарағанда бірнеше есе төмен. Ал­ғаш­қы санаттағы клиенттер па­йыз­­дық мөлшерлемеден 3 пайыз жо­ғары пайызбен несие алса, екінші санаттағылар 5 немесе 5,5 пайызбен несие алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі 17,6 пайыз мөл­шерлемесі жағдайындағы олар­дың еншісіндегі пайыз 23,5 па­йыз болуы мүмкін. Ал соңғы са­­нат­та төлем қабілеті төмен клиент­тер алдындағы «жұл­дыз­ды» екі бәсекелестерінің несие­ тәуекелін көтереді. ЕДБ несие­сі­нің нарықтың құнымен қоса банктердің комиссиялық шы­ғын­дарын, несие тәуекелі сол үшінші санаттағы клиенттің ен­шісіне бұйырады.

«Қазақстанның қолда­ныс­та­ғы қаржы саясаты ЕДБ-ның ішкі «ас-үйіне», клиенттерді өздеріне тарту саясатына ара­лас­пайды. Бұл тәжірибені жыл­дың аяғына дейін барлық ЕДБ қолданысқа енгізеді деп үміт­тенемін. Сол кезде халық несиенің нарықтық құнын шын бағалайды. Тұтынушылардың төлем қабілетін осындай тетіктер арқылы ғана саралаймыз, баға береміз», дейді А. Жұмағұлов.

 

АЛМАТЫ