Қоғам • 16 Ақпан, 2023

Ел аудандарының 80%-ы өрттен қорғау шараларымен қамтылмай отыр

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде өрт сөндіру деполары жетіспейді. Олардың көпшілігіне 50-60 жыл болған және ол деполар жақсартуды қажет етеді. Бұл туралы Сенатор Геннадий Шиповскихтің өзінің депутаттық сауалында атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ел аудандарының 80%-ы өрттен қорғау шараларымен қамтылмай отыр

Оның айтуынша, Қазақстан аудандарының 80%-ында өртке қарсы қорғаныс жасалмаған, өйткені оларда өрт деполары жоқ.

«Мәселен, Қызылорда облысы, 2018 – 2022 жылдары аралығында Арал ауданының Сексеуіл ауылында 8 үй, ал өткен жылы тіпті 2 үй тұтастай өртеніп кеткен. Бұл аймақтың 12 мыңға жуық тұрғыны болса да ең жақын жердегі өрт сөндіру депосы шамамен 70-80 км қашықтықта Арал қаласында орналасқан. Алайда, техникалық регламентке сәйкес қалалық жерде өрт сөндіру депосы радиусы 3 км қашықтықта орналасуы қажет. Сондай-ақ қалалық жерде өрт пайда болған жағдайда, өрт сөндіру бригадасы өртке айналған аймаққа 10 минутта, ал ауылдық жерде 20 минутта жету керек», деді сенатор.

Сенатор тиісті құжаттарда өрт сөндіру бөлімін салу үшін ауылдық жерлерде тұратын адамдардың қажетті саны жазылмағанын, сондай-ақ жаңа өрт сөндіру бөлімін салу үшін ауылдық округтер арасындағы қашықтық анықталмағанын атап өтті.

«Біздің ойымызша, техникалық регламентте осындай нақтылық болмағандықтан көптеген ауылдық жерлерге өрт сөндіру деполарын салуға үлкен тосқауыл қойылып отыр. Сондықтан да еліміздің ауылдық елді-мекендерінде осы мәселені шешу үшін тиісті түзетулер енгізу қажет. Нақтырақ айтатын болсақ, жаңадан өрт сөндіру деполарын салу үшін, ауылдық округтағы қажетті тұрғындар саны, ауылдық округтар арасындағы арақашықтық нақтылануы тиіс», деді сенатор Геннадий Шиповских.