20 Маусым, 2014

Ирак қайшылық құшағында

345 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бұл елде тыныштықтың жоқтығы белгілі. Сөйтсе де «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» (ИЛИМ) тобының Найнава провинциясында бас көтеріп, елдегі екінші ірі қала Мосулды оп-оңай өз бақылауына алуы жұртты таңдандырды. Қазір бұл оқиға әлем назарында. Дубир-1Ирак басшылығы абдырап қалды. Бүкіл әлемнен көмек сұрады. БҰҰ-дан да, НАТО-дан да, АҚШ-тан да. Өз кезегінде олар да бұған мән берді. АҚШ көмек беруге уәде етті, ал НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Расмуссен өз­дерінің араласуына негіз жоқ­тығын айтты. Бұл әскери одақтың елшілері Түркия астанасында шұғыл бас қосты. Сол әлемді шулатқан оқиға­ға байыппен қарағанда, біраз жай­ды аңғарасың. Ең алды­мен Ирак басшылығының дәрмен­сіз­дігі бірден көзге шалынады. Елдің бір аймағын басып ал­ған экстремистердің саны бар-жоғы 3-5 мың адам ғана екен. Үкі­мет күштері оларға қарсылық көр­сет­пек түгілі, қаруларын тас­тап қашқан. Біршамасы оларға қосы­лып кеткен. Осылай халықтан қол­дау тапқан экстремистер ел аста­насы Бағдатты басып аламыз деп Ирак басшылығының үрейін ұшырды. Енді сол әлемді шулатқан «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» деген қандай топ, қандай ұйым, соған келейік. Бұл топ алғашында «Әл-Каидаға» кірсе, кейін одан шығып, енді алдарына Сирия және Ирак елдерінің жерінде сүнниттік халифат орнатуды мақсат ететін көрінеді. Бұған дейін Сирия жерінде әрекет еткен олар енді Ирак басшылығы мен осындағы сүнниттік азшылық арасындағы қайшылықты пайдаланып, Иракқа қарай бет бұрған. Өздерін «көтерілісші сүнниттер» деп жариялап, діндестерін өздеріне қосылуға шақырған. Бұл топты тәжірибелі дала командирі Әбубәкір әл-Бағдади басқарады. Бұларға баға бергенде, ақпарат құралдары екіге жарылады. Сирия, Ирак және Иран саясатын қолдайтындар бұларды шамалары келгенде даттап, бұл топты қаржыландырушылар, қарулан­дырушылар деп АҚШ-ты, Сауд Ара­биясы бастаған сүнниттік ба­ғыт ұстаған араб елдерін айыптайды. Негізінен, біздерге сондай ақпарат құралдарының насихаты жетіп жатыр. Қалай дегенде де, бұл қақ­ты­ғыс­­тың басталуына Ирак басшылығы, оның келеңсіз саясаты себепші деуге болар. Ел зайырлы саналғанмен, оның саясатына діннің ықпалы күшті. Елде діни шиеленіс етек алған. Үкімет басшысы Нури әл-Маликиге шииттік көпшіліктің мүддесін қорғаушы деген айып тағылуы да негізсіз емес. Дәл осы жауапты кезде халықты діни қарама-қарсылықтан сақтандыру орнына ол сүнниттерден «Бағдатты қорғауға» шақырды. Бұл шақыруға жауап ретінде шииттердің ерікті жасақтары құрылып жатыр. Қалай дегенмен, «сүнниттік көтерілісшілер» Бағдатқа қауіп төндіре қоймас. Ең алдымен ИЛИМ-нің бұған қауқары жетпес. Оның үстіне, күрдтердің  пешмерга дейтін әскери бөлімдері ұрысқа кірісіпті. Сирия әскері де шабуылын күшейткен, сондай-ақ, Иран да әскерін түсірмекке дайын көрінеді. Оған шииттердің жасақтарын қосыңыз. Оған 3-5 мыңдай жасағы бар ИЛИМ-нің қарсы тұруға шамасы келмес. Бірақ елде діни сипаты басым қақтығыс басталғаны Ирактағы қайшылықты барынша тереңдете түседі. Басқа жұртта әртүрлі діндер қатар өмір сүріп жатса, мұнда бір діндегілер тіл табыса алмайды – тұйыққа тірейтін қайшылық сонда.

Айқайшыға олжа бар

Алатаудың арғы жағындағы қырғыз ағайындардың дауысы қашан да қатты естіледі. Ел басшыларын қуып шыққан 2005 және 2010 жылдардағы төңкеріс кездерінде ғана емес, олар жай уақытта да билікке өкпелесе болды, тайлы-таяғымен айқайлап, көшеге, жолға шығады. Дубир-2Бір таңданарлығы – сол айқай­шы топтың алдыңғы шебінде ақ сақалды аталар, әсіресе, ақ кимешекті аналар жүреді. Теледидардан солардың ашулы айқайлаған бейнесін көріп, халық әбден ашынған екен-ау деп жаның күйзеледі. Жалпы, билікке қар­сылық көрсетуде қырғыз ағайын­дар басқа жұрттан асып тұр. Расында, әділеттік үшін, тіпті, болмағанда өзіне жақын идея үшін қасқайып күреске шыққандарды мақтауға да болар-ау. Қаншама уақытын сарп етеді, кейде суыққа тоңады, ыстықта шөлдейді. Өйткені, қазір бұл елде билікке қарсылық көбіне жол бойында, оны жабу арқылы жүзеге асады. Тіпті, кейбір ақпарат құралдары оны «қырғыздардың ұлттық күрес ойыны» деп те атайтын болған. Сол адамдардың әрекетін қалай бағалауға болады? Біреулеріміздің бағасын жоғарыда айттық: ерлік дейді. Екінші де бағасы бар екен. Ол ақшамен өлшенеді екен. Қазір елдің оңтүстігінде Ош облысының Алай ауданын­дағы Сопу-Коргон ауылының тұсында жергілікті халық билікке наразылығын білдіріп, Ош-Иркештам трассасын жауып тастағанына айға жуық­тады. Бұл қарсылық бұрынғы парламент спикері, қазір жемқорлығы үшін істі болып, тергеу оқшаулағышында жатқан Ахматбек Келдібековке қолдау көрсетуге арналған. Онда автожолға 15 киіз үй, 4 шатыр тігіліп, көлік өтпейтін кедергі жасалған. Жиналған жұрт аш жүрмейді, оларға тамақ беріледі. Тек тамақ қана емес, осы қарсылық акциясына қатысқаны үшін ақша да берілетін көрінеді. Біз қырғыз әріптестеріміздің жазғанына қарап айтып отырмыз. Мағлұматы бар бір кәсіпкер біраз цифрды алға тосады. Кел­ді­бековтің туыстары жол үстінде тігілген әр үйге күн сайын 20-50 доллар, осында келген көпшіліктің әрқайсысына күніне 10 доллар, оларды ертіп келген онбасы, жүзбасыларға екі есе артық төлейді екен. Жергілікті беделді қылмыскерлер, спортшылар қолдау көрсетсе, олар күніне 50 доллардан алады. Олар күрескерлерді құқық қорғау адам­дарынан қорғайды. Әйтпесе жинал­ғандарды қуып шығу қиын емес. Әсіресе, мұндай кезде ел ішінде қадірі бар көпбалалы аналардың «бағасы» жоғары екен. Сонау 2010 жылы Құрманбек Бакиевті қорғап, оның қашып кетуіне жол ашқан «батыр аналарға» күн сайын 500 долларға дейін төленіпті. Мұндай ақшаға біраз кеңірдек жыртуға болғандай-ау. Сонда бұл акцияға 300-400 шамалас аналар қатысқан көрінеді. Қазір Келдібековтің туыстары мұндай жоғары «гонорар» төлей алмаса керек. Сөйтсе де күн сайын бұл шараға 10-20 мың доллар жұмсалады дейді. Оны алғашқы 18 күнге шаққанда 180-360 мыңды құрайды. Елдің бас прокуратурасы Келдібековтің жалпы байлығын 180-200 миллион долларға бағаласа, ол мұндай шығынды көтере алады-ау. Ең қиыны – елдің, кәсіпкер­лердің шығыны. Сол Келдібековті қолдау акциясынан мемлекеттік кеден және салық қызметінің шығыны орасан. Қаншама жүк тасылмай, онан соң сатылмай жатыр. Сарапшылар әр күні 11,5 миллион сом кеден салығы алынбайды дейді, алғашқы 18 күнде – 207 миллион, оған өткізілмеген тауардан түсетін 250 миллион табыс салығын қосса, бұл ел үшін айтарлықтай ауыр шығын. Айқайдың осындай салдары бар. Ол тегін айқай емес көрінеді. Біреуге – олжа, елге – шығын. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».