20 Маусым, 2014

Қаракемерде спорт кешенінің қазығы қағылды

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMGM5577 Көршi қырғыз елiмен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қордай ауданында Қаракемер деген ауыл бар. Қаракемер жұрты бұл аймаққа кәсіпкерлікке бейімділігімен, сауда-саттыққа ептілігімен танымал. Ауыл тұрғындары жыл он екі ай жылқы байлап, Тараз, әсіресе, жақын болғандықтан Алматы қаласына ет саудалаумен айналысады. Елдің осы еңбекқорлығын, бақуатты тұрмысын, берекелі тірлігін насихаттау мақсатында қайбір жылы өңір басшылығы Қаракемерге облыстың барлық ауыл, аудан әкімдерін жиып, осындағы игілікті істерді үлгі еткен-ді. Міне, осы үлгілі ауылда жақында тағы бір үлкен тірліктің тұсауы кесілді. «Отау строй» ЖШС президенті, осы ауылдың түлегі Қайрат Молдасейітов мектеп жанынан үлкен спорт кешенінің құрылысын бастады. Бұл, әрине, Қайрат Құсейінұлының туған ауылы, білім алған қасиетті шаңырағы мен ұстаздарына, жалпы жерлестеріне деген құрметі, тағзымы, ыстық ықыласы екені айдан анық. «Бай болсаң, еліңе пайдаң тисін» деген, бизнес әлемінде көптеген биіктерді бағындырып, оңды тірліктерімен танылған «Отау-строй»-ды ел бір жағы қайырымды істерімен де жақсы біледі. Бұған дейін осы компания өз демеушілігімен Ер Түріктің бесігі – киелі Түркістанда 16 пәтерлік үйдің құрылыс салынып, 16-сының да кілтін тұрмысы төмен, мүгедек жандарға табыс еткенін, одан бөлек дәл осы қасиетті қалада мүгедек балаларды оңалту орталығын да өз қаржыларына салып, пайдалануға бергенін, Шымкент қаласында да бірқатар игілікті істер атқарғанын ақпарат құралдары жазған болатын. Сондай-ақ, Қайрат Молдасейітов осыдан екі-үш жыл бұрын Қаракемерге 100 орындық балабақша мен мешіт, емхана салып беріп, туған ауылының алғысын алған-ды. «Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан мемлекет негізінен өз жолынан өтті, тұтастай алғанда, өзінің осы функциясын тиімді орындады. Енді – кезек бизнестікі...», деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осы тұрғыдан келгенде «Отау-строй» ЖШС Елбасы аманатына адалдық танытып жүрген мекеме екенін мойындауымыз керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында қазығы қағылған бұл спорт кешенінің ауылдың дамуына және жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға қосар үлесі зор. «Елімізде спорт инфрақұрылымдарының тұрақты өсу үрдісі байқалғанымен, әлі де ауылдық жерлерде спорт ғимараттарының саны жеткіліксіз болып тұрғаны жасырын емес. Спорттағы мықтылардың көпшілігі ауылдан шыққан ғой. Спорт адамға ұстамды мінез береді. Сондықтан құрылысы келесі жылдың күзінде аяқталып, пайдалануға берілетін бұл кешен балаларды ептілікке ғана баулып қана қоймай, жақсы тәлім-тәрбие беретін орталық болуы тиіс. Бұл шаңырақтан болашақта олимпиада чемпиондарының, еліміздің мықты азаматтарының шықпасына кім кепіл?» – дейді бұл жөнінде Қ. Молдасейітов. Жақсы тірлік жұғысты келеді екен. Қайрат Молдасейітовтің осы тірлігі Қаракемерде туып-өскен бірқатар бақуатты жігіттерге түрткі болып, алдағы уақытта ауылдың кіреберісіне үлкен қақпа қойып, бірқатар көшелерді жөндеп, мүмкін болса саз мектебін ашуға ой тастады. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЕВ.