17 ақпанда 21 жастан асқандар арасында финалдық белдесулер өтті. Ересектер құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.
Батыс Қазақстан облысының спортшысы Руслан Әбдірахманов (52,2 келіге дейін) финалдық кездесуде Бахрейн Корольдігінің атынан шыққан Магомед Шейховпен кездесті. Жекпе-жек бойы үстемдік бір жауынгерден екіншісіне өтті. Төрешілер бірауыз шешімге келе алмай, сонда да жеңіс Шейховқа берілді. Руслан Әбдірахманов күміс жүлдегер атанды.
83,9 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүрген Жетісу өңірінің тумасы Жақсыбек Аймаханов та Бахрейндік спортшыдан жеңілді. Ол Сұлтан Омаровтың қылқындыру әдісіне түсіп, ММА бойынша вице-чемпион атанды.
Батыс Қазақстан облысы өкілі аса ауыр салмақтағы Расул Хатаев ММА бойынша әлем чемпионы атанды. Ол Ангола спортшысы Хельдер Мануэльге жеңіске жеті үшін бір де мүмкіндік қалдырған жоқ. Ол бірінші раундта өкшесіне ауырту тәсілін қолданып, жекпе-жекті уақытынан ерте аяқтап тастады.
Қола жүлдегерлер:
52,2 келіге дейін - Ерұлан Қабдулов (Атырау облысы)
77,1 келіге дейін - Досжан Кенжебаев (Алматы облысы)
93 келіге дейін - Алик Домнич (Астана)
120,2 келіден аса - Талғат Жиентаев (Қостанай облысы)
ММА бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық септе екінші орын алды.