Бүгін елорданың Конгресс орталығында Tartyl Fest республикалық турнирі гранд-финалының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
9 санат бойынша сынға түскен спортшылардың ішінде ең үздік өнер көрсеткен Мансұр Уалиев, Егор Ногин, Ілияс Мұкышев, Айбат Қапанов, Руслан Фатахов, Евгений Созончук, Руслан Касманов, Евгений Нам және Виталий Бибиков 3 млн теңге көлемінде сыйақы алды.
Екінші орынды Айдос Сүйіндік, Нұрхат Тілеулиев, Радмир Темірболат, Никита Олейник, Ислам Береханов, Рамиль Әбішев, Андрей Антонянц, Илья Иванов және Валентин Жуков иеленді. Олар 2 млн теңгеден алды.
Үшінші орын мен 1 млн теңгелік сыйақыға Данил Ещенко, Аслан Баубеков, Наиль Иминов, Ерхан Майоров, Алмас Сапар, Тимур Андреев, Дамир Нәбиев, Олег Гурский және Арман Жамалиев ие болды.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Евгений Нам 52 рет тартылып, рекорд орнатқан.
«Мақсатым өз рекордымды жаңарту еді. Бұл гранд-финалға ұзақ дайындалдым. Әрине, әр спортшы өз рекордын жаңарту үшін тер төгеді. Менің бүгінгі мақсатым сол болды, яғни өз-өзіммен жарыстым», дейді атлет.
Марапаттау рәсімінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов аталмыш турнир жыл сайын өткізілетінін атап өтті.
«Бұқаралық спорт түрлерін дамыту – біздің негізгі мақсатымыз, міндетіміз. Мемлекет басышсы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен елімізде тұңғыш рет, елорданың төрінде Tartyl Fest атты спорт мерекесі өтті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырушы комитетпен бірлесіп бұл жобаны міндетті түрде жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдырады деген ұсыныс білдіргім келіп отыр. Болашақта бұл жобаны қолдай отырып, бұқаралық спорт түріне мыңдаған жасөпірім келеді деп сенеміз», деді министр Tartyl Fest қорытындысын шығарып.