Әдебиет • 20 Ақпан, 2023

«Мен өлмеймін, менікі де өлмейді...»

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Мен өлмеймін, менікі де өлмейді...»

«Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?» деген өлеңінде Мағжан өлім туралы «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді...» деп айтқан ғой. «Мен» мен «менікі» туралы ұлы Абай «Көк тұман – алдындағы келер заман» өлеңінде: 

«Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі»,

десе Мағжан «менікінің» де өлмейтінін айтқан екен. Шынында Абай, Мағжан сияқты ақындардың туған халқы барда «менікісі» өлер ме? Ғажап сөз­дері, ғасырларға жететін даналығы ұмытылар ма? Керісінше олар жаңа оймен, жаңа сезіммен, жаңа таныммен жаңғырып, жетіле бермей ме? Осы сөз­дің растығын кеше Мағжанның 130 жылдығына арналған Қызылжардағы республикалық жазба ақындар мүшәйрасы дәлелдеп берді. «Мен өлмей­мін, менікі де өлмейді» атты бұл мүшәйраға еліміз­дің түкпір-түкпірінен 20 мен 50 жас аралығын­­­да­ғы 90 адам қатысты. Олар­­дың ішінен 9-ы іріктеліп, Мағжан Жұмабаев атын­дағы тұңғыш әдеби сыйлықтың лауреаттары атанып, 300 мың теңгеден сыйлық алды. Мағжан үнін бүгінге жалғастырушылар қатарында Астана қаласынан Танакөз Толқынқызы, Бауыржан Қарағызұлы, Алматы қаласынан Бағдат Мүбәрак, Абай облысынан Мерей Қарт, Ақмола облысынан Қуаныш Оспанов, Қостанай облысынан Абылай Мауданов, Шымкенттен Арайлым Мұратәлиева, Қызылжар өңірінен Аманжол Зағыпар мен Нұргүл Оқашева жеңімпаз деп танылды. 90 адамның арасынан 9 ақынды таңдап алу Қазақстан Жазушылар одағының Ұлықбек Есдәулет, осы ұйымның Арқадағы алты облысының кураторы Дәулеткерей Кәпұлы және әділқазылар алқасының үшінші мүшесі болған осы жолдардың авторына оңай болған жоқ. 

«От болып туған жасын едің ғой!

Өмірге шексіз ғашық едің ғой!

Адамзат түгіл замманнан озған

Өшпейтін алтын ғасыр едің ғой.

Ар менен ұят – қазығың болды!

Махаббат – жалғыз азығың болды.

Қазақты сүйдің, айыбың – осы!

Сол сенің жалғыз жазығың болды!»

(Танакөз Толқынқызы)

деген сияқты соны пікірлі жолдарды әрбір ақынның өлеңдерінен табуға болатын.

Іс-шара аясында жүлделі болған ақындармен М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да, М.Жұмабаев атын­дағы гуманитарлық колледжде, Абай атын­дағы ма­мандандырылған қазақ мектеп-гимназия­сында және  Назарбаев зияткерлік мектебінде шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды.

 

Петропавл