21 Маусым, 2014

Сабақтастық идеясы

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы Әміржан Әлпейісовтің «Жас тұлпарлар дүбірі» атты шығармашылық кеші өтті. Мәдениет министрлігінің ұйым­дасты­руымен өткен кеш «Азаттық аңсаған Сары­арқа» атты деректі фильммен ашылып, қаламгер шығармашылы­ғы қамтылған бейнекөрініс ұсынылды. Шараға Астананың зиялы қауым өкіл­дері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің оқыту­­­шы­лары, Ақмола облысы ішкі істер департа­мен­тінің тыңдаушылары, т.б. қатысты. Кеш барысында Мемлекет тарихы институты директоры, тарих ғылымдарының докторы, Бүркітбай Аяған, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Сабыр Қасымов, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің кафедра меңгерушісі Ғаділбек Шалах­метов жинаққа оң баға беріп, автор шығармашылығына табыс тіледі. Көрсетілім арқылы «Мұхтар Әуезов» қорының президенті Мұрат Әуезовтің жазушы еңбектері туралы айтқан сырларына қанықтық. «Біз тәуелсіздік туралы көп айтамыз. Ал енді «Біздің елімізде сол тәуелсіздікке ұмтылған қандай қозғалыстар мен күштер болды?» деген сауалға осы кітап толығымен жауап бере алады», – деді Мұрат Мұхтарұлы өткен кезеңдерді кейінгі жастарға өнеге ете беру керектігін мегзеп. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов ел егемендігінің тарихи белестеріне тоқтала келіп: «Азаттық деген нәрсе бар-жоғы бір-екі адамның қайрат­­­керлігімен, күрескерлігімен келе салмайды. Тәуелсіздік дегеніміз бүкіл халықтың, көптің, елдің біртұтас еңбе­гінің арқасында нығаятын байлық» деген тұжырымды алға тартты. Шара соңында жазушы Әміржан Әлпейі­сов: «Қазір адам өзінің бүгіні мен ертеңін қатар ойлануға тиіс. Болашақтың негізі бү­гінгі іс-әрекетіңнен қаланады», – дей келіп, оқырман қауымға өз атынан зор алғыс білдірді. Мақпал ТӨРЕБЕК. АСТАНА.