Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған бір топ депутат ресми сапармен Финляндия астанасы Хельсинкиге келді. Қазақстандық делегация алдымен Суоми елін әлемге танытқан озық инновациялық технологиямен, жетекші өндіріс орындарымен, олардың шығаратын алдыңғы қатарлы өнімдерімен танысты.
Бүгінде Қазақстан мен Финляндия арасындағы көптеген саладағы байланыстар қарқынды дамып келеді. Соның ішінде біздің ел үшін Финляндиядан алатын, үйренетін тәжірибе өте көп. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің бюро отырысында Елбасы тәуелсіз Қазақстан өзінің бастапқы даму жолында “оңтүстік-шығыс жолбарыстарынан” үйренгенін және дұрыс жолды таңдағанын, олардың стратегиялық жоспарды құрғанымыздай өркендегенімізді, біздің бұл кезеңнен өткенімізді, енді Финляндиядан үйрену керектігін және алға озуды мақсат тұтуымыз қажет екенін айтқан болатын. Бұл орайда біздің еліміз Финляндияны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптес ретінде қарастырады. Өйткені, бәсекеге қабілетті өнім шығаруда, ұлттық экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруда алдыңғы қатарлы технологиялармен қамтамасыз етілген бұл елдің тәжірибесінің қажеттілігі айқындалып отыр. Соның ішінде Қазақстан Финляндияны өзінің сыртқы саяси бастамаларына қолдау білдіргені үшін жоғары бағалайды. Дегенмен, өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсу мақсатында екі ел де арада барлық бағыттар бойынша екіжақты қарым-қатынастың дамуына мүдделі. Әсіресе, парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерінің маңызы зор. Міне, осы орайда сауда-саттық, инновацияны қолдау, жоғары технологияны игеру барысында тәжірибе бөлісу екі жақты байланысты барынша дамыта түседі.
Елбасы Қазақстан Финляндиядан жоғары сапалы білім беру стандарттары, ғылыми зерттеулерге бәсекелестік жағдайларында қаржы бөлу салаларында, келешектің ұлттық инфрақұрылымы, мемлекеттің бірлігін күшейтуде, ғылым мен кәсіпкерлікті дамытуда үйренетін істер баршылық екенін айтты. Осыған орай Қазақстан Парламенті Мәжілісінің делегациясы “Sіtra” фин инновациялық-технологиялық қорының қызметімен танысты. Осы қордың қоғамдық байланыстар жөніндегі директоры Теппо Турккидің айтуынша, Sіtra тәуелсіз мемлекеттік қорының негізгі мақсаты ел экономикасын құрылымдық өзгерту арқылы әлемдік рынокта Финляндияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Бірақ, біз үшін “тәуелсіз” және “мемлекеттік” деген сөздердің қосыла айтылуы танданыс туғызғандықтан, оның сыры Теппо Турккидің түсіндіруінше, Sіtra қоры министрлер мен мемлекеттік агенттіктерге емес, тікелей ел парламентіне бағынышты болуында көрінеді. Өйткені, Парламенттік бақылау кеңесі Sіtra директорлар кеңесінің мүшелерін тағайындайды екен. Қазір оның құрамына үш – қаржы, экономикалық даму, білім министрінің орынбасарлары және Турку экономика мектебінің профессоры, заң мектебінің профессоры және Sіtra директоры кіреді.
Бүгінгі таңда қор капиталы 126 млн. еуроны құрайды. Аталған қордың негізі 1967 жылы Финляндия банкінің бөлімшесі ретінде 100 млн. фин маркасы капиталымен қаланған екен. Сонан өзінің алғашқы 15 жылы ішінде тек ғылыми-зерттеу қызметін ғана қаржыландырып отырған. Ал 1983 жылы бұл міндетті технология және инновация жөніндегі TEKES фин агенттік қоры мойнына алып, Sіtra болса, венчурлік үлгі бойынша дами бастаған. Сөйтіп, ол жылдары Sіtra қоры болашағы бар бизнес жобалар үшін өзіне 100 пайыз инвестиция алған. Қазір Финляндияда венчурлік қаржыландыру өзіндік индустрияға айналып дамыған кезде жобалардағы Sіtra қорының үлесі шамамен 10 пайызды құрайды. Түсінікті болуы үшін айта кетейік, венчурлік қор дегеніміз тек инновациялық кәсіпорындармен және жобалармен ғана жұмыс істейтін инвестициялық компания болып табылады. Аталған қорлар инвестицияны бағалы қағаздарға немесе тәуекелі жоғары кәсіпорындарға төтенше жоғары пайда күту аясында салуды қамтамасыз етеді. Сондықтан да мұндай салымдар жоғары технологиялар, жаңа ғылыми жасалымдар саласында жүзеге асырылады. Сонда әлгі жобалардың 70-80 пайызының қайтарымы болмаса да, қалған 20-30 пайызы барлық шығынды жабады екен.
“Sіtra” фин инновациялық-технологиялық қорының қызметімен танысқаннан кейін қазақстандық делегация Хельсинки қаласынан 38 шақырым қашықтықта жатқан Ярвенпяя қаласындағы “Honkarakenne Ltd” АҚ-қа келді. Фин “Хонка” концерні әлемнің 30 елінде өзінің ресми өкілдігі бар ағаш үйлерді жасайтын әлемдегі жетекші өндіріс болып табылады. Олай дейтініміз, осындағы адамдардың айтуынша, аталған компания әлемдік ағаш үйлер индустриясында жарты ғасыр бойына көш бастап келеді екен. Ол барлық үдерісті бастан-аяқ – жобалаудан және концерннің өзіндік зауыттарында өндіруден интерьерлік шешімді жүзеге асыру мен үйлерге кепілдік қызмет көрсетуге дейін құрылысты кешенді түрде жүргізеді. Міне, сондықтан да қазіргі уақытта мұнда “Хонка” атауы қала маңындағы жайлы үйлердің символына айналыпты. Оның шығарған үйлерінің сапасына сын айту мүмкін емес. Бірақ ол үйлердің құны да затына сай шарықтап тұр.
Дегенмен, соған қарамастан, әлемнің елу еліндегі жетпіс мыңнан астам отбасы қала маңындағы лайықты үйлерде тұру үшін “Хонканы” ғана таңдапты. Сондықтан да болса керек, дүние жүзіндегі ағаш үйлерді шығаратын өндірісшілер арасында “Хонка” концерні өздерінің өнімдеріне еуропалық сапа стандартын анықтайтын “СЕ” белгісін тағу құқығын бірінші болып алыпты. 2000 жылдан бастап “Хонканың” коттедждік нұсқалары ТМД елдерінде де төбе көрсете бастаған.
Бұдан кейін Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация Финляндия астанасының іргесіндегі Эспоо қаласына атбасын тіреді. Онда өнімін дүние жүзінің халқы қолданатын, әлем танып, мойындаған “Nokіa” концернінің бас кеңсесі орналасыпты. Nokіa корпорациясы ықшам терминалдармен (классикалық ықшам телефондар, Nserіes шағын компьютерлері, бизнес-пайдаланушыларға арналған Eserіes аппараттары) қатар, ұялы және тұрақты байланыс операторлары үшін (Networks бөлімшесі) жабдықтар шығарады.
Бұдан кейін қазақстандық топқа таныстырылған қызметі мен тәжірибесінде үлгі аларлық мәні бар TelіaSonera телекоммуникациялық компаниясы болды. Ол анау-мынау емес, Швейцария мен Финляндияның ұялы байланыс рыногындағы көшбастаушы екен. Штаб-пәтері Швецияның астанасы – Стокгольмде орналасқан. Аталған компания сонау 2002 жылы финдік Sonera-ның шведтік Telіa-ға қосылуы нәтижесінде пайда болған.
Аталған орындарды аралап, қызметімен кеңінен танысып шыққан Орал Мұхамеджанов бүгін Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюненмен, ел Премьер-министрі Матти Ванханенмен және Білім министрі Хенно Вирккуненмен кездеседі деп күтілуде.
Александр ТАСБОЛАТОВ – Хельсинкиден.