Халқымыздың көрнекті ағартушы-ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Бағып-қағуда көп мағына бар» деген шағын әңгімесін оқымаған қазақ жоқ шығар. Көлемі жағынан шағын болғанмен үлкен мәселені қозғап, ұрпақ тәрбиесіндегі зор жауапкершілікті сезіндіріп, сондай-ақ, баланың ата-ана тілін алуы қажеттігін үйретіп тұратын әңгіме маңызын ешқашан жоймақ емес. «Үміт еткен көзінің нұры – баласының» амандығымен бірге көңілді болып, қатарынан кем қалмай күліп-ойнап, сапалы білім алуын мақсат етпейтін ата-ана жоқ. Түптеп келгенде, ұрпақ – ұлт болашағы екенін ескерсек, бұл ұлттық мәселе!
Осы орайда Қазақстан балаларының демалыс мезгілдерінде жақсы демалып, ойын ойнап, сауығып, әрі білім алуы мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Елбасы тапсырмасымен ашылған сұлу Көкшедегі әйгілі Бурабай бауырындағы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы еліміздегі бірден-бір орталық ретінде баршаға мәлім. Кеңес кезінде оқу озаты болған үлгілі, өнерлі, белсенді балалар баратын «Артек» лагері сынды тәуелсіз еліміздің «Балдәуреніне» бару әр бала үшін арман-қиял. Жазғы мезгілде барып қызыққа қаныққан балалар да, жылдың өзге мезгілдерінде «Балдәуренде» білім алып, дертінен сауыққан сырқат балалар мен мүжәлсіз отбасы перзенттері де аталмыш лагерьге екінші рет қайтып барғысы-ақ келеді. Бірақ, мемлекеттік квотаға сай 16 ауысымның әрқайсысында 300-ге тарта оқушыны қабылдай алатын «Балдәурен» балдырғандардың бұл қалауын түсінсе де, орындай алмай жатады. Республиканың түкпір-түкпірінен жиылған балалардың күміс күлкісіне шомып жататын орталықта арнайы дайындықтан өткен топ жетекшілері түрлі ойындар ойнатып, ән-тақпақ жаттатып, өз істеріне беріле қызмет ететінін де еститінбіз. Осы Бурабайдағы орталықтың педагогикалық жүйесі, оқушыларға тәлім-тәрбие берудегі ерекшеліктері мен топ жетекшілерінің белсенділігімен танысудың сәті түсті. Бірақ, Көкшенің Бурабайынан емес... Маңғыстаудың Кендірлісінен!
Жыл сайын Жаңаөзендегі 4000-ға жуық балаға республиканың әр аймағына және Қырымға демалу үшін жолдама беретін «Өзенмұнайгаз» АҚ 200-ге жуық мұнайшы балаларын «Балдәуренге» жібереді. Кендірлі туристік аймағынан Маңғыстау мұнайының 100 жылдығына орай ашқан «Ақбөбек» балалар демалыс орталығы жазғы демалыс мезгілінде балаларды қабылдағанмен, жылдың өзге маусымдарында бос. Істі беріле жасап, нәтижеге қол жеткізу үшін жаны қалмай іздене жұмыстанатын жандар мен өз ісін жетік білетін бесаспап мамандар болмаса, не нәрсенің де аяғына тұсау түсуі, тіпті, тұралауы да түк емес екен. Алғашында Кендірлідегі демалушылар мен жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету жауапкершілігіндегі мекеме, одан кейін өңірдегі гуманитарлық арнаулы оқу орнының студенттері қолға алған орталық жұмысы көңілдегідей өрбіген жоқ. Бұл балалардың демалысын лайықты ұйымдастыра білетін кәнігі мамандарды іздеу қажеттігін алға тартты. Қолда барды ұқсатып, тәлім-тәрбие, демалыс-сауықтыру ісімен айналысатын лагерь, орталықтар арасынан «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың таңдауы «Балдәуренге» түсіпті. Көкшенің төріндегі балалар орталығының кәрі Каспий жағалауындағы Кендірліге келіп, «Ақбөбектің» бұйдасын қолға алуы осыдан екен.
– Сулы, нулы жерден келгендіктен болар, біз алғашында шақырайған күн астындағы жалаң далаға жатырқай қарадық. Бірақ, біздің жұмысымыз барынша жауапты, мойнымызда балалардың демалысын мазмұнды ұйымдастыру міндеті тұр. 6 топ жетекшісі, 1 спорт нұсқаушысы болып іске кірісіп кеттік. Қазір алғашқы ауысымда көпшілігі Жаңаөзен қаласы мен Жетібай кентінен жиылған мұнайшылардың 7 және 14 жас аралығындағы 200-ден астам ұл мен қызы демалуда. Ойын ойнатып, түрлі ән, өлең үйретіп, жаттығулар жасатуға ысылған «Балдәуреннің» топ жетекшілері бірқатар жаңаөзендік жас мамандар мен студенттерді үйретуде, – дейді «Ақбөбек» балаларды сауықтыру орталығының директоры Жангелді Әмірғалиев.
Күніне екі рет топ жетекшілері мен спорт нұсқаушыларының бастауымен құмдақ жағалауға қаздың балапандарындай тізіліп барып, теңізге түсіп, бос уақыттарында домбыра тартып, шахмат ойнап мәре-сәре болған балаларды сөзге тарттық. «Бұрын лагерьге барған жоқ едім, сондықтан ба, келгелі үйімді сағынып бір-ақ рет жыладым. Бірақ, мұнда маған ұнайды, тамақ дәмді, ағай-апайлар мейірімді. Жаңа достар таптым», дейді жетібайлық 8 жасар Рамила есімді оқушы қыз.
«Балдәурен» зор істі қолға алды. Ойда мақсат-меже де, жоспар-жоба да көп. Әзірге патриоттық бағытта алғашқы ауысым балаларын қабылдаған олар екінші кезекте ойын бағытын тақырып етпек. Жыл бойы балалармен жұмыс жүргізетін «Балдәуреннің» жақсы дәстүрі, педагогикалық-әдістемелік жүйесі «Ақбөбек» аясында толық жүзеге асады ма деген сауал туындаған еді, сөйтсек, бұл «Балдәурен» басшылығының «жүзеге асырсам» деген көкейіндегі көп істердің бірі екен. «Жазда, сірә лагерь, күз бен қыста, көктемде аз қамтылған отбасы балаларын қамдап, науқас балдырғандарға қамқор қолын созса – жақсы-ақ екен» дестік. Туристік кластерді дамытуға мүмкіндігі мол Кендірлі аймағындағы 1200 орындық «Ақбөбек» ғимаратының бос тұрмай, халық, ұрпақ игілігіне жарағаны жөн ғой.
Қызу дайындалған балалар мен топ жетекшілері зәулім сахнада алғашқы ауысымның ашылу салтанатын өткізді. Балалар мейрамына «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры М.Төлепбай, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары И.Сағынбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылары, сондай-ақ, осы идеяның бастамашысы болған азаматтар қатысты. «Балдәуреннен» баласы сауығып оралған ата-аналар да осыннан табылып, «Ақбөбек» болашағынан үміт күтетіндіктерін айтып жатты.
Танымал қазақ әншілері А.Қалаубаева, Д.Таңатаров, А.Кішкенбаевтар ән салғанда қосыла кетіп, бұрала билеген балалардың жүзінен шаттықтың, қуаныштың лебі аңғарылады. Иә, олар тәуелсіз елдің аялы алақанында өсіп келе жатқан бәйшешек-ғұмырлар, ертеңгі бәйтерек-тұлғалар... Оларға жасалған жақсылық, оларға бөлінген көңіл мен берілген қолдау – болашақтың қамы. Ендеше, үлкен істің басы-қасындағы азаматтарға қалайша риза болмассың!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.