Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр сағасында қоныстанған Көпбірлік ауылы көпке мәлім. Мұндағы тұрғындардың негізгі тіршілігі – балық шаруашылығы. Кезінде атақты Киров балық колхозы болған. Округтің аты да өзіне сай, Қызылбалық ауылдық округі деп аталады. Заман қанша құбылса да ауылдағы ағайын іргедегі Балқаш көлінен ризығын тауып отыр. Әрине, бәрі бала-шағаның қамы үшін. Сондықтан ағайынның айтар әңгімесі – балықтың жыры. Сол топырақтың перзенті, журналист Ришат Тұрғанбай осы мәселені айтып та, жазып та жүр. Бірақ естір құлақ қайсы? Бүгін сол азамат бізге де қолқа салды.
– Кеңес заманында аталған ауыл балық аулаудан алдыңғы қатарда болып, талай мәрте өкіметтің жоспарын орындап, озат балықшыларымен мақтанатын. Ол кезде ауылда 9 бригада, 18 моторлы қайық бар еді. Өкінішке қарай, қазір оның бірі де жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы тоқырауға түскен Көпбірлік ауылы содан бергі кезеңде қолда бардың барлығынан айырылды. Жеке кәсіпкерлік, кооператив құрамыз деген желеумен сырттан келген азаматтар ауылдағы барды ұқсатамыз, көркейтеміз деген-ді. Алайда ауылдағы бар техниканы сатып, айрандай ұйып отырған ауылдың берекесін қашырды. Дамытамыз дегені бос сөз болып, тоз-тозын шығарды, – дейді Р.Тұрғанбай.
Жасыратыны жоқ, ауыл сол қалпында, ажары кетпеген. Тек, тұрғындарының көңілі алаңға толы. Төрт ауылдан жиылған ағайынның базынасын естіп, біздің де жүрегіміз ауырды. Ауылдағылардың айтарына құлақ түрдік, жанайқайын естідік. Өзен жағалап отырып, өзегі талған халықтың мәселесіне үңілдік. Көпбірлік ауылындағы жиылған жұрттың негізгі шағымы – күнкөріс мәселесі. Басында айтқанымыздай, мұндағылардың негізгі тіршілігі – балық аулау. Одан басқа жұмыс жоқ. Осы орайда балықшы қауым бүгінгі күнге дейін қашып-пысып жүріп, заңсыз балық аулап келді. Олардың арнайы тіркеліп заңды балық аулауына ешқандай мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар ау-құралдарына да заңмен тыйым салынған. Күнкөрістің басқа амалы қалмағасын, қара қазан, сары баланың қамы үшін рұқсатсыз балық аулауға мәжбүр болып жүргендерді соңғы кездері табиғатты қорғау полициясы тырп еткізбеуге айналыпты. Шетінен ұстап, қылмыстық іс қозғап, шырылдатады. Бүгінгі күнге дейін бірнеше балықшыны қылмыстық жауапкершілікке тартып, істері сотқа жөнелтіпті. Ашынған халық не істерін білмей отыр.
– Мен Байшегір ауылының тұрғынымын, екі баламды Бағлан деген жігіт ұстап алып, қылмыстық іске тартты. Әрине, оның істеп отырған ісі заңды, табиғатты қорғап, өз жұмысын атқарып отыр. Бірақ ауыл тұрғындарының басқа жұмысы жоқ. Қайтіп күн көреді? Ұры-қары секілді заң қызметкерлерінен қашып жүріп, балық аулауға шығады. Байлыққа белшесінен батып жатқан ешкім жоқ, барлығы да бала-шағасын асыраудың қамы. Олар айыппұл салса бір жөн, бас салып, қылмыстық іс қозғағаны бізді қатты алаңдатады. Барлығының бала-шағасы бар, олардың ертеңгі болашағы не болады? Әкелері балық аулап сотталған балалар ертең жұмысқа да орналаса алмайды. Бұлай жалғаса берсе, бүтін ауыл сотталып шығады. Енді бұлар қайда барады? Бізге осы мәселені шешіп берсе, біз заңды балықшы деген атқа ие болып, рұқсат қағазымызбен балық ауласақ. Осыны жоғары жаққа жеткізіңіздер деген тілекпен сіздерді шақырдық, – дейді Түгелбай Әрін.
Рас, қарап тұрсақ ауылда басқа жұмыс жоқ. Олар екі қолға бір күректі қайдан тауып, бала-шағасын қалай асырайды? Заңды тіркелетін мекеме де жоқ. Ұстағанын қылмысқа тарта берсе, ауылда таза адам қалмайтыны анық. Заң талабын орындаймыз деп елдің бәрін қылмыскер атандыру жергілікті жұртты ашындыру емес пе деген сауал туады. Онсыз да титықтап отырған ауыл тұрғындары ашынып кетіпті. Ашынған халық заң қызметкерінің жағасына жармасып, бірі жазым, екіншісі жалалы болса, арты жақсылыққа апармасы анық. Осы жағы өте қауіпті. Бір адамды басарсың, төрт ауылдың адамын тоқтату қиын. Осының алдын алып, ауылдағы ағайынның талабына құлақ асқан жөн болар. Осындай әңгіменің тиегін ағытқан тұрғындардың ішінен тағы бір ағамыз ұсынысын айтты.
– Біздің құрып отырған ауымыз Қытайда шығарылған. Ел арасында «қытай сеткісі» деп аталады. Бұл ау-құралмен балық аулауға рұқсат жоқ. Негізінен рұқсат етілген жібек жіптен тігілген ау-құрал Қазақстанда шығарылмайды. Ресей мемлекетінен келеді. Амалсыздан осы «қытай сеткісін» пайдалануға мәжбүрміз. Егер мемлекеттен оған тыйым салынса неге еліміздің нарығында еркін сатылады? Бұл да қылмыстық жолмен елге келіп жатыр емес пе? Рұқсат етілген құрал болса, заңсыз дүниені тұтынып неміз бар. Жоқ болғасын аламыз. Осы мәселені де шешіп берсе. Бүгінгі аулап жүрген құралымызбен балық инспекциясы, табиғатты қорғау полициясының қолына түсеміз, олар қылмысқа тартады. Біз заңнан қашпаймыз, ол құралдың зиян екенін жақсы білеміз. Елімізде жібек жіптен тоқылған ау-құрал шығаратын кәсіпорын ашылғанша осы құралмен балық аулауға рұқсат берсе деген ұсынысымыз бар, – дейді Мұратхан Құдайбергенұлы.
Шынымен де ел аузында «қытай сеткісі» деп аталатын құрал өте зиян. Оған 2004 жылы Үкіметтің қаулысымен тыйым салынған. Бірақ сол кезде рұқсат етілген ау-құралдың жоқтығын неге ескермеген деген сауал туады. Екінші мәселе, Үкімет тыйым салса, нарықта неге еркін саудаланады? Кеденнен неге өткізіледі? Осы жағы да беймәлім. Жоғарғы басшылық мұны ескеруі керек деп санаймыз және балықшы қауымның ұсынысына құлақ асқандары дұрыс. Тіпті уақытша болса да, полимитті ау-құралын қолдана берсе деген өтінішті біз де айтқымыз келеді. Осы тұста сөз алған Еркін Қыдырбекұлы басты себептің бірін айтты:
– Әкем де, атам да балықшы болған. Мына тұрған азаматтардың барлығының ата-бабасы балық аулаған. Біз басқа кәсіптің ыңғайын білмеуіміз мүмкін, балықтың жағдайын жақсы білеміз. Сондықтан да атакәсіптің иесі атанып отырмыз. Біздің заңсыз балықшы атануымыздың басты себептерінің бірі – көлден балық аулау үшін белгіленген учаске алуға қол жеткізе алмауымыз. Өкінішке қарай ол мүмкін емес. Неге? Өйткені барлығы аукцион арқылы өтеді. Бәссауданың бастапқы төлемі 1 млн теңгеден басталады. Кім көп береді, сол ұтады. Бізде ондай қаражат жоқ. Мұнымен қоса бүгінгі күнге дейін Қаратал ауданына жататын учаскелерде бірде-бір аукцион өткен жоқ. Оның себебін білмеймін, өтетін болса сырттағы адамдар ұтады. Көлден бір телім алған адам бар болғаны 10 адамды жұмыспен қамтиды, қалғандары тағы да сол браконьер атанып жүре береді. Осы жағдайды да ескерсе. Табиғат байлығының барлығы сол елде тұрып жатқан халықтың игілігіне жаратылу керек. Барлығын заңды етіп шешіп берсе, біз де заң талабына сай салығымызды төлеп, жұмыс істегіміз келеді. Жаңадан тағайындалған Қаратал ауданының әкімі іскер азамат екенін аңғардық. Елге келіп, ауыл халқымен кездесу өткізді, ол жерде де ұсынысымызды жеткіздік. Әрине, бір ғана ол кісінің қолынан келетін іс емес, дегенмен де жоғары жаққа жеткізсе дейміз. Балықшылардың көлге шығуы қиындап кеткен болатын. Көлдің аузы бітеліп, көліктің өтуіне кедергі келтірген. Мұны естіген Ұлан Әлдибекұлы арнайы техника жіберіп, қазір қазу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көмегіне балықшылар атынан алғысымызды айта отырып, біздің тілекке де назар аударса. Қашанғы браконьер деген атпен қашып жүреміз. Жоғары облыстық, республикалық басшылыққа жеткізсеңіздер деп өтініп тұрмыз, – деді Е.Қыдырбекұлы.
Жалпы аукцион дегеніміз – карта ойыны секілді. Оған қарапайым балықшының шамасы жетпейді. Тапқаны тиын балықшылардың аукционға қатысуға қауқары жоқ. 2014 жылға дейін конкурс арқылы берілген. Кейін өзгеріс еніп, осындай болды. Оның үстіне бәссаудаға қатысудың арнайы талаптары бар. Қатысушының үлкен тоңазытқышы, үлкен моторлы қайықтары болуы шарт. Тағы да сол шырылдайтын қарапайым ауыл тұрғыны. Ашынатындай-ақ бар, жалғыз кәсібінен айырылып қалғалы отыр. Заңды аттап басуға мәжбүр, егер арнайы мемлекет тарапынан қолдау болмаса бұл істің түбі шимайлана бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылға көңіл бөлуді тапсырған еді, ендеше алыстағы ағайынның жайын неге ескермеске?
Жетісу облысы