Аудандық ауруханада қарапайым медбике болып жұмысын істеп, күнделікті күйбең тірлікке шырмалған ол кісінің шалқып-тасып өмір сүргенін көрген жоқпыз. Кей әйелдер сияқты қарызға батса да қымбат киініп, алтын-бриллиант тағынып, той-томалақта да төбе көрсете қоймайтын. Үй мен жұмыстың ортасында шапқылап, тоқсаннан асқан қайын атасының аузына асын тосып жүрген келіннің баспанасы да талай жыл жөндеу көрмеген. Сонда ауылдағы ағайын үшін аса қомақты қаржыны ол не үшін, кім үшін алған?
Қазаға жиналған ет жақындарын мазалаған осы сұрақтың жауабын естігенде төбемнен жай түскендей болды. Сөйтсек апайым «Tesla» дейтін компанияның «өте тиімді жобасына» тіркелген екен. Жалғыз ол емес, аудандағы үш мектеп пен аурухананың мыңға тарта қыз-келіншегі тайлы-таяғымен қалмай әлгі не пирамида екені белгісіз, не кәсіп екені түсініксіз «Tesla»-ға тәуелді болып қалған. Компанияға шақырғанның бірі жұмысындағы тікелей басшысы болса, қолдап-қолпаштап, мақтауын асырғаны – абысыны. Ауылдағы алаяқтықтың тізбегі осындай таныс-тамыр, ағайын-туыстықтан басталады.
Бір сөзбен айтқанда, қаржы алаяқтары енді ауылға да ауыз сала бастаған. Ең сорақысы олар арамдыққа құрылған схемаларын ауыл-аймақта белсенді түрде таратып, әлі де жалғастырып келеді. Ауылдың көзі ашық «зиялысы» саналатын мұғалімі мен дәрігері алаяқтардың «осы аптада 100 мың салсаң, келесі апта 200 мың табасың, ақшаң өсіп, бір жылда көлік аласың» деген ертегісіне сеніп келгеніне қайран қаласың кейде. Нағыз «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізденің» кері болып тұр.
«Tesla»-ның алаяқтық тәсілінің өзге қаржы пирамидаларынан еш айырмашылығы жоқ. Алдымен бір адам қомақты қаржы салады, артынан 2-3 «досын» тіркейді, олардың әрқайсысы әрі қарай 3-4 «серігін» сүйреп жүріп, оларды өздері әлі қолдарына да ұстап көрмеген «мол ақшаның астында қаласың» деген өтірікке сендіріп жүріп кіргізеді. Тіпті қатарға кірген келіншектердің біріне жұрттың көзінше су жаңа көліктің кілтін табыс етіп: «Міне, «Tesla»-ның арқасында 10 мың доллардың «темір тұлпарын» алды» деп жарнамасын да жасаған. Ал ауылдағы халықта қайдан ақша болсын? Бұлардың тым шектен шыққаны соншалық, марқұм болған туысымызды Алматыға өздерімен бірге ертіп апарып, жанында бірге жүріп банктен несие алдыртқан. Бір банктен рәсімдеген несиесін толық өтемей жатып, екіншісінен де қарызға ақша алған. Әккілердің арбауына мықтап түскен марқұм өзінің артынан 25 жастағы ұлын да тіркеп, соның атынан да біраз ақша салып келген екен...
Әлемдік танымал әрі жетекші компаниялардың логотиптерін пайдалану – қаржы пирамидаларының жиі қолданатын қитұрқы «қағидаттарының» бірі. Алайда ашығын айтқанда ауылдағы ағайынның дені «Tesla»-ның ақша шығаратын конвейер өндірушісі емес, электрокөлік «бутигі» екенін біле бермейді. Әлемдік нарықты жаулап алған бұл компанияның Қазақстанда ресми орталығы да жоқ. Тек соның атын жамылып, қиыннан қиыстырып қаржы пирамидасын жасап алғандар көп. Алдау-арбаусыз, адал еңбекпен «Tesla»-ның удай қымбат «темір тұлпарын» тақымдап жүргендер болса болар. Алайда алыстағы ауыл жұртының мардымсыз жалақысы «қаржылық көпіршікке» айналып кетіп жатқаны жанға батады.
Рас, елімізде алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл мәселеге Президент те аса мән беріп, құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді. Бірақ қаланың цифрлық сауаты жеткілікті тұрғындарының өзін тақырға отырғызып кетіп жатқан қаржы пирамидалары үшін ауылдағы ағайынның аңқаулығы тіпті «іздегенге – сұраған» болып тұр. Жақында Бас прокуратура өңірлерде «Заң керуені» көшпелі акциялары өткізілетіні туралы хабарлады. Іс-шара барысында прокуратура мен полиция қызметкерлері ауыл-аймақтағы халыққа қаржы пирамидалары мен алаяқтықтан сақтану шаралары туралы ақпарат беруді көздеп отыр. Бұл «керуеннің» Алматыдан 250 шақырым қашықта жатқан біздің ауылға барған-бармағанын нақты білмедім, бірақ түп-төркіні АҚШ-тан шығатын «Tesla»-ның ақпараты мен жарнамасы Кегеннің әрбір үйінен ең құрығында бір рет айтылғанына көзім анық жетеді.