Іс-шараға партиялық тізімге енген кандидаттар және партияның атынан Мәжіліске ұсынылған бірмандатты үміткерлер, штаб мүшелері, партияның «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, партия жақтастары қатысты.
– Біздің бағдарлама – қоғамда әбден қайнап, пісіп-жетілген проблемаларды шешудің нақты жолы, нақты жоспары. Өткен жылдың өзінде партия өңірлерде, ауыл-аймақта мыңдаған кездесу өткізіп, тұрғындардан 200 мыңнан астам ұсыныс-пікір жинаған болатын. Халықты толғандырған мәселелерді мұқият талдап, жүйелендіре келе 10 негізгі бағыттан тұратын құжатты әзірледік. Одан әрбір отандасымыз өзі үшін өзекті мәселелердің жауабын таба алады, – деді партия төрағасы.
Ол әр облыстың, қаланың демографиялық, әлеуметтік және экономикалық ерекшелігін ескере отырып, 20 аймақтық сайлауалды бағдарлама әзірленгенін атап өтті. Сонымен қатар бірмандатты округтер бойынша сайлауға қатысатын партияның әрбір кандидаты өзінің сайлауалды бағдарламасын әзірледі.
Айта кетейік, штаб құрамына партияның 486 белсенді жақтасы кірді. Өңірлік және аумақтық 226 сайлауалды штабқа 7,5 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Сайлаушылармен кездесу кестесі дайындалды. Бұл жұмысқа кандидаттардың 27 мыңнан астам сенімді өкілі атсалысады.
Бүгінде партияның өңірлердегі өкілдері ауыл-ауылды аралап, партияны сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарымен таныстыруды бастап кетті. «Amanat» партиясы ауылды түлетуге арналған бірқатар ірі жобаны іске асырып жатқанын атап өткен жөн.
– 2027 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенінде 100 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оның жалпы құны – 500 миллиард теңге. Бес жылда ауыл инфрақұрылымын жаңарту үшін 1 трлн теңге жұмсалатын болады. Партия бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстайды. Біз аграрлық саладағы субсидия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеміз. Қазір әлем халқы азық-түлік дағдарысын бастан кешіп отыр. Қазақстанның 100 миллион адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Ең әуелі халқымыз 100 пайыз отандық өніммен қамтамасыз етілуі керек, – деді Е.Қошанов.