Партия лидері Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасарлары Қазыбек Иса мен Берік Дүйсенбинов, партияның жергілікті филиалының жетекшісі Ермек Әбілдин бастаған «Ақ жолдың» үгіт-насихат тобы Қарағанды облысындағы кәсіпкерлермен және облыс жұртшылығымен кездесулер өткізді.
– Қарағанды облысының ерекшелігі – ірі бизнестен бөлек, мұнда шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамуы ерекше көзге түседі. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мұнда жұмыс істеп жатқан ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті кәсіпкерлердің мүддесін ескермей келді. Одан бөлек, атқарған жұмыс пен жеткізілген өнімнің ақысы оларға жылдап төленбей келді. Біз бұл мәселені Мәжіліс мінберінен депутаттық сауалдарымызда бірнеше рет көтердік. Мұндай түйткілді мәселелер туралы шағымдар «Ақ жолға» Теміртаудағы бизнес өкілдерінен келіп түсті. Былтыр Мемлекет басшысы ұсынған Конституция реформасының аясында «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген басты норманың енгізілуі маңызды новелла деп санаймыз, деді Азат Перуашев.
Кездесулерде «Ақ жол» партиясының үгіт-насихат тобы жиналғандарды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты тармақтар кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Мысалы, салық органдарының шешімімен мәмілелерді жарамсыз деп тануға тыйым салу, шағын бизнестің салық есептілігін патентпен ауыстыру, тауарларға ілеспе жүкқұжат және тауарларды таңбалаудан бас тарту секілді мәселелер талқыланды.
Жиын барысында сөз алған жергілікті кәсіпкерлер еркін экономикаға және адал бәсекелестік жолына көшу, монополияға жол бермеу, мемлекеттің бизнеске араласуын шектеу қажеттігі туралы айтты. Жиырмаға жуық теміртаулық кәсіпорын «Арселор Митталдың» жергілікті тауар жеткізушілерге қысым жасауы, олардың заңды құқықтарын бұзуы, орындалған келісімшарттар бойынша төлемдерді көп айға кешіктіруі және тағы басқа проблемаларды мәлімдеді.