Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдау мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.
Бірлескен отырысты ашып, жүргізіп отырған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Роговқа сөз берді. Елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауды депутаттар алдында жария еткен төраға үстіміздегі жылы елдің даңғыл даму жолына, биіктерді бағындыруына бастайтын дәуірге татырлық «Қазақстан-2050» Стратегиясының қабылдануы, қазақстандықтардың бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында бірігіп, әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруі сынды кеуделі мақсатты алға қоюының маңыздылығына тоқталды.
Сөзін сабақтай түскен ол, осы ретте мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіруде, құқықтың үстемдігі мен барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидаттарын одан әрі іске асыруда, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыруда, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру мен іске асыруда және осы міндеттердің орындалуында халықтың құқықтық мәдениетін арттыра түсудің ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан-2050» Стратегиясының және Мемлекет басшысы Жолдауының конституциялық маңызға ие бұл қағидалары, Конституциялық Кеңестің пікірінше, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Негізгі заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету саласында конституциялық соттар мен баламалы институттар арасындағы тығыз ынтымақтастықты әлемдік деңгейде қамтамасыз етудегі жұмыстардың дұрыс бағасын алғанының дәйегі ретінде, төраға Конституциялық Кеңестің конституциялық бақылау органдары халықаралық қауымдастығының – Конституциялық сот төрелігі жөніндегі бүкіләлемдік конференцияның құрамына қабылдануын алға тартты. Бұл – Қазақстанда конституционализмнің ойдағыдай дамып отырғанының дәлелі, деді ол өз сөзінде. Одан әрі елдегі конституциялық жаңғыртудағы оң үрдістерге тоқталып өткен төраға Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдеріне, Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауларға жасалған талдау негізінде бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстарды ортаға салды.
Оның алғашқысы – тиісті заң ұғымдарын орынды пайдаланудың көп жағдайларда құқықтық шығармашылықта оның мазмұны мен бағытталуына әсер ететіні. Заңдарды және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді қабылданғаннан кейін қолданылу барысында жоғарыда көрсетілген жайттардың айқындаушы түрде ықпалы бар. Сонымен бірге, заңдарды қабылдауда және қолдануда конституциялық ұғыну аппаратын пайдалану ерекше ұқыптылықты талап етеді, деген ол екінші ұсынымда заңнамалық актілер және соларға ілесе жүретін заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді бір мезгілде шығарудың қажеттігіне баса мән берді. Өйткені, қайсыбір заң қабылданғанда «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» қолданыстағы Заңға да тиісті талап енгізілуі қажет. Алайда, ол әрдайым орындала бермейді, заңға тәуелді құқықтық актілер көп жағдайларда едәуір кешігіп барып қабылданады немесе мүлдем қабылданбайды, осыған байланысты заңнамалық және заңға тәуелді жолмен реттеуде тепе-теңдік жетімсіздігі байқалады деді, төраға.
Сонымен қатар, қабылданған шешімдер оның тараптары үшін міндетті сипатқа ие халықаралық интеграциялық бірлестіктердің ұлттық деңгейден жоғары реттеуші органдарының қалыптасуына орай, халықаралық-құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестік тұрғысында бақылау мәселелері өзекті бола бастағанын алға тартты. Расында, еліміздің жаңа интеграциялық ұйым – ЕАЭО аясында жұмыс жасауында бұл мәселенің өзектілігі айқын сезілетіні дау тудырмайды. Сол себептен, халықаралық шарттарға қол қойылғанға және бекітілгенге дейін, ол заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексере отырып, сарапшылық жұмыстың деңгейін арттырудың маңыздылығы кезек күттірмейді. Ал Ата Заңымыздың баптарының мүлтіксіз орындалуына селкеу түспеуі мемлекеттілігіміздің ең басты қағидаты емес пе?!
Конституциялық Кеңес төрағасының пікірінше, Негізгі Заңның ұлықтығын және тікелей қолданылуын сөзсіз және тиісті түрде қамтамасыз ету, конституциялық материалдық және процессуалдық ережелерді қалтқысыз сақтау бүкіл мемлекеттік және қоғамдық институттар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті талап болып табылады. Бір сөзбен айтқанда Конституцияны бұлжытпай орындау – Қазақстанның қарыштап дамуының сенімді кепілі. Яғни халық қалауын заңдарда және өзге де маңызды мемлекеттік актілерде білдіру, сондай-ақ, азаматтардың жария институттарға ықпал ету рәсімдерін үнемі жетілдіру халықтың ішкі тұрақтылығының, экономикалық дамуы мен әл-ауқаты жақсаруының пәрменді кепілі болып табылады.
Конституциялық құндылықтар, әлеуметтік әріптестік, тұлға, қоғам мен мемлекет мүдделерінің ұштасуы, олардың өзара іс-қимыл жасауы негізінде қазақстандықтардың сенімін одан әрі сақтап, нығайта беру қажет, деп ой түйіндеді Конституциялық Кеңес төрағасы.
Жолдауды тыңдап, дауысқа салған қос палата депутаттары оны бірауыздан қабылдады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық атқарылуы туралы есептері де қаралды. Бұл мәселе бойынша алдымен Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2013 жылдың нәтижелеріне талдау жүргізу экономика өсімінің қамтамасыз етілгенін және жоспарланған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілгенін көрсеткенін айтып өтті. Әлемдік экономиканың әлсіз өсуіне және экспортқа, мұнайға әлемдік бағаның төмендеуіне қарамастан, ішкі жалпы өнімнің өсуі 6 пайызды құрады. Жылдық шамада инфляция 2013 жылы 4,8 пайызды көрсетті, бұл оның алдындағы жылдың деңгейінен 1,2 пайызға төмен. Еңбек нарығында ахуал тұрақты болып қалды. Жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталып, 5,2 пайызды құрады. 2013 жылы Қазақстанның халықаралық рейтингтегі позицияларын жақсарту қамтамасыз етілді. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілігі индексінің және Дүниежүзілік банктің бизнестің жүргізілуі жеңілдігінің рейтингтері бойынша, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы 50 елінің санатына қосылды. Өткен жылы іске асырылған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың 33-і елді индустриялық-инновациялық дамытуға және әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған. Ішкі жалпы өнімнің 6 пайыздық өсімінде Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі бағалау бойынша, 0,8 пайыздық тармақты құрады. Өмір сүру ұзақтығы, тұрғын үйді пайдалануға беру, өнім көлемінің өсімі, кедейлік пен жұмыссыздықты төмендету индикаторларына да қол жеткізілді. Парламенттің сауалдары мен ұсыныстарын ескере отырып, біз мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға жұмылдырылған кәсіпорындар бойынша бюджетке түсетін түсімдерге мониторингті одан әрі жалғастыратын боламыз, деді Қ.Сұлтанов.
Сондай-ақ, Қаржы министрі республикалық бюджеттің түсімдері 100,6 пайызға атқарылғанын, бұл 5 трлн. 272 млрд. теңгені құрағанын жеткізді. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда, 7,8 пайызға немесе 383 млрд. теңгеге артық. Әлемдік нарықтағы конъюнктура салдарынан, тау-кен компаниялары бойынша корпоративтік табыс салығының төмендеуі аясында шикізаттық емес сектор кәсіпорындары пайдасының өсуі байқалып отыр. Осы сектордан корпоративтік табыс салығының түсімдері 14 пайызға артты. Бұл экономиканың номиналды өсуінен асып түседі, деді баяндамашы бұл ретте. Ал республикалық шығыстарға қатысты сөз қозғаған Бақыт Сұлтанов республикалық бюджет шығыстары 5 трлн. 991 млрд. теңгеге толық орындалғанын, бұл жоспардың 99 пайызын құрағанын атап өтті. 2012 жылмен салыстырғанда шығыстар 195 млрд. теңгеге, яғни 3,4 пайызға өсті. Тікелей нәтижелерге қол жеткізу бойынша, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі артты. Бюджеттік бағдарламалар іс-шараларының 90 пайыздан астамы өзінің мақсатына толық жеткізілді. Мұны жақсы нәтиже деп бағалауға болады. Ал 2013 жылы бюджет бағдарламаларының сапа көрсеткіштерін жоспарлау 8 пайызға жақсарды. Бірақ, бізде әлі де атқаратын жұмыс баршылық. Қаражатты тиімді әрі толық пайдалану бюджеттік бағдарламалардың ажырамас компоненттері болып табылатыны белгілі. Сондықтан, бюджеттің игерілуі бойынша мәселелер өте өзекті болып тұр, деді Премьер-Министрдің орынбасары бұл орайда.
Ал Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин Есеп комитетінің есебі Сенат пен Мәжілістің комитеттері мен жұмыс топтарының 25 отырысында және Парламент палаталарының 2 отырысында жан-жақты қаралғанын атап өтті. Біздің бағалауымызша, сыртқы конъюнктураның теріс әсеріне қарамастан, еліміздің макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, 2013 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуын кешенді бағалау оны жоспарлауда және атқаруда бірқатар проблеманың орын алғанын көрсетті. Бұл проблемаларды шешудің қажеттілігі Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жағдайында айрықша өзекті болып тұр. Өйткені, тиімді президенттік саясат жаңа геосаяси жағдайларда еліміздің ұлттық мүдделерін қорғаудың басты құралына айналуда, деді Қ. Жаңбыршин.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында күн тәртібіне шыққан мәселелер бойынша негізі баяндамалар жасалғаннан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз алды. Ол өз сөзінде ел экономикасына экономикалық қолдау көрсету үшін Мемлекет басшысы тиімді шара қабылдап, Ұлттық қордан 1 трлн. теңге бөлуге тапсырма бергенін атап өтті. Бұл қаржы бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібін қолдауға, оны дамытуға және осы салаға шетел инвестициясын тартуға бағытталатын болады, деді К.Мәсімов. Сондай-ақ, ол экономикаға қаржылай қолдау көрсету үшін Ұлттық қордан бөлінетін 1 трлн. теңгенің алғашқы 100 млрд. теңгесі азық-түлік өнеркәсібін дамытуға бағытталатынына да тоқталды. Ұлттық қордан бөлініп, «Бәйтерек» қоры арқылы өткен алғашқы 100 млрд. теңге қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер арқылы нақты іске асырылуда. Бұл кезеңде біз азық-түлік өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аудардық, деді өз сөзінде Үкімет басшысы.
Бұл күні депутаттар Үкімет басшысына бюджеттік тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың игерілуіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойды. К.Мәсімов бюджеттік тәртіпті нығайтуға бағытталған заңнамаларға түзетулерді Парламентке енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл ретте, Премьер-Министр осы бағыттағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер үшін депутаттарға алғысын білдіріп, бұл өз кезегінде бюджетті пайдалану бойынша облыстар мен Астана және Алматы әкімдерінің жауапкершілігін арттыратынын жеткізді. К.Мәсімовтің айтуынша, бұл орайда тек кінәліні жазалау ғана емес, ең бастысы, экономикаға және халыққа бөлінген қаржының дұрыс бағытта жоспарланып, тиісті мақсатқа игерілуі қамтамасыз етілуі тиіс.
Бірлескен отырыс аясында депутаттар бюджетті жоспарлау сапасының төмендігі, салықты әкімшілендіру тиімділігінің аздығы және көлеңкелі экономика үлесінің ұлғаюы бюджет қаржысын тиімсіз басқарудың алғышарттарын қалыптастыратынына назар аударды. Алдағы уақытта бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, республикалық бюджет қаражатының атқарылуын жетілдіру мен мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға жауапкершілік күшейтілуі тиіс.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».