Руханият • 21 Ақпан, 2023

Оразаға дейін орындалатын 10 амал жайлы білесіз бе?

857 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін, 21 ақпанда мұсылман жыл санауы бойынша Шағбан айы басталды. Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Оразаға дейін орындалатын 10 амал жайлы білесіз бе?

Қаза оразаны өтеу

Рамазан айы басталмас бұрын өткен жылы қарыз болған ораза күндерін өтеген абзал. Өтелмеген ораза адамға қарыз болып жазылады. Ораза қарызын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақытта ауыз бекітеді, яғни сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақыты кіргенде ауыз ашады.

Ораза қазасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. «Алла ризалығы үшін Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік қаза оразаның бірінші күнін өтемекке ниет еттім» деуге болады.

Қарыздарды қайтару

Рамазан айына дейін қаза оразаны өтеп қана қоймай, ақшалай қарыздарды да қайтарған жөн. Қарыз берсе - сауап, алса - мойнына аманат болып жазылатын дүние. Хадисте қарызы бар адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек деп жазылған. Берілмеген зекет те қарыз деп есептеледі. Қарызын өтеу, зекет беру – парыз. Зекет қарызы бар адамның садақасы қабыл болмайды. 

Ниет ету

Рамазан айында жасаймын деген құлшылықтарға Шағбан айынан бастап ниет еткен жөн. Алдын ала ниет етпей, ешбір амал қабыл болмайды. Рамазан айында ораза ұстауға шынайы ниет етсеңіз қазірден әдеп-амалдарды үйрене бастау қажет. Рамазан айында ораза ұстау әр мұсылманның парызы болған соң арықтау үшін, денсаулық үшін, жұртқа ілесу үшін емес, Алланың разылығы үшін ауыз бекітуге ниет ету керек.

Ағзаны дайындау

Рамазан айы жақындағанда ағзаны оразаға дайындау қажет. Адам бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпаса ағзада үлкен өзгерістер болып, ол белгілі бір ауруға әкелуі мүмкін. Сол себепті күнделікті ішіп жүрген тамақ мөлшерін біртіндеп азайта бастаған жөн. Алғаш рет ораза ұстайтындар қазірден ауыз бекітіп, ағзасын үйрете берсе болады. 

Рамазан айы басталғанша денсаулыққа көңіл бөліп, иммунитетті барынша көтеріп алу керек. Мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан-ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің қақ ортасында басталады, сондықтан авитаминоз (витамин жетіспеушілігі) жиі мазалайтын кезге тұспа-тұс келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажет дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.

Жаман әдеттерден арылу

Рамазан айын жоспарлау маңызды. Немен айналысатыныңызды, қандай амалдар жасайтыныңызды қағазға жазып қоюға болады. Өткен оразада жіберген қателіктеріңізді еске түсіріп, оларды осы Рамазан айында қайталамауға тырысыңыз. Шағбан айында жаман әдеттерден арылуға қамданып, жақсы әдет қалыптастыру қажет. Мысалы, темекіні тастай алмай жүрсеңіз Рамазанды күтпестен қазірден амалын жасаңыз. Денсаулық та аманат екенін ұмытпаңыз.

Ұйқыны реттеу

Оразада тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Сәресіне ұйықтап қалмау үшін ерте ұйықтап, ерте тұруға ертерек бой үйреткен дұрыс. Күнде 7-8 сағаттан көп ұйықтайтын болсаңыз Шағбан айынан бастап аз ұйықтап үйреніңіз. 

Ас мәзірін дайындау

Ауыз бекіткенде сәресі мен ауызашарда не ішіп-жеймін деп бас қатырмас үшін ертерек ас мәзірін жасап қою артық етпейді. Ораза кезінде тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді азырақ тұтынған жөн. Оның орнына мейілінше сіңімді әрі жеңіл тамақ жеген дұрыс. Сол себептен Рамазан айы басталмас бұрын қажет азық-түлікті ертерек әкеліп қойған абзал. Ораза жақындағанда базарлар мен дүкендерде сауда сапырылысып кетеді. Мүмкіндік болса, үйде тұшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап қоюға болады. 

Азық-түлікті ерте алып қою - тоңазытқышты толтырып қою деген сөз емес. Тәтті, ащы, тұзды, майлы тағамдарды мейлінше азайтыңыз. Ас мәзіріңізде көкөніс пен жеміс-жидек көп болған абзал.  

Тазалық жүргізу

Ішкі-сыртқы тазалыққа мән беріңіз. Денеңізді таза ұстаңыз. Үйіңізге толықтай тазалық жұмыстарын жүргізіңіз. Әзір кимейтін қалың киімдерді жуып, ұқыптап жинап қойыңыз. Мүлдем кимейтін таза киімдеріңізді мұқтаж жандарға таратыңыз. Үйіңізде ескі-құсқыны, керексіз заттарды жинамаңыз. Ескі заттардан арылыңыз. Үйдің ішін ғана емес, сыртын, ауланы да тазалап қойған жөн. Әктеу, сырлау жұмыстарын да оразаға дейін ертерек аяқтаған дұрыс.

Артық ойдан арылып, алаңдататын шаруаларды бітіру 

Рамазан айы құлшылық жасайтын қасиетті ай болғандықтан, алаңдататын, аяқсыз қалған жұмыстарыңызды аяқтап тастаған жөн. Мысалы, өзге жерге көшуді жоспарласаңыз, қазірден қамданыңыз. Кәсіп бастаймын десеңіз, қазірден іске кірісіңіз. Денсаулығыңызға алаңдасаңыз, дәрігерге қаралып, ағзаңызды тексеріңіз. Ораза кезінде тісіңізді емдеткенде ауыз ашып жіберуіңіз мүмкін. Сондықтан Рамазан айы басталғанша оразаға кедергі келтіруі мүмкін шаруаларды тындырыңыз.  

Жаман ойдан арылып, өкпе-реніш, ашу-ызаға бой бермеңіз. Жан-дүниеңізді тазалап, мазалап жүрген ойларды еркіне жіберіңіз.

Туыстық қарым-қатынастарды реттеу

Шағбан айынан бастап туыстармен арадағы қарым-қатынасты реттеп, оны одан әрі нығайта түскен жөн. Ағайындармен байланысты үзіп алудан сақтаныңыз. Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, науқастың көңілін сұрау, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскенде қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – туыстық қатынастың сипаттары. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбатып, қиналған туысқа қол ұшын беріп немесе орайы келгенде сый-сыяпат жасап та туысқандықты нығайтуға болады. 

Туыстарыңызбен араңыз алшақтап кетсе хабарласып, ренжігендерден кешірім сұрап, ренжіткендерін кешіріп, қарым-қатынасты түзеуге тырысқан жөн.