Бұл туралы журналист Ғалымжан Қараманұлы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Кәусар қызым Британияда қазақ тілін насихаттап жүр. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жиналып, өте мазмұнды кеш өтті», деп жазды ол.
Кездесу барысында жанкүйерлер Димаштың әндерін орындаған. Оларға арнайы дастархан жайылып, қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Тыңдармандар қайырымдылық шараларына 1 миллион теңге аударғанын да атап өту керек.
«Диерстар Қазақстанға қайырымдылыққа 1 млн теңге аударды. Бұл ақшаға балалар үйінің тәрбиеленушілері музыкалық аспаптар сатып алады», деді Ғалымжан Қараманұлы.
Кәусар «Балапан» телеарнасында балаларға ағылшын тілін үйретеді, ал кездесуде Димаштың тыңдармандарына қазақ тілін үйретті. Жанкүйерлер оған сүйсініп, жылы лебіздерін білдірді.
«Кәусар сондай сүйкімді және ағылшын тілін жақсы меңгерген. Қазақшасы да ғажап!», деді тыңдармандардың бірі Майкл.