Кеше Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Қарағандыда болды. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХV сессиясына қатысқан Н.Нығматулин депутаттарға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібековтің өңір басшысы лауазымына кандидатурасын ұсыну туралы хатын оқып берді. Халық қалаулылары Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Сессиядан кейін облыс активі өтті. Президент Әкімшілігінің Басшысы оған қатысушыларды Президент Жарлығымен тағайындалған облыстың жаңа әкімімен таныстырды. «Нұрмұхамбет Қанапияұлы – бірқатар мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған білікті, тәжірибесі мол маман. Ол еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудағы ұйымдастырушылық қызметте өзінің қарым-қабілетін таныта алды. Мамандығы кенші-инженер ретінде өнеркәсіп саласын жақсы біледі. Бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары міндетін атқарды. Өзіне де, өзгеге де талапшыл», деді Н.Нығматулин.
Облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің өз еркімен қызметінен босату жөніндегі өтінішін Президенттің қабыл алғанын жеткізді.
Актив жиынында сөз алған аймақтың жаңа басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Елбасы сенімін ақтауға, аймақтың экономикасын одан әрі дамытуға күш-жігері мен білімін аянбай жұмсайтынына сендірді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды.