Тұлға • 21 Ақпан, 2023

Тәуелсіздік жалаугері

620 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, аты аңызға айналған мәдениет ұйымдастырушысы, Үлкен террор құрбаны Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толды. Осы дата қарсаңында 2023 жыл Жүргенов жылы болып жарияланды. Мұндай шешімді түрк әлеміндегі ЮНЕСКО деп аталып жүрген Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы қабылдаған болатын. «Түрк мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту» (аббревиатура – осы атаудың түрікшесінің бас әріптерінен) мәселесін көздейтін бұл ұйымның құрылғанына биыл отыз жыл толады. Түркі елдерінің ынтымақтастығы арта түсуіне ықпалы жылдан жылға артып келе жатқан осы ТҮРКСОЙ-дың тұтас 2023 жылды қазақ қайраткері есімімен атауы бізге зор міндет жүктейді...

Тәуелсіздік жалаугері

Темірбек Қараұлы Қазақ АССР-іне 1933 жылы Ағарту ха­лық комиссары боп келген-тін. Қысқа да нұсқа сөйлеп, көп шаруа тындыруға дағдыланған, алға қойған биік мақсатына жетуге табандылықпен ұмтылатын бұл адам күллі күш-жігерін алапат ашаршылықтан қалжыраған республикадағы мәдени револю­ция ісіне арнады. Ол Алматыға ауысқанға дейінгі он жылын Түркістан өлкесінде өткерген. Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ-дің) қатардағы студенті шағынан атқарған түрлі мем­лекеттік істерде шыңдалып, 1929 жылдан Тәжік КСР-інде, 1930 жылдан Өзбек КСР-інде үкімет мүшесі – халық комиссары болды.

САГУ-ге ол Орынборда жұ­мыс­шы факультетін бітіргеннен соң, 1923 жылы түскен еді. Сол жылы Қазақ АССР-інің Түркістан АССР-індегі толық өкілетті өкілі қызметіне тағайындалған. Орта Азияда 1924 жылы жүргізілген ұлттық-мемлекеттік жіктеп-ме­желеу науқанында «Еңбекші қазақ» беттерінде жариялаған очерктерімен Түркістанның этнографиялық картасын жасау үшін жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін зерттеуді мақсат еткен комиссияның жұ­мы­сына жақсы жәрдем берді. Нау­қан барысында Қазреспублика шаңырақ көтергелі алға қойылып келе жатқан Түркреспубликадағы қазақ аймақтарын Қазақстанға қосу мәселесін тиянақтауға елеулі үлес қосты.

Ол арнайы орта білімді мұға­лімдер даярлайтын халық ағар­ту институтының – әйгілі Ки­ринпростың орнына тұңғыш рет 1926 жылы Ташкентте ашылған Қазақ педагогика институтының бірінші ректоры болды. Осы алғашқы ұлттық жоғары оқу орнының дүниеге келуіне байланысты, сол жылы педвуз мін­деттері және бүкіләлемдік мәде­ниетті жерсіндіру, жергілікті халыққа жеткізу мәселелері туралы «Советская степь» газетіне мақала берді. 1927 жылы «ҚАССР-інде жоғары оқу орындарын ұйымдастырудың нәтижесі мен болашағы» деген тақырыпта жасаған баяндамасы «Қазақ педагогика институтының бір жылғы жұмысы» деген атпен жеке кітапша боп басылып шықты. Осындағы Темірбек Қараұлының ұстамды, дәйекті пайымдары кемел сарапшылдығымен таңғалдырады. Ол орысшадан қазақ студенттері үшін саяси экономия оқулығын аударды. Оның бұл аудармасы әдеби тіл мен ғылыми терминологияны қалыптастыруға, тәржіме ісінің практикасы мен теориясын байытуға қосылған нақты үлес болатын.

Алайда БК(б)П Орталық Коми­тетінің Ортаазиялық Бюросы (Средазбюро) оны мемлекеттік шаруаларға жұмсауды қажет деп тапты. 1929 жылы ол Тәжік АССР-інің статистикалық мекемесін басқаруға жіберілді. Көп ұзамай Өзбек КСР-інің құрамындағы автономиялық тәжік республикасын одақтық мәртебеге көтеруді көздеген комиссия мүшесі болды. Сол 1929 жылдың қазанында құрылтайшы съезін өткізіп, одақтас республикаға айналған Тәжікстанның Қаржы халық комиссары лауазымына сайланды. БК(б)П Орталық Комитеті Темірбек Жүргеновті 1930 жылы Өзбек КСР Ағарту халық комиссары қызметін атқаруға жұмсады. Ол бұл жұмыста 1933 жылғы жазғытұрым Қазақ АССР-іне жіберілгенге дейін істеді.

Жүргенов партиядан жаңа тап­сырма алған шақта қазақ өлке­сі сая­си басшылықтың солақай реформалары салдарынан ұлттық апатқа ұшырап, қатты есеңгіреп тұрған. Асыра сілтеу зардаптарын жою, тоз-тоз болған халықтың еңсесін көтеру, күйзелген шаруашылығын түзеу, партияға, социализмге деген сенімін жоғалтқызбай, бекіте түсерліктей шараларды жүзеге асыру кезек күттірмес мәселелер-тін. Алматыға келген бетте Қазақ АССР Ағарту халық комиссары боп бекітілген Темірбек Жүргенов ұзамай БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелігіне енгізілді. Оның бастамалары Қазөлкекомның бірінші хатшысы Левон Мирзоян мен Қазхалкомкеңес төрағасы Ораз Исаев, Қазатком төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тараптарынан әрдайым қолдау тауып отырды. Содан бергі үш жыл ішінде Қазөлкекомның бюро мүшесі, Ағарту халкомы Жүргеновтің басшылығымен Қазақстанда аңызға лайық істер тындырылды. Халықты біліммен, мәдениетпен бауырластыру ісі шын мәніндегі революциялық өзгеріске ұшырап, рухани өмір ерекше қарқынмен дүмпи дамыды. Республикада мәдени революцияның тап сол шақта қалай өрістегенін көрсететін материал баршылық. Газет тігін­­ділерінде оның сан алуан мақа­лалары, сөздері мен берген сұхбаттары сақтаулы. Солармен танысу мынандай қорытынды жасауға жетелейді: Темірбек Жүргенов – «Октябрь дауылы жанынан зу етіп өте шыққан» қазақ ауылында «Кіші Октябрь революциясын жасау қажет» дейтін тұжырымды ұранмен жа­салған қылмыс салдарынан қаңы­рап босап қалған даланы, әбден тоқырап, тұралаған мәдени-әлеуметтік өмірді дүр сілкіндіре оятып, халықты шын мәніндегі рухани жандану жолына түсіруде өлшеусіз көп еңбек сіңірген аса ірі мемлекет қайраткері.

Жүргенов жедел қолға алған негізгі шаруалардың бірі мектеп ісін жақсарту мәселесі еді. Бұл тарапта оның күрт бетбұрыс жасауға тәжірибесінің жеткіліктілігі екен­дігіне Ташкентте басылып шыққан «Мектептің түр кемшіліктерін кетіру үшін күрес» деген кітап­шасы куә. Ол Наркомпроста жинақталған ақпарлармен қана­ғаттанған жоқ, ауыл-ауылды өзі аралап, оқу-ағартудың жай-күйін көзімен көрді. Терең талдауға толы мақалалар жазды. Наркоматтың алқасында тал­қылауға күрделі мәселелер енгізді. Жаппай сауатсыздықты жоюға арналған оқулықтар мен көмекші кұралдардың әзірленуін ұйымдастырып, бастырды. Алға жаппай орта білім беру мәселесін шығарды. Мұғалімдер даярлайтын арнайы орта және жоғары оқу мекемелерін ашуды жүзеге асырды. Мұғалімдердің бірінші съезін шақырып, жағдайды жан-жақты саралаған проблемалы баяндама жасады. Оның бастамашылығымен әрі тікелей араласуымен мектептердің құрылымын ретке келтіру, қазақ орта мектептерін көбейту туралы БК(б)П Қазөлкекомы мен рес­публика үкіметінің бірлескен қаулысы қабылданды. Сол қау­лыны басшылыққа алу барысында оқу-ағарту ісі жаңа сапалық белеске көтерілді. Мектеп қажеті­не әр жанға шаққанда 33 сом­нан бөлінетін қаржы 90 сомға дейін артты. Республиканың барлық облыстарында мектеп құрылысына баса назар аударылып, оқушыларға жүздеген жаңа ғимарат есік ашты. 1926 жылы Ташкенттегі алғашқы қазақ педвузын басқарып, жоғары мектеп қатарын көбейтуге өзі ізашар болған істің өрісін кеңейтуді енді халық комиссары ретінде қолға алды. Түрлі қиыншылықтарды еңсергеннің нәтижесінде 1934 жылы Қазақ университеті, тау-кен-металлургия институты және коммунистік журналистика институты шаңырақ көтерді. Облыстарда педагогикалық инс­титуттар ашыла бастады. Елге қажет мамандықтар алу үшін талапкерлер Кеңес одағындағы түрлі оқу орындарына жіберіліп тұрды. Темірбек Қараұлы ұлт тілін дамыту, оның қоғамдық функция­сын арттыру, қазақша терминдер жасап, қалыптастыру істеріне көп көңіл бөлді. Қазақстандағы тіл құрылысы мәселелерімен де тікелей шұғылданды. Өйткені ол ұлт тілінің білгірі, өзекті мәсе­лелер хақында қазақ және орыс тілдерінде публицистикалық мақа­лалар жазып жүрген көсемсөз шебері, революциялық ойдың түсі­нікті тілде жеткізілгенде ғана жеңімпаз күшке айналатынына кәміл сенетін қайраткер-тін.

Мәдениет майданындағы, өнерді дамытудағы кесек-кесек істері оны ел сүйіспеншілігіне бөлентіп, халық жүрегіне айрықша бекем ұялатқан еді. Ал мәдениет қайраткеріне тән қасиет оның бо­йына жастай дари бастаған-тұғын. Бала кезінде Бұхара медреселерінің түлегі, әйгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алған. Ұстазы оны шығыс поэзиясымен, өзбек, тәжік тілдерімен жақындастырған-ды. Соның нәтижесінде Тәжікстан мен Өзбекстанда істеген жылдары ол жергілікті халықпен өз тілдерінде қарым-қатынас жасады. Ресми жиындарда баяндама жасап, сөз сөйлеп жүрді. (Кейінірек, «Бұқарада оқыған молда» ретінде жергілікті шолақ белсенділер теперішіне түскен Тұрмағамбет ақынды Алматыға алдырып, Шығыс білімпазына жан-жақты жәрдем беру жөнінде үкімет комиссиясын құруға мұрындық болды. Дербес пенсия тағайындатты. Фирдоусидің «Шаһнамасын» аударуына жағдай туғызды. Өзіне жасалған қамқорлық шабыт­тандырған ақын әйгілі дастанды он айда тәржімелеп шықты...)

1921–1923 жылдары Темір­бек Жүргенов Орынбор жұмыс­шы факультетінде оқыды. Бұл Александр Викторович Затае­вичтің сонда қазақ музыкасын жинап жүрген кезі-тін. Оның «Қазақ халқының 1000 әні» атты әйгілі кітабы 1925 жылы шықты. Этнограф кітаптың түсіндірмесінде Жүргеновті Сыр­дария әндерінің ғаламат білгірі, өзіне Хиуа қазақтары әндерінен бағалы мәліметтер берген байып­ты жас қазақ-интеллигент деп атап, «өзімнің сонша тырыс­қаны­ма қарамастан, осы адам­ның өз отанындағы ежелгі ән творчествосынан көл-көсір ха­бар­дарлығын, өкінішке қарай, мейлінше толық пайдалана алмадым» деген сөздермен құнды пікір білдіреді. Сол кездері 23-24 жастағы Жүргенов тек Затаевичтің информатор-тілшісі болып қана қоймаған. Рабфак оқуы өз алдына, ол қазақ ақындарының өлеңдері мен толғауларын жинастырды. Өзіндей оқу қуғандармен кездесіп тұруға да уақыт тапты. Татардың халыққа білім беру институтында оқыған Серке Қожамқұлов естелігінде Темірбектің 1920 жылы «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған «Бастық алдындағы тілмаш» деген сықақ өлеңін қуана-қуана жаттап алып, студенттік концерттерде, кейін 1926 жылы Қызылордада, Ұлт театры тұңғыш шымылдық көтергенде орындағанын айтады. («Тілмаш-аудармашы» Серкенің репертуарынан бекем орын тепкен, тіпті 1936 жылғы Мәскеу декадасының концерттік бағдарламасына да енгізілген...) Жүргенов Сыр сүлейлерінің туындыларынан құрастырған жинағын «Терме» деген атпен 1924 жылы жария етті. Кейін, 1936 жылы, Кеңес одағының астанасында өтпек әйгілі онкүндік қарсаңында, жинақты едәуір толықтырып, жаңадан алғысөз жазды да, «Қазақ халық ақындары» деген атпен Мәскеу мен Алматыда екі тілде бастырды...

1933 жылы Темірбек Қараұлы Ағарту халкоматын тез арада мәдениет майданының бас штабына айналдырды. Қарамағындағы қызметкерлерге де, өнер адамдарына да өз иланымын дарытып, оларды тың істерге жұмылдыра білді. Барлық шаруаның басы-қасында өзі жүрді. Әр жаңа лепке мемлекеттік көзқарас танытып, мән беріп отырды. Мәдени революцияның жаңа кезеңі барысында жылт етіп көрінген жаңалықты өлкелік партия коми­теті мен республика үкіме­тінің басшыларына шұғыл жеткізіп, бірге қуанды. Ол қазақ өнерінің көркемөнерпаздық деңгейде тұ­рып қалған мимырт тіршілігін өрттей қаулатып, лапылдата жандырды. Күллі мәдениет жұмысын өрлеу жолына бет алған елдің рухына сәйкестендіріп, қайта құрды. 1933 жылдың алғашқы жартысында халықтың музыкалық мұрасын мәдениетті өркендету қызметіне жаратуды алға тартты да, соны біртіндеп шешуге кірісті. Әуелі музыка-драма техникумында қазақ ән-күйін зерттейтін ғылыми кабинет ашты. Ұзамай сол кабинеттің жанынан халық музыка аспаптарын жасайтын шеберхана ұйымдастырып, онда істейтін шеберлерді табуға да өзі тікелей араласты. Ахмет Жұбановтың домбырашылардан оркестр құруына ұдайы қамқорлық көрсетіп отырды. Ұлттық өнер кадрларын баулитын ұстаздарды Мәскеу, Ленинград, Ташкенттен шақыртты. Музыка студиясын ашып, аз уақытта оны музыкалық театр мәртебесіне жеткізді. Хореография мектебін, қуыршақ театрын ашты. Театр­ларға арнап сценарий, пьеса, либреттолар жаздыруға ұйтқы боп, жазылған жұмыстарды талқылауға міндетті түрде өзі қатысты, тіпті талқылауларды өзі басқарып, қорытып отырды. Костюмерлерге шейін назарынан тыс қалдырмады, спектакльдерге қажет костюм үлгілерін қазақ тұрмысының, этнографиясының білгірі ретінде өзі түсіндіріп, тігілген киімдердің алғашқы сыншысы болды. 1934 жылғы маусым айында Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының бірінші слеті өткен-тін. Оның қарсаңында берген сұхбатында Жүргенов кәсіби өнер байқауы ретінде слет өткізу идеясы 1933 жылдың күзінде туғанын, слетке республика өнер шеберлерінің «Шұға» музыкалы спектаклі, алғашқы домбыра оркестрінің, бишілер тобының концерттері секілді тосынсыйлар әзірленгенін, сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі А.Затаевичке құрмет көрсетіп, оның республикадағы он жылдық қызметін тойлау жобаланып отырғанын айтса, слеттің жабылу рәсімінде сөйлеген қорытынды сөзінде қарт ақын Жамбылдан бастап, жас әнші Ғарифоллаға дейінгі халық таланттарын қалың жұртшылыққа танымал еткен алғашқы өнер байқауының маңызы мен мән-мағынасына тоқталды. Мәдениет майданындағы істер жаңа қарқынмен өрістей түсті. Жер-жерде, кәсіпорындарда, ауылдарда көркемөнерпаздық ұжымдар жаңадан құрылып, нығайтылып, хал-қадерлерінше өсіп-өркендеп жатты. Астанада филармония дүниеге келді, оның құрамында халық аспаптар оркестрі, ұлттық хор мен би ансамблі, казак-орыстардың ән-би ансамблі жұмыс істеді. Музыка театрында орыс труппасы ұйысты. Көркемсурет галереясы құрылды. 1935 жылғы мамырда өткен мәдени құрылыс қайраткерлерінің бірінші съезінде комиссар Жүргенов үлкен баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды сараптады. Республикадағы мәдени революция бағыттарын біліктілікпен талдады, ағарту істерімен қатар кәсіби өнер мен көркемөнерпаздық салаларына мол көңіл бөліп, шешімін күткен мәселелерді көтерді. Баяндама жеке кітап болып басылып шықты.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі бірінші онкүндігіне дайындық мәдениетшілер съе­зінен кейін-ақ басталып кеткен, мұны Жүргеновтің ұлт өнері, ағарту ісі, мәдениеті, әдебиеті мен ғылымының жетістіктері және проблемалары жөнінде жазған көптеген мақаласынан, берген сұхбатынан айқын аңғаруға болады. Онкүндікке орай 1936 жылы Мәскеуде шыққан «Қазақстан» деген кітапта ол: «Классиктер мен совет жазушыларын аудару қазақ халқын Одақтың және Батыстың тандаулы әдеби шығармаларымен бауырлас­тырып, қазақ жазушыларының интернационалдық байланыстарын нығайтты», – деп жазды. Сол жылғы мамырда Мәскеуде өткен декада қазақ мәдениетінің әрі айтулы мерекесі, әрі одақтық көлемде тапсырған аса маңызды емтиханы еді. Комиссардың бұл реттегі еңбегі көптеген естеліктерде егжей-тегжей, үлкен сүйіспеншілікпен баяндалған. Онкүндікке қатысу­шылардың Кремльдегі Үлкен Сарайда ел басшыларымен, астанадағы өнер қайраткерлері және еңбекшілер өкілдерімен кездесуінде Жүргенов: «Мәскеуде біз көп нәрсені үйрендік, бізге өз жұмысымыздың сапасын одан әрі жақсарту, Қазақстандағы мәдени революцияны күшейте түсу міндеті жүктелетінін ұғып, қабыл алдық», – деді. Қазақ мәдениетін дамытуда сіңірген аса зор еңбегі үшін ол Жамбыл, Күләш, Құрманбек, Сәкенмен қатар Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Онкүндіктен кейін музыкалық театрды ұлттық опера және балет театры деп атау туралы шешім қабылданған-тын. Темкең енді оған атына лайық ғимарат салғызуды армандады. Мәселенің күллі ресми жағын реттеп, ғимарат бой түзер орынды да өзі таңдады. Алматыда салынуға тиіс мемлекеттік театр­дың бұрынырақта өткізілген бүкілодақтық конкурста бәйге алған алғашқы жобасының авторы, мәскеулік архитектор Николай Круглов Қазақ Халкомкеңесінде айтылған пікірлерді ескеріп, жобаның түзетілген нұсқасын ұсынған-ды. Предсовнарком Ораз Исаев та, Наркомпрос Темірбек Жүргенов те бейнеленген нұсқада архитектурадағы авангард пен классика тәсілдері өзара ұтымды үйлестірілгеніне қарамастан, сыртқы көрінісіне қанағаттанбады. Жүргенов көптеген еуропалық, әсіресе Ленинградтағы опера үйінің альбом-кітаптағы суретін қарай келе, архитектор Россидің жобасымен салынып, император Бірінші Николайдың зайыбы Александра Фёдоровнаның құрметіне Александра театры атанған өнер ошағын ұнатты. Директива іспетті өтініш қабыл алынып, Круглов қасына Николай Простаков деген архитекторды алды да, екеулеп қазақ опера және балет театрының жобасын Александра театрына ұқсатып қайта қарауға кірісіп кетті. Көп ұзамай жоба қабылданды. Хал­комкеңестің құрылыс мекемесі нақты жұмысқа кірісті. Комиссар Жүргенов театрдың іргетасына алғашқы кірпіш қалау сәтіне Мирзоян бастаған партактивті шақырып, митинг өткізді...

Ойдағыдай өрістетілген мәдени революцияның арқасында Ресей Республикасының құрамындағы қазақ елі «тәуелсіз социалистік мемлекет» мәртебесіне көтерілді: 1936 жылғы 5 желтоқсанда Советтердің Төтенше бүкілодақтық сегізінші съезінде қабылданған КСРО-ның екінші Конституциясы бойынша Қазақстан Одақтас республикаға айналды. Нарком Жүргенов Советтердің Төтенше X Бүкілқазақтық съезінде Қазақ КСР Конституциясы мәтінін ақырғы өңдеуден өткізуге қатысты. Қа­зақстан Компартиясының бірінші съезінде Орталық Комитетке мүше болып сайланды. Алғашқы ұйымдастыру пленумында Орта­лық Комитеттің Бюро мүше­сі болды. Ұзамай Семей сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің депутаттығына кандидат боп ұсынылды.

...1937 жылғы 2 тамызда комиссар Жүргенов өз кабинетінде тұтқындалды. 1938 жылғы 25 ақ­­панда КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы оны атуға үкім етті (сол күні реп­рес­­сия­ланған 59 қайраткер түгел ізін­ше атып тасталды).

Темірбек Жүргенов 1957 жыл­дың 18 сәуірінде ақталды. «Отан опасызы отбасының мүшесі» ретінде еңбекпен түзеу лагеріне сегіз жылға айдалған жары Дә­меш Әмірханқызы Ермекова-Жүр­генова азаттық алысымен ерінің адал есімін қоғамға қай­тару, еліне сіңірген еңбегін жаң­ғыр­ту мәселелерімен табанды түрде шұғылданды. Содан бері мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткері Жүргеновтің саяси репрессия ұмыттырған істері жайындағы деректер тірнектеп жинала бастады, көптеген зерттеулер, естеліктер жарық көрді, деректі фильмдер шығарылды. Бұл күнде қайраткердің өмірі мен қызметін 125 жылдығына орай жұртшылыққа таныта түсу мақсатымен Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор елеулі жұмыс жүргізіп келеді. Оны мейлінше терең танып, еңбегін әділ бағалау баршамыздың пары­зымыз. Жүргеновтің орта­азиялық республикаларға ортақ тұлға болғанын мойындау өз алдына, бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігімізге даңғыл жол ашқан күрескер екенін қалтқысыз тануға міндеттіміз. Ол қараңғы, мешеу жұрт санатындағы халқының биік өнерді меңгеруге қабілетті екенін, озық өркениетпен аяғын тең басып жүре алатынын дәлелдеді: Отыз алтыншы жылғы мамырда қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі Декадасы тоталитарлық мемлекет басшылығын аң-таң қалдырып, республиканың автономиялық мәртебесін одаққұрушы тәуелсіз социалистік мемлекет дәрежесіне көтеруіне ықпал етті.

Негізгі халқының саны күрт кеміп, дәстүрлі экономикасы тұралап қалған еліміз осы 1936 жылдың соңына қарай өмірге келген Конституциямен жаңа сапаға жоғарылатылды, соның арқасында 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялай алды. Сондықтан да біз Темірбек Жүргенов аруағы алдында бас иіп, ерекше ризашылықпен қол соғуға тиіспіз.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ