21 Маусым, 2014

Кәсіптік мамандарға сұраныс артып келеді

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
С.КурманбековаҚазіргі кезде Жамбыл облы­сын­дағы 51 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 32 320 білімгер 85 мамандық, 133 біліктілік бойынша білім алуда. Оның 13 500-і оқуға мемлекеттік тапсырыспен түскендер. 2012 жылдан бастап облысымызда дуалды оқыту жүйесі енгізілді. Бүгінгі күні 11 колледж­де 19 мамандық бойынша дуалды оқытуға 1521 білімгер қамтылып, әлеу­меттік серіктестермен 123 ке­лі­сімшарт жасалған. Әлеу­меттік серіктестікті үйлестіру мақсатында кәсіптік-техникалық білім мекемелері ірі өндіріс орындарымен, шаруа қожалықтарымен, басқа да мүдделі мекемелермен оқу­шыларды өндірістік тәжі­рибеден өткізу және жұмыс­пен қамту мақсатында 1182 келісімшарт пен меморандум жасады. Білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізу үшін әлеуметтік серіктестер тарапынан 14 632 орын қарас­ты­рылды. Экономика салаларын білікті отандық жұмыс күшімен қамтамасыз ету, кәсіптік білім мен еңбек нарығының арасында тығыз байланыс орнату мақсатында жұмыс берушілер есебінен өткен оқу жылында 19,1 млн. теңге бөлініп, 146 білім­гер, ал 2013-2014 оқу жылында 30,5 млн. теңге бөлініп, 190 білім­гер оқумен қамтылды. Оның ішін­де 34 білімгерге шәкіртақы төленуде. Техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер жаңа мамандықтар ашу арқылы өз ауқымын кеңейтуде. 2013 жылдан бастап «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты «Қаратау» ТКӨК-тің қажеттілігі негізінде әрі дуалдық оқыту жүйесін енгізу мақсатында 50 орын көлемінде мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Жамбыл өңірінің экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі – химия өнеркәсібі болса, бұл салада өңірге келген ірі өндірістік кәсіпорындар – «Еврохим-Удобрение» ЖШС және «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ-тың шоқтығы биік. Дәл қазір «Еврохим-Удобрение» ЖШС тарапынан Жаңатас қаласында орналасқан №5 колледжді жұмыс­шы мамандар даярлау үшін база­лық колледж ретінде пайдалану мәселесі қарастырылуда. Аталған компанияға Қаратау өңірінде орналасқан колледждерде тау-кен мамандарын даярлауды 2015 жылдан бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Тараз химиялық паркі» компаниясына қажет 8 мамандық бойынша кадрлар даярлануда. Биыл жыл соңына дейін химия саласына қажет мамандар даярлау мақсатында Тараз қаласында 600 орындық колледж пайдалануға беріледі. Өткен жылдың соңында Халық­аралық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы аясында республика көлемінде байқау өткізіліп, онда облыстың 4 колледжі жеңімпаз атанды. Бұл колледждердің әрқайсысы 57 млн. теңге көлемінде грант иеленіп, ол қаржының 70 пайызы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, 30 пайызы теориялық оқытуға жұмсалмақ. Осы қаржы есебінен арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқу шеберлері білікті­лікті көтеру курстарын шетелдерде өтетін болады. Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыс көлемі өсіп келеді. 2012-2013 оқу жылында техникалық және кәсіптік білімді кадрларға қажет­тілік 5856 орынды құрап, 4229 мемлекеттік тапсырыс бөлін­се, 2013-2014 оқу жылында тех­никалық және кәсіптік білімді кадр­ларға қажеттілік 5666 орын­ды құрап, 4730 мемлекеттік тап­сырыс бөлінді. Яғни, алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс көлемі 501-ге артты деген сөз. 2013 жы­лы 6729 білімгердің 4791-і, яғ­ни 71,2 пайызы жұмыспен қамтылды. Облыстағы техникалық-кәсіп­тік білім мекемелерінде 2742 педагог қызмет істейді. Соңғы 4 жылда педагогтардың білік­тілігін арттыру мақсатында 96 оқытушы шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасты. Білікті маман даярлау – техникалық-кәсіптік білім мекемелерін қаржыландыруға, оның материалдық-техникалық базасын жақсартуға тікелей байланысты. Техникалық-кәсіптік білім мекемелерін ұстауға соң­ғы 4 жылда 15 млрд. 244 млн.теңге бөлінді. Колледждер құрылы­сына 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 2,7 млрд. теңге бөлі­ніп, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің бас корпусына қосымша ғимарат, Тараз қаласындағы №12 кәсіптік колледжге оқу-жатын корпусы салынып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Тараз қаласы «Арай» алабында жаңа колледж ғимараты пайдалануға берілмек. Техникалық-кәсіптік білім мекемелерінің оқу-өндірістік шеберханаларын, зертханаларын, арнайы оқу кабинеттерін жаңарту мақсатында соңғы 4 жылда 874,9 млн. теңге бөлінді. Білімгерлерді жатақханамен қамтамасыз ету – білікті маман даярлауға жасалған жағдай десек, облыстағы 22 колледжде 1387 білімгер жатақханамен қам­тамасыз етілген. Соңғы 4 жылда 3 колледжде 586 орындық жатақ­хана ашылса, 2016 жылға дейін тағы 3 колледж жанынан 400 орындық жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр. Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы. ТАРАЗ.