Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауға дайындықты пысықтап, саяси бәсекені өткізу бойынша туындаған мәселелер мен сұрақтарды тиісті мекемелермен бірге шешу.
Семинарды ашқан аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев облыстың кезектен тыс сайлауға дайындығы және бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Баяндамада Парламент Мәжілісіне депутат сайлайтын №24 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 18 ақпанда тіркеу аяқталып, бір орынға үміткер ретінде 13 адам тіркелгені айтылды.
Өз кезегінде ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров үгіт-насихат жұмысы қалай басталғанын және көшпелі семинар-кеңесті өткізудің мақсаты туралы баяндады.
– Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – саяси дода кезектен тыс өткізіліп отыр. Парламент Мәжілісінің VІІІ шақырылымы болып саналатын сайлау мажоритарлық және партиялық тізім болып, екі жүйеде өткізіледі. Қазір депутаттыққа кандидаттардың тіркелуі республика бойынша толық аяқталды. Астана қаласында №2 бірмандаттық сайлау округі бойынша 42 адам тіркелді. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Осының өзі азаматтарымыздың арасында бұрын болмаған белсенділікті көрсетіп отыр. Бірақ бұл бізге қосымша жауапкершілік жүктейді, – деді К.Петров.
Одан әрі К.Петров жаңадан енгізілген тәртіпті қарастырып, туындауы мүмкін мәселелерді қалай шешуге болатынын талқылау үшін көшпелі семинар-кеңес ұйымдастырылып отырғанын айтты. Сондай-ақ комиссия төрағасының орынбасары биылғы науқанның қаржылық шығындары барынша ашық болатындығы ескерілгенін жеткізді. Осыған байланысты ОСК-ның осы мәселе бойынша барлық сұраққа жауап беруге әзір екенін де атап өтті. Семинар барысында байқаушылардың жұмысына енгізілген өзгерістер, ҮЕҰ қатарынан тіркелетін барлық байқаушыға кедергі болмайтыны туралы да айтылды. Сонымен қатар ОСК төрағасының орынбасары бірмандаттық сайлау округінен сайланған депутатты кері шақырып алу тәртібі қайта енгізілгенін түсіндіріп өтті.
– Егер депутат өз міндетін орындамады деген сайлаушылар болса, оны қайта шақырып алу жөнінде бастама көтере алады. Бүл үдеріске жеке адамдардың да бастамашы болу мүмкіндігі қарастырылған, – деді ол.
Жиында сайлау комиссияларының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы облыс әкімі аппаратының жетекшісі Олжас Ыдырысов баяндады. Семинар-кеңестің соңында аумақтық, аудандық сайлау комиссияларының мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
ПЕТРОПАВЛ