Білім • 22 Ақпан, 2023

«Болашақ» үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясының үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Болашақ» үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді

Бағдарламаның сайтында нақтыланғандай, енді үміткер шет тілін білетіндігін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.

«Үміткерлер өтініш берген кезде шет тілінен емтихан тапсыру туралы сертификат ұсынуы керек. Мәселен, ағылшын тіліндегі магистратураға түсушілер 9.0-ден кемінде 6.0 нәтижесі бар IELTS сертификатына ие болуы керек, TOEFL: 677-ден PBT 498, 120-дан IBT 60, тағылымдамадан өтуге үміткерлер IELTS 5.0, TOEFL: PBT-417, IBT-35, DET 75 сертификаттары жарамды болып саналады», делінген хабарламада.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкеновтың айтуынша, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурстық іріктеу ережелеріс біршама жетілдірілген.

«Бұл шара кандидаттардың сапалық құрамын арттыру үшін қабылданды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлер шет тілін білудің жоғары деңгейін растауы тиіс», деді ол.

2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына квоталық санаттағы кандидаттарды қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Сондай-ақ В1 және одан жоғары деңгейі бар ҚАЗТЕСТ мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсыру туралы сертификаттың болуы міндетті.

2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура/резидентура, 50 – докторантура, 110 стипендия – тағылымдамадан өту бағдарламаларына тиесілі.

Бүгінде құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процесі толығымен автоматтандырылған. Бұл халықаралық стипендия тағайындаудың ашықтығын қамтамасыз етті.