Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қазақстан банктері мемлекеттен, яғни әрбір салық төлеушіден триллиондаған теңге алды. Осы уақыт ішінде олар операциялық қызметтен де, мемлекет көмегінен де пайда тауып, өздеріне дивиденд жасап келді. Қаржы талдаушысының пайымынша, ЕДБ-ның мемлекеттен алған көмегінің нәтижесінде қол жеткен табысына скрининг жасайтын кез келді. Егер пайда көргені анықталса, қаржыны мемлекетке қайтаруы керек немесе сол пайда көзінен ШОБ-ты арзан және мол несиемен қамтамасыз етуге тиіс
Тәуелсіз сарапшылар арасында Үкімет, Ұлттық банк және ЕДБ арасындағы келісім бойынша қарыз 1 пайыздық өсіммен 2040 жылға дейін берілген деген пікір бар. Алматыда жыл сайын өтетін қаржыгерлер форумдарының бірінде, «ЕДБ мен Үкімет арасындағы қарызды қайтарудың кестесі бар ма?» деген сұрақты таңдаулы төрт банктің бірінің басшыларына да, сол кезде Үкіметтің экономикалық блогін басқарып жүрген Тимур Сүлейменовке де қойғанбыз. Алғашқысы Үкімет берген қарызды инфляция жеп қойды десе, екіншісі бұл сұрақты Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне қою керектігін айтқан.
Демек Үкіметтің экономикалық-қаржы сегментіндегі ресми тұлғалар коммерциялық банктерге бөлген қарыздың қайтарылуынан әлдеқашан үміт үзген. Мемлекеттің триллиондаған теңгесін нарықтық емес шарттармен алған банктер төңірегіндегі қызық-қызық пікірлер соңғы жылдары мәнін жоғалтып, ұмытыла бастаған еді.
Бірақ...
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және оны қалпына келтіру үшін мемлекет бюджетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Ұлттық Банктің, оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын екінші деңгейдегі банктің артықшылықты акциялар және қаржы құралдары бойынша пайданы бөлу, дивиденд есептеу, сондай-ақ меншікті акцияларды кері сатып алуды жүргізу талаптарын бекіту туралы» Басқарма қаулысының жобасын әзірлегенін хабарлайды. Бұл құжат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 16-бабының 3-2-тармағына сәйкес дайындалыпты. Қаулы жобасы банктердің мемлекет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануына, сондай-ақ банктерді мемлекеттік борышты тезірек қайтаруға ынталандыруға бағытталған.
2008 жылдың 13 қазанында, әлемдік дағдарыс тереңдеп тұрған шақта тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «нақтыланған бағдарламалар» үшін Ұлттық қордан 2009-2010 жылдары 10 млрд доллар бөлуді тапсырды. Бұл қаражаттың 4 миллиард доллары қаржы секторы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды.
Айтпақшы, қаражаттың қайтқан-қайтпағаны туралы бір-бірін жоққа шығаратын пікірлер ел ішін кезіп жүр. Жүйе құраушы банктерге бөлінген қаржыдан бөлек, 2009 жылы мемлекет «адал ипотекалық борышкерлерге» көмек көрсету үшін Ұлттық қордан тағы 1 млрд доллар бөлді. 2015 жылдың 26 сәуіріне бекітілген кезектен тыс президент сайлауы өтер алдында, Ұлттық банк «2004-2009 жылдар аралығында қарыз алған ипотекалық борышкерлердің жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын» қабылдап, банктердің қарыздық жүктемелерін «жеңілдетіп», өзіне аударып алды. Оны жүзеге асыру үшін Ұлттық банк 2026 жылға дейін 130 млрд теңге бөлген. 2019 жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша бағдарлама аясында банктер жалпы сомасы 148,3 млрд теңге болатын 25 249 қарызды қайта қаржыландырды.
Мемлекеттің банктерге қолұшын созуының кемі жоқ. Соның тағы бір мысалы – депозитін теңгемен сақтаған салымшыларға 2015 жылдың тамызы өте сәтті болғанын сарапшылар күні бүгінге дейін айтады: Сол кездегі мемлекет басшысы Ұлттық банкке осы адамдарды қолдау үшін, олардың курс айырмашылығынан жоғалтқан қаржысын өтеуге тапсырма берген. 2015 жылдың 18 тамызында депозитінде 1 миллионнан аспайтын қаржы жатқан 1,7 миллион салымшының банктегі шотына 250 млрд теңге өтемақы түсті.
2020 жылдың қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банк жүйесін жетілдіру тәсілдерін белгісіз уақытқа кейінге қалдырмай, шұғыл түрде жасалуы керектігін, әйтпесе мұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.
Қаржыгер Асқар Құсайынов өзінің осы тақырыпқа арнаған зерттеуінде бұл сұраққа толық жауап бере алмайтынын және ЕДБ-ден қолдауды алып тастау қауіпті екенін айтыпты. Оның ойынша ЕДБ-нің негізгі проблемасы – пруденциалдық нормаларды сақтау және тұрақтылығын ұстау үшін банктердің капиталы болуы қажет. Егер капитал жеткіліксіз болса, онда банк өз функцияларын орындай алмайды: Мұндай жағдайда банк қайта қаржыландырылады немесе жойылуы керек. Сарапшы айтып өткендей, капиталдың жеткіліктілігі капиталдың тәуекелді активтерге (несие, негізгі құралдар, материалдық емес активтер, дебиторлық берешек, бағалы қағаздар) бөлінген арақатынасы ретінде есептеледі. Дағдарыс болған кезде несие дефолты өседі, мөлшерлеме көтеріледі, екінші деңгейлі банктер резервтер жасайды, жеңілдіктерді мойындайды және бұл олардың капиталының жеткіліктілігін төмендетеді. Сондықтан ЕДБ-ға көмектесу дағдарыс кезінде капиталды ұстап тұру үшін айтарлықтай пайда табуға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырылған.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев осыған дейін «2009 жылы мемлекет банк секторына акционер ретінде кіргенде қаржыны қайтару мәселесі туралы сөз болмауы мүмкін екенін, бірақ қаржылық қиындықтарды банктермен бірге көтеруге дайын болуы мүмкін екенін» айтып берген. Демек банктер мен Үкімет арасында қарыз емес, бөлінген қаржының тәуекелін бірігіп көтеру туралы сөз болғанын, қаржының сұрауы мен салмағы барын екі тарап та білген деген болжам бар.
Қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев мемлекеттің коммерциялық банктерге өте төмен пайызбен ақша құйып, содан кейін сол банктерден нарықтық бағамен несие алатынын айтады. Қазақстан банктері мемлекеттен, яғни әрбір салық төлеушіден триллиондаған теңге алды. Осы уақыт ішінде олар операциялық қызметтен де, мемлекет көмегінен де пайда тауып, өздеріне дивиденд жасап келді. Қаржы талдаушысының пайымынша, ЕДБ-ның мемлекеттен алған көмегінің нәтижесінде қол жеткен табысына скрининг жасайтын кез келді. Егер пайда көргені анықталса, қаржыны мемлекетке қайтаруы керек немесе сол пайда көзінен ШОБ-ты арзан және мол несиемен қамтамасыз етуге тиіс.
А.Чеботаревтің сөзінен ұққанымыз 2009 жылдары бөлінген қаржыдан күні бүгінге дейін «түк қалмауы» әбден мүмкін. Себебі сол жылдары берілген көмектің бір бөлігі 2040 жылға дейінгі кезеңге жылдық 0,1%-бен банктерде қаражатты орналастыру арқылы көрсетіліп, «ханталапай» жолымен үлестірілді. 2009 бен 2040 жылдың арасын 30 жыл бөліп жатқанын ескерсек, мәмілені «Үкімет бере салды, банктер ала салды», деп бағалауға болады.
«Бұл қаржыны шартты түрде берілген қаржы деуге болады. Қарыздың сол кездегі нарықтық құнын қазіргі бағасымен салыстыруға мүлдем болмайды. Қазір Үкімет экономиканы қаржыландыру үшін сол банктерден 17 пайыздық жылдық өсіммен несие алып отыр», дейді А.Чеботарев.
Коммерциялық банктерді елеңдетіп қойды
Осыған дейін агенттік активтері банк жүйесі активтерінің 71 пайызын құрайтын 10 ірі банк бойынша алғашқы тұрақты AQR өткізгенін ресми түрде хабарланған. Бұл жолы 15,2 трлн теңге сомаға 19 млн қарыз, оның ішінде 1 400-ден астам ірі қарыз алушы талданыпты. Бағалау нәтижелері жүйе бойынша капитал жеткіліктілігінің деңгейі нормативтік тұрғыда белгіленген минимум талаптан айтарлықтай жоғары екенін көрсетті. Біршама ұсақ қарыздар бойынша провизияларды бағалау статистикалық үлгінің көмегімен жүзеге асырылған.
2022 жылдың соңында Moody's сарапшылары AQR өткізгеннен кейін, қазақстандық банктерге 400-600 млрд теңге қажет болуы мүмкін екенін, банктерде мұндай қаражатты өздігінен табуы мүмкіндігі бар екенін, оған ұзақ жылдар керек екенін айтқан. Moody’s-тің қазақстандық банктер бойынша аға сарапшысы Владлен Кузнецов тексеріс аяқталған соң, мемлекеттік қолдау қажет болуы мүмкін дейді. Оның сөзінше, Ұлттық банк проблемалық кредиттер мен жетпейтін капитал көлемін жариялап, жағдайды өзгерту үшін қаржылай қолдау көрсетуі мүмкін. Қысқасы халықаралық агенттіктердің бәрі актив сапасын бағалаудан кейін, банктерге кемі 1 трлн теңге қор керек екенін айтып, коммерциялық банктерді тағы да елеңдетіп қойды.
Банктерді қолдаудың нарықтық конъюнктурасы мен тетіктерін пайдалануға келетін болсақ, бұл мәселе әлі күнге дейін үкіметтік деңгейде талқыланды дегенді естіген жоқпыз. Сарапшылар да бұл жөнінде ештеңе білмейтін болып шықты. Әлемдік тәжірибедегі «банктерге мемлекет тарапынан көмек тек нарық жағдайында ғана көрсетіледі», деген шарт бізді айналып өтіп жүрген тәрізді.
Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, коммерциялық банктер пен бизнес арасындағы көмек, сол сияқты мемлекет пен банк арасындағы көмек те тек нарық шарты бойынша жүргізілуге тиіс. ЕДБ барлық сегментте қарызды қайтаруды талап етудің 100 түрлі жолын әлдеқашан заңдастырып алған. Әлеуметтік бағдарламалар бойынша бөлінген ипотекалық бағдарламалардың несие пайызы Үкіметтің субсидиясымен ғана жеңілденіп жететіні тек қаржыгерлер қауымына таныс.
Ұлттық банк ЕДБ-ге экономиканы қаржыландыру үшін инфляция деңгейінен жоғары мөлшердегі пайызбен маржа берсе, мемлекеттен триллиондаған көмек алған ЕДБ мемлекетке бизнесті қаржыландыру үшін кемі 16-17,5 пайызбен несие беріп отыр. Бұл жердегі құпия – мемлекеттің коммерциялық банктерге бөлген қаржысын қандай шарттармен бергені.
Тәуелсіз сарапшы Сергей Полыгаловтың айтуынша, нарықтағы несие келісімшарттарының бәрін нарық заңына бейімдейтін кез келді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банктердің нарықтық шарттармен алған қаржыны қайтаруды заңдастыруы кеш болса да дұрыс қабылданған шешім. Қазақстанда экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, соның 16 трлн теңгесі мемлекеттік жобаларды, шағын бағдарламаларды қолдасын деп, банктерге берілген екен. Сарапшының айтуынша, Үкіметтен коммерциялық қарыз алған ЕДБ ешқайда қашып кеткен жоқ. Бір-біріне қосылса да, іріленсе де жұмысын жалғастырып, акционерлеріне табыс беріп жүр. Үкімет пен Ұлттық банктің қазір де батыл шешім қабылдауына екі арадағы келісімдер кедергі келтіруі мүмкін.
Дағдарыс кезінде мемлекет банктерге көмек беруден бас тартқан емес. Бірақ клиентпен арадағы келісімде қарызды қайтарудың тәсілі заңдастырылған. Алдағы уақытта Үкімет пен ЕДБ арасындағы келісімшарттар да осындай жолмен жүзеге асуға тиіс. Сарапшы айтып өткендей, банктер мен Үкімет, Ұлттық банк арасындағы қарыздық-несиелік келісімшарттар немесе олардың шарттарының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып отырса, екі тараптың да мүддесі қалтарыста қалмайды.
Сонымен ЕДБ-ның Үкіметтен алған қарыздарын қандай жеңілдікпен қайтаратыны қызық тақырып болып тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған жобасы екі жақтың да көңілін қалдырмайтындай деңгейде ұсынылып отырғанын біз де байқап қойдық. Соған қарағанда Үкімет пен Ұлттық банк «қарызды қайтармай қойса, қайтеміз» деген сауалға әлі жауап дайындап үлгермеген сияқты...
АЛМАТЫ