Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен сенбіде Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің қатысуымен Кеден одағы Жоғарғы органының мәжілісі болып өтті. Осы мәжіліс қорытындысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Кеден одағын қалыптастыру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы келісім-шартқа қол қойылды.
Сөйтіп, Қазақстан мен Ресей бұрыннан қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағын құрудың екінші кезеңін бастайтын болды. Өйткені соңғы жолы жасалынған келісім-шарт 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап екі елдің аумағында Кеден одағының Кеден кодексінің іске қосылатындығын білдіреді. Ал Кеден одағының Кеден кодексі оған қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендік шекараларды жоя отырып, бірыңғай кедендік аумақтың құрылуын, осы шекаралардағы жүктерді кедендік ресімдеудің (тауарлардың өтпелі кезең нормалары қолданылатын жекелеген түрлерін қоспағанда) жойылуын, үшінші елдерден келетін тауарларға бірыңғай кедендік салықтың белгіленуін қарастыратындығы белгілі.
Аталған келісім-шартқа қол қойылуы осының алдында, яғни үстіміздегі жылдың 21 мамыры күні осы Санкт-Петербург қаласында болып өткен Кеден одағы Жоғарғы органының мәжілісі барысында оған қатысушы мемлекеттердің жасаған уағдаластықтарына сәйкес Үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі Кеден одағы комиссиясының және оған қатысушы сарапшылар тобының үшжақты жүргізген келіссөздерінің жемісті нәтижесі болып табылатындығын атап көрсете кетсек артық болмас. Мемлекеттердің Кеден комиссиясы құрамындағы өкілдері соңғы бір аптаның ішінде бейнеконференциялар ұйымдастыру, телефон арқылы үздіксіз байланыста болуы арқылы көптеген жұмыстарды жүргізіп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға себепші болған. Мұны соңғы кездесу барысында Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин атап көрсете кетті.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың пікірінше, өз жұмысын 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастаған Кеден одағы осынау соңғы маңызды келісімге қол жеткізілу арқылы өзінің тиімділігін, оған қатысушы тараптардың ұлттық экономикаларды дамытуға барынша мүдделі екендігін және қабылданған шешімнің сол мүддеге сәйкес болып шыққандығын тағы бір дәлелдеді.
“Қазақстан мен Ресейдің арасында Кеден одағын қалыптастыру тетіктеріне қатысты осыған дейін болған жекелеген түйінді мәселелердің барлығы шешімін тапқандығын, ортақ келісімнің табылғандығын қанағаттанғандықпен атап көрсетемін. Ең бастысы, Қазақстанның ұлттық мүдделері толық мәнінде қорғалатын болды”, деп мәлімдеді Кәрім Мәсімов.
Кәрім Қажымқанұлының айтуынша, Қазақстан үшін үшінші елдерден автокөліктерді енгізудің кедендік тәртібі өте нәзік мәселелердің бірі болып табылған. Өйткені бұл мәселенің экономикалық пайдасымен қатар әлеуметтік мәні де зор. Осы мәселе бойынша өтпелі кезең белгілеуге қол жеткізілді. Өтпелі кезең уақытында Қазақстанға келетін жеңіл көліктерге кедендік ресімдеудің бұрынғы режімі мен кедендік алымның бұрынғы ставкасы сақталынып қалады. Бұл өтпелі кезең Кеден одағын қалыптастырудың неғұрлым жоғарғы сатысы болып есептелетін Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі тиісті құжатқа қол қойылғанша күшінде болады.
Екіншіден, Кәрім Мәсімовтің атап көрсеткеніндей, Кеден одағын құру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы келісім-шартқа екіжақты формат бойынша қол қойылуына байланысты тараптар осы кезең ішінде барлық шешімдер консенсус негізінде қабылданатын болады. “Мұның өзі екі елдің, екі ұлттық экономиканың мүддесіне сәйкес жасалып отырғандықтан өте маңызды шешім”, деп мәлімдеді Қазақстан Премьер-Министрі.
Үшіншіден, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің хабарлағанындай, тараптар жоғарғы сот судьялары деңгейіндегі бірлескен уақытша топ құру жөнінде келісімге келген. Екі елдің іскерлері арасындағы шаруашылық дауларын шешу мәселесімен шұғылданатын бұл топ Қазақстан елордасы Астана қаласында орналасатын болады.
2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағын қалыптастырудың екінші кезеңіне көшуді қарастыратын барлық келісімдер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің тапсырмасына сәйкес, мемлекет басшыларымен кеңесе отырып қабылданды. Мұны кездесу барысында екі елдің үкімет басшылары да атап көрсетті.
Кеден одағының Жоғарғы органының осы жолғы отырысына Беларусь тарабының қатыспай қалғандығы белгілі. Осыған орай Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Ресей мен Қазақстан тарабы Беларустің осы жолы қол қойылған келісімге қосылуын қолдайтындықтарын және осыған орай таяу уақыттың ішінде тиісті шешім қабылданады деп үміттенетіндігін жеткізді.
Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Владимир Путиннің айтуынша Беларусь тарабы Кеден одағын қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды үшжақты формат негізінде жалғастыруға әзір екендіктерін мәлімдеген. Бұл жайында осы елдің Премьер-министрі Сергей Сидорский ел Перезиденті Александр Лукашенконың сөзіне сүйене отырып Путинмен өзінің телефон арқылы сөйлесуі кезінде айтқан. “Беларусь тарабы құжаттарға қол қоюға әзір. Мәселе Беларусь мекемелерінің экономикалық блокқа қатысты кейбір техникалық тетіктерді келісуіне байланысты болып отыр”, деп мәлімдеді Владимир Путин өзінің телефон арқылы сөйлесуінде Беларусь Премьер-министрінің айтқан сөзіне қарата.
Құжаттарға қол қою аяқталғаннан кейін Кәрім Мәсімов пен Владимир Путин журналистер алдына шығып, қысқаша сұхбат берді. Осы сұхбат барысында Ресей мен Қазақстанның арасында жасалған келісімге Беларусь тарабы да қосылады деген үміт білдірілді. Бұлай болмаған жағдайда Ресей мен Қазақстан Кеден одағын құрудың екінші кезеңіне өз беттерімен кірісе беретін болады. Беларусь тарабының келісімге қосылудан әзірге бой тартуына Ресейден осы елге өтетін мұнай өнімдеріне салынатын кедендік баж салығы да әсер етіп отырған іспетті. Владимир Путиннің айтуынша, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылған кезде бұл мәселе өздігінен реттелетін болады.
Кәрім Мәсімов қазақстандық және шетелдік журналистерге берген шағын сұхбатында Кеден одағының екінші кезеңіне өту жөніндегі келісімдерге қол қойылған тұста біздің еліміздің мүдделерін қорғау барынша маңызды болғандығын, қорытындысында осыған қол жеткізілгендігін тағы да атап көрсетті. “Ең маңызды мәселе – біздің тәуелсіздігіміздің мәселесі, біздің ұлттық мүдделеріміздің тиісті деңгейде қорғалуы. Осыған қол жеткіздік. Жасалынған келісімде біздің компанияларымыз, біздің азаматтарымыз Кеден одағына қатысты белгілі бір артықшылықтар мен жеңілдіктерге ие болды. Кеден одағын құру жөніндегі Елбасының берген тапсырмалары орындалды”, деп мәлімдеді Қазақстан Үкіметінің басшысы.
Сонымен үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы кедендік шекараның жойылуы қазақстандық өнімдерді өткізу рыногын әлдеқайда кеңейте түсті. Мұның елімізде жаңа индустрияландыру ісі жүзеге асырылып жатқан тұстағы маңызы өте зор. Өйткені индустрияландыру бағдарламасына сәйкес тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана 144 жоба, ал үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 102 индустриялық-өнеркәсіптік нысан іске қосылмақ. Осыларда өндірілген жаңа өнімдерді шетке шығарудың қосымша мүмкіндіктері пайда болып отыр. Сонымен қатар бірыңғай кедендік аумақ арқылы отандық бизнестің тауарларды шетке тасымалдау кезінде тарифтердің біріздендірілуіне байланысты жеңілдіктерге ие болатындығы да анық. Мұның өзі Қазақстанның Еуропа одағы мен Атлантикалық өңірге және Жерорта теңізі аймағы елдеріне шығуына қолайлы жағдай туғызатын болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.