Төтенше жағдай • 23 Ақпан, 2023

Әбігерге салған ақпанның жаңбыры

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ғана «Қаз­гидро­мет» елімізге жауын-шашынды атланттық цик­лон келеді деп хабар­ла­ған еді. Айтқаны айдай ке­ліп, ақпанның 21-нен бас­талған жылымық 22-де жауынға айналып, Сол­түс­тік Қазақстанды қатты әбігерге салды.

Әбігерге салған  ақпанның жаңбыры

22-сі күні таңертеңнен қала­ішілік қоғамдық көліктер өз уа­қытында рейске шыға алмай, 2-3 сағатқа кешікті. Көше көктайғақ, кейбір жерлерде су көлкіп жатыр, жолдар жабылған, мектеп оқушылары алыстан оқуға ауыс­тырылды. Күні бойы жауған қысқы жаңбыр тек күн бесінге таянғанда ғана тоқтап, арты қалың қарға ұласты. «Қазгидромет» циклонның соңынан батыстан антициклон соғып, ауаның температурасы 2-3 күннен кейін 25 градусқа дейін төмендейді деген. Егер бүгінгі сылпылдақ жаппай қатып, суық соқса, көктайғақ тіпті көк мұзға айналуы мүмкін.

Ауа райын болжаушылар осы күні кешке қарай облыстың батысы мен солтүстігінде қатты сырғыма жүретінін хабарлады. Ауаның температурасы қатты төмендемегенімен, желдің жыл­дам­дығы секунтына 23 метр­ге жететіні айтылды.

Ал 22 ақпан күні таңғы 11.00-ден бастап барлық респуб­лика­лық маңызы бар жолдар жүк машиналары үшін жабылды. Соның ішінде Астана-Петропавл бағытындағы трасса Рощинск селосынан бастап облыс ор­талығына дейін, Жезғазған-Пе­тропавл бағытының жолы Тоқ­сан би ауылынан бастап Бес­көлге дейін, Петропавл қала­сы арқылы өтетін Ресейдің Челя­бинс­кісінен Новосибирскіге ба­ра­тын жолының Солтүстік Қа­зақ­стан аумағынан өтетін учас­кесі жабылды.

Жолдарды жабу туралы хабар шыққанға дейін Петропавлдан Омбы қаласына шығып кеткен КамАЗ автомашинасы тірке­месімен жолдан шығып кетіп, Мағ­жан Жұмабаев ауданының аумағында жамбастап қалды. Қалың қардың пайдасы тиіп, ауда­рылып кетуден аман қалған сияқты. Әйтеуір жүргізушісі зақым алған жоқ.

Облыс полицейлері қазір қызу жұмыс үстінде. Олар жаяу жүргіншілер мен көлік айдау­шыларға хабарламалар жіберіп, сақ болуға шақырып жатыр. Әсіресе көлік иелеріне бір-біріне жақын жүрмеуді, ара­қашықтықты ұзартуды, жаяу жүргіншілер өтетін жолдарда баяулауды дыбыс күшейткішпен ескертіп жүр. Кеше түске дейін ғана қаланың ішінде бес жол-көлік оқиғасы тіркелді. Әй­теуір зардап шеккендер жоқ, бір­ақ көлікке механикалық за­қымдар келтірілді. Кеше түнде патрульдік полиция батальоны сақшыларының жолдарды ба­қы­лау саны арттырылады деп хабар­ланды.

Мектеп оқушылары ертең де үйлерінен шықпай, онлайн режімде оқиды. Тосын та­би­ғаттың қатаң мінезі қатерге ұрын­дырмасын деп тілеген тәубе­шіл жандар да көп. Лайым, солардың тілегі қабыл болғай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы