«Ата жолы» картасын беру – жаңа бастама. Ол туралы алғаш Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылдың соңында хабарлаған болатын. Аталған карта шетелдегі жоғары деңгейдегі кәсіби маман қазақтарға не өздері тұратын елде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі. Ол арқылы этникалық қазақтар 10 жылға жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, Қазақстанға келген қандастар мен қоныс аударушыларды жұмыспен қамту көрсеткішін де арттыруды жоспарлап отыр. 2023 жылғы меже 83 пайыз болса, оны 2027 жылдың соңына дейін 95 пайызға жеткізу басты назарда болып отыр.