Қоғам • 25 Ақпан, 2023

«Birgemiz: Qamqor» жобасы жалғасады

662 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Birgemiz: Qamqor» жобасы аясында 3 мың қарияға қолдау көрсетілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Birgemiz: Qamqor» жобасы жалғасады

Елімізде «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы жалғасып жатыр. Үш жылдық «Birgemiz: Qamqor» жобасы қарттар үйлері мен халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне қарасты әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың тұрғындарын қолдауға бағытталған.

«2022 жылы «Birgemiz: Qamqor» жобасын ұйымдастырушылар әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында жұмыс істеуге ниетті 1000 еріктіні арнайы оқытудан өткізді. Сондай-ақ шағын гранттар конкурсының нәтижесінде 30 жеңімпаз өздерінің волонтерлік бастамаларын жүзеге асырды. «Birgemiz: Qamqor» әлеуметтік жобасын іске асыру 2023 жылы да жалғасады», делінген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі таратқан ақпаратта.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүр бойынша жалғызбасты қарттарға көмек көрсету және еріктілерді әлеуметтік өмірге тарту мақсатында түрлі бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттар конкурсы биыл да өтеді.

Жоба аясында 2023 жылы 300 мың теңге мөлшеріндегі 30 шағын грант бөлінеді.

Сондай-ақ жоспарға сәйкес жобаға бір жыл ішінде кемінде 2 мың волонтёр тартылмақ.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Birgemiz: Qamqor» әлеуметтік жобасы 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.