Әуелі «Кузбасс» мұз сарайындағы Ұлттық құрамалар шеруінде еліміздің Туын шорт-трекші Санжар Бекежан ұстап шықты. Алдағы күндері Қазақстан осы халықаралық жарыста 6 спорт түрінен сынға түсетін 64 атлеттің жолына үмітпен қарайды.
Алғаш рет халықаралық жарысқа келген Қазақстан құрамасының капитаны Санжар Бекежан: «Туды ұстап шыққаныма қуанып тұрмын. Бұл мен үшін мотивация. Енді жарыс кезінде жүлде алуға, қасымдағы жора-жолдастарыма үлгі болуға тырысамын. Бірінші халықаралық жарыс болғандықтан қобалжып жүрміз. Алайда дайындығымыз жақсы», деді.
Шеруден соң «Азия балалары» ойындарының Туын алғаш рет танымал спортшылар ортаға алып шықты. Олардың бәрі кезінде осы ойындарға қатысып, кәсіби карьерасын бастаған танымал атлеттер. Ту ұстаушы 6 адамның қатарына елімізден бокстан Әлем және Азия чемпионы Мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов шақырту алды.
«Мен де үлкен спорттағы алғашқы қадамымды 2004 жылы Якутск қаласындағы жазғы «Азия балалары» ойындарында жасағам. Арада 19 жыл өтіпті. Қазір трибунада отырған жас спортшылардың қандай күйде отырғанын жақсы түсінемін. Бұл олар үшін тәжірибе жинайтын, шыңдайтын жақсы алаң болады. Менен басқа Ту ұстаған 5 спортшы да ресейлік екен. Осылай елеп шақырғандары үшін рақмет. Ұлттық құрамамыз сәтті өнер көрсетеді, деген сенімдемін», деді Мерей Ақшалов рәсімнен кейінгі сұхбатында.
Осыдан кейін ойындар тарихынан сыр шертетін түрлі қойылымдар мен концерт болды. Бұл қатарда мәнерлеп сырғанаудан 2 дүркін Олимпиада чемпионы Евгений Плющенко, жас спортшы Александр Плющенко мен олимпия ойындарының жүлдегері Александра Трусованың арнайы шоуын атап өтуге болады.
Жалпы салтанатты ашылуды аренадан 5 мыңға жуық жанкүйер тамашалады. Бүгіннен бастап кей спорттағы жүлдегерлер анықталып жатыр. Ал қазақстандықтар жүлде жолындағы таласқа 27 ақпаннан бастап араласады (шорт-трек).
Ойындар 4 наурызда аяқталады. Оған дейін барлығы 57 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қатысушы елдер: Қазақстан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Непал, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан, Мәскеу, Кузбасс қаласының құрамасы, Қиыр шығыс федералды округі, Сібір федералды округі, Орал федералды округінің құрамасы, Башқұртстан, Саха, Татарстан Республикасы құрамасы.
Қазақстан 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарына 8 спорттан 74 спортшы апарған. Жалпы есепте 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен 6-орыннан көрінген. 2019 жылы барлығы 11 команда қатысқан. Биылғы ойындарға 12 команда келді.