23 Маусым, 2014

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
aktobe-akimat03АСТАНА. 23 маусым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жасаған іс-сапары барысында өңірдегі бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Тарата айтар болсақ, Мемлекет басшысы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жаңа ферроқорытпа зауытына ат басын бұрды. Зауыттың жұмысын көру кезінде Президентке ферроқорытпа өндірісін ашу жобасы туралы баяндалды. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев тетікті басу арқылы зауыттың бірінші балқыту пешін іске қосты. Жаңа зауыттың арқасында еліміздің жоғары көміртекті феррохром шығару бойынша экспорттық әлеуеті 16 пайызға өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, Президент кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан өздеріне көрсетіліп отырған қолдау үшін  ризашылықтарын білдірді. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты ферроқорытпа зауытының жобалық қуаты жылына 440 мың тонна жоғарыкөміртекті феррохром өндіруге жетеді. Кәсіпорында 500-ге тарта жұмыс орны бар. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласындағы «Достық» су спорты түрлері орталығына барды. Ол мұндағы  жаттығу залын және бассейнді көрді. 2013 жылы желтоқсанда ел игілігіне берілген «Достық» су спорты түрлері орталығы спорттық және синхронды жүзуден, су добынан халықаралық жарыстар өткізуге арналған. Сондай-ақ, Президент Ақтөбе қаласындағы ««Дәру» клиникасы» медициналық оңалту орталығында болды. Мемлекет басшысы емхана жұмысымен таныса жүріп,  аталған медициналық орталықтың ұжымы өкілдерімен, облыстың денсаулық сақтау саласы ардагерлерімен және осында ем қабылдап жатқан азаматтармен жүздесті. Нұрсұлтан Назарбаев: «Қаражат бөлініп, медициналық нысандар құрылысы жүріп жатыр, жаңа жабдықтар сатып алынуда. Бірақ ең бастысы – дәрігерлердің жоғары біліктілігі, қазір сіздер үшін оқуға, соның ішінде шетелде тағылымдамадан өтуге  барлық мүмкіндік бар. Бүкіл жұмыстың көздеген нәтижесі – адамдардың өмір жасын ұзарту, ана мен бала өлімін азайту», – деді. «Дәру» клиникасы» медициналық оңалту орталығы 2013 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолданысқа берілген. Бұдан бөлек, Президент Жаңажол газ өңдеу зауытының құрылысын жүзеге асыру жөніндегі «СНПС «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына Жаңажол кенішінен бас директордың орынбасары Тахталифум Есенғұлов үшінші Жаңажол газ өңдеу зауыты құрылысының 2-ші кезеңі аяқталғанын  онлайн режімінде баяндады. Өнімділігі жылына 6 миллиард текше метрді құрайтын зауыттың алғашқы кезегі 2007 жылы қатарға қосылған болатын, енді бүгін құрылыстың екінші кезегі аяқталып отыр, ал зауыттың үшінші кезегін іске қосу 2014 жылдың соңына белгіленген. Жолдыбай Базар. Дереккөз: akorda.kz. Фото: kursiv.kz.