Білім • 26 Ақпан, 2023

Инклюзивті білімнің игілігі

672 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ресми түрде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген екен. Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарға сапалы білім алу, еңбек қабілеттілігіне сай жұмыс істеу және өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезініп, өмірден орнын табуына жол ашатын түрлі жобалар мен іс-шаралар қарқынды түрде жүргізіліп отыр.

Инклюзивті білімнің игілігі

Мұндай іс-шараларды кө­мек емес мүмкіндік деп сипат­тауымның себебі, мемлекеттің қолдауы нәтижесінде әртүрлі ұйымдар мен бірлестіктердің мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға араластыруы өз жемісін беріп отыр. Сол арқылы олар қоғамның белді мүшесіне айналып келеді. Білім алады, жұмысқа тұрады, ұнаған кәсібімен айналысады.

Мүгедектігі бар жандарды қолдау мақсатында жуыр­да Шымкенттегі М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан уни­верситетінде Ғылым және жоғары білім министрінің инклюзивті білім беру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Таңсәуле Серіковпен кездесу болды. Министрлік өкілі жиында уни­верситет қабырғасында білім алып жүрген жүзден аса мүмкіндігі шектеулі жан­ға білім, ғылымның мүмкін­діктерін паш етті, заманауи технологиялар ғасырында сапалы білім алу әлеуметтік санатына қарамастан барлық жас үшін маңызды екеніне тоқталды.

Сонымен қатар универ­ситет­тің ерекше студенттерді оқытуға сай бейімделген ин­фра­құрылымымен таныс­ты. Инклюзивті білім беру орталығындағы құрал-жаб­дық­тарды тамашалады. Мәсе­лен, мұнда зағип және көру қабілеті нашар жандарға арналған тифлоқұрылғылар бар. Сол секілді экрандағы визуалды элементтерді дыбыс­тайтын NVDA бағдарламасы орнатылған компьютерлер мен кез келген кітапты дыбыстап, оқып бере алатын Clearreader және SARA™ CE оқу және жазу техникалары қойылған. Орталықта отырып студенттің өзіндік жұмыстарын және басқа да қосымша тапсырмаларды орындауға жағдай жасалған. Ғаламтор іске қосулы тұр. Мұндағы техникаларды қалаған уақытта пайдалануға болады. Емтихандарды тапсыру ыңғайлы болу үшін кітаптарды дыбыстайтын техника http://lib.ukgu.kz/ web-сайтында орнатылған. Оны күндіз-түні қолдана беруге мүмкіндік бар. 

Кездесуде орталықтағы кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ләззат Өтеғұлова Шымкент қалалық көзі көр­мейтін және әлсіз көретін аза­маттарға арналған арнайы және басқа да кітапханалармен келісімшарт жасалғанын, соның нәтижесінде университетте білім алып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар сапалы білімге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Таңсәуле Серіков мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамас­тан, Phd дәрежесіндегі профессор атанып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол студент жастарға өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, алдынан кездескен қиындықтарды қалай жеңгенін әңгімелеп, жетістікке жету үшін жігерлі, талапшыл болуға шақырды.

Сонымен бірге кездесуде мәртебелі қонаққа биік мақ­саттарды бағындырған жас­­тардың жетістіктері баян­­далды. Мәселен, Асқат Ахмед­жан бүгінде «Қолар­бадағы би» спор­тынан әлемнің үш дүркін чем­пио­ны, Азамат Жақсым­бе­тов ең­бегінің нәтижесінде мүге­дектер арбасынан аяққа тұрған.

Өзім болсам филология фа­культетінің журналис­ти­ка мамандығы бойынша 2-курс студентімін. Көру қабі­летім­нің нашарлығына байланыс­ты 1-топтағы мүгедекпін. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті маған сапалы білім алумен қатар, оқу ордасында жүріп үлкен жобаларды жүзеге асыруыма мүмкіндік берді. Үш жылға жуық уақыт Youtube, Tiktok әлеуметтік желілерінде контент жасайтын сарапшылармен жобаларға продюсерлік етемін. Өзің қалаған арманға ұмтылсаң, нақты мақсаттар қойып соны орындау жолында тер төксең, бәрі де сен ойлағандай болатынына көзім жетті. Ең бастысы мақсат пен ұмтылыс болса, мүмкіндіктің шектеулілігі адамға кедергі емес. Сол үшін кездесуде белсенді студент ретінде әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана білсек, табыс табуға зор мүмкіндік ашылады деген ойыммен бөлістім.

Осындай қызықты кездесулер, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа бейімдеуге бағытталған түрлі қолдау шаралары тұрақты түрде өз жалғасын тауып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Бекжан НҰРАДИН,

М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті