Қазақстан • 27 Ақпан, 2023

Қазақстанның үздік бүркітшілері анықталды

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысы Жаңаталап ауылында өткен құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның үздік бүркітшілері анықталды

Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды. Чемпионат Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық «Құсбегілік» федерациясы мен Атырау облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен.

Ересектер арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XVI чемпионатында бүркітшілер сайысы бойынша «Қарашолақ» құсын баптаған Күнтуған Арманбек жеңімпаз атанды. Екінші орында Абай облысынан келген Байқадамов Ерзат, ал үшінші орында Күнтуған Серікбек (Астана қаласы) пен Қошқаров Арман (Атырау облысы) тұрақтады.

д

Қаршығаны қолға шақырудан Түркістан облысының өкілі Аршабай Дәурен бас жүлдені иеленді. Жүлделі екінші орынға Кеуенов Бағдат ие болса, үшінші орынды елордалық Күнтуған Серікбек пен Рауильұлы Құдайберген өзара бөлісті.

Ал ителгі салудан Ақмола облысынан келген Кенжетаев Ерланға тең келер құсбегі болған жоқ. Жүлделі екінші орында Жамбыл облысының намысын қорғаған Бабажан Бақдәулет, ал үшінші орында Түркістан облысын бастаған Базарбаев Ибрагим мен Кеуенов Бағдат тұрақтады.

Осылайша, командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде қанжығылап, көш бастады. Астана қаласы және Ақмола облысының өкілдері екінші және үшінші орындарға жайғасты.

Чемпионаттың алғашқы күні «Қолға қондыру» сайысының қорытындысы бойынша 18 бүркіт келесі айналымға өткен болатын. Қатысушылардың айтуынша, құстардың көрсеткен нәтижелеріне өңірде орын алған ауа райы да өз әсерін тигізген. Айта кетсек, чемпионаттың ережесіне сәйкес тікелей иесінің қолына қонған бүркіт қана максималды 10 ұпайды еншілейді. Осы ретте ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, қазылар алқасының шешімі бойынша 9 ұпайды еншілеген қатысушылар да келесі айналымға өтті. Ал «Шырғаға салу» сайысында 18 бүркіт екінші кезеңге өтті. Атап айтқанда, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана қаласының спортшылары жартылай финалға жолдама алды. Жарыстың екінші күні құстар «Қоянға салу» сайысында бәсекеге түсті.

лд

Еске салсақ, жарысқа еліміздің 14 облысынан 50-ге жуық спортшы қатысып, чемпионаттың регламенті бойынша 31 бүркіт, 11 қаршыға, 10 ителгі бәсекеге түсті. Чемпионатқа қатысуға Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының спортшылары ниет білдірген.