Үкімет • 28 Ақпан, 2023

Әкімдер қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет - Әлихан Смайылов

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қардың қалың түсуіне және жер бетінің қатып қалуына байланысты өңірлерде су тасу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдер қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет - Әлихан Смайылов

«Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет»,  деді Әлихан Смайылов.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдайдың қалыптасуына су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған. Салдарынан Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді. Одан бөлек Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалған.

«Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын», деді Премьер-министр.

«Қазгидрометтің» болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Бұған дайын болу керек. Үкімет басшысы «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.

«Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді анықтау қажет», деді Әлихан Смайылов.