Руханият • 28 Ақпан, 2023

Бас мүфти зиярат ету орындарына қатысты пікір білдірді

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы халықты тарихи кесенелерді зиярат жасауда шариғат талаптарын ескеруге шақырды, деп хабарлады Egemen.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас мүфти зиярат ету орындарына қатысты пікір білдірді

«Аллаға шүкір, Қазақстанда тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Соның шоғыры, шоқтығы биігі осы Ұлытау облысында орналасқан. Жезқазған-Ұлытау аймағында 687 тарихи ескерткіш бар. Теректі әулие археологиялық кешені, Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт кесенелері, Ақмешіт әулие, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау, Тамды тастағы хан ордалары – тарихымыздан сыр шертетін керемет ескерткіштер. Қазір тарихи орындарға зиярат жасаушылардың саны күн санап артып келеді. Осы ретте айта кетер бір мәселе бар. Әрине тарихи кесенелерді зиярат жасау мұсылман үшін сауапты істер қатарына жатады. Алайда оның әдебі мен мәдениеті сақтала бермейді», деп көпшілікті сынап тастады.

Сонымен қатар ол осыдан екі жыл бұрын «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қабылданғанын еске салды.

«Құжатты қабылдаудағы мақсатымыз – қоғамда зират көтеру мен зиярат жасау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу. Қабір  басында түнеуге, мәйіттен пана сұрауға, ойнап-күлуге, әзілдеп-қылжақтауға, тауап етуге шариғатта тыйым салынады. Қабірде жатқан кісіге табыну – зиярат жасаудың түпкі мақсатына қайшы. Осы мәселеге тағы да назар аударуды сұраймыз», деп қосты бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.