Немерелерінің тәрбиесіне ерекше мән берген асыл әжелер ұл мен қыздың ғана бағбаны емес, ұлттың да ұйытқысы бола білген. Бала атаулы телефонға тәуелді болған бүгінгі заманда дүниеге келген сәбиді бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әжелердің әлі де бар екені қуантады.
Иә, айтайын дегеніміз 68 мың кітап оқып, 10 тіл меңгерген Мейірханға білімділік үлкен жетістікке жеткізетінін ұқтырған нағашы әжесі Жұмаш болатын. Ал Салиха әжесі бірнеше жыл зейнетақысын жинап, Ресейден мың дана кітапқа тапсырыс беріп алдырған. Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылының тумасы Мейірхан Топанбайды бүгінде бүкіл елге танытқан да көп оқып, көп тіл білуге деген құштарлығы, осы мақсаттағы ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы. Бес жасар немересінің кітапқа деген құштарлығын аңғарған әжесі оған Решад Нури Гюнтекиннің «Бозторғай» кітабын сыйлапты. Марқұм нағашы әжесі «жүйкең тынышталады», деп шұлық тоқуды да үйреткен. Бүгінде қолөнер жұмыстары да Мейірханның тұрақты хоббиі. «Бозторғай» мен Шыңғыс Айтматовтың «Атадан қалған тұяқ» атты шығармасын бір кезеңде бастап, бірдей аяқтаған. Бала Мейірханның алғашқы кітап оқуы осылай басталған. Кейін Решад Нури Гюнтекиннің «Әнші құс» кітабын оқып жүріп көп тілді меңгерсем деген ой келеді.
«Көп тілді меңгеруіме түрткі болған Шыңғыс Айтматов пен Решад Нури Гюнтекин болды. Бес жасымда екі кітапты оқып бітіріп, үш тілді меңгердім. Кішкентайымнан білімге құштарлығымды оятқан нағашы әжем екенін айтудан жалықпаймын. Себебі сал ауруына шалдыққан бала болғандықтан, үнемі әжеммен бірге болуға тура келетін. Екеуміз оқыған кітаптарымызды талқылап, ұзағынан отырып түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құратынбыз», дейді Мейірхан.
Анасы Ұлбосын Әбенова да кітап оқуға құштар жандардың бірі. Шет тілдері пәнінің мұғалімі ұлының денсаулығын ойлап, жұмыстан шығып бар уақытын бала тәрбиесіне арнаған. Ал Мейірханның білімге қызығушылығын әрі қарай жетілдіре, шыңдай түскен – ұстазы Жанна Ботабаева. Филология ғылымдарының докторы, 20 жылдан бері сал ауруына шалдыққан балаларға тіл үйретіп жүрген ұстаз. Жанна Ботабаева Шымкенттегі академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде екі бірдей жоғары білім алған Мейірханға орыс тілінен дәріс берді. Қазір Ж.Тәшенов университетінің филология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүрген ұстаз шәкіртіне бір аптада 14 кітап оқудың жолын көрсеткен. Оқумен қатар қысқаша талдау жасап отырған. Бір аптада 17 кітап оқыған кездері де болыпты. Жас жігіттің 68 мың кітап оқығанына күмәндана қарайтындар да табылар. Бұл орайда Мейірхан кітап оқудағы өз әдісін де жасырмайды. «Осыншама кітаптың бір бетін жібермей оқу мүмкін емес, әрине. Ол кітаптың барлығын қолыма алғанмын, оқығанмын. Бірақ ішінен керек жерін түртіп аламын. Мысалы, «Қараш-қараш оқиғасы» повесін қарастырсақ, жалпы кітапты шолып шығып, ішіндегі керек қажетті жерлерін, өлеңдерді қағазға түртіп аламын. Мазмұнын толық зерттеймін. Сонымен кітап оқылды деп есептеймін. Оның методикасы сондай. Кейін уақыт өте келе сол кітаптарды қайта оқуға немесе аудио кітап түріндегі үлгісін тыңдап тұруға тырысамын. Бір күнімнің 18-19 сағатын кітап оқуға арнаймын. Басқа жұмыс істеп отырсам да, кітаптың аудионұсқасын қосып қоямын. Оны тыңдау арқылы қайта еске түсіремін. Мұны мен дағдыға айналдырғанмын. Қайта оқып, тыңдап еске түсіріп тұрмасам, ол кітап ұмыт болатыны анық. Тағы да осы тұста әжем туралы айтпасам болмас. Себебі бұл жақсы қасиетті де бойыма сіңірген нағашы әжем. Мен брайль кітаптарды да көп оқыдым. Брайль кітап кәдуілгі кітаптарға қарағанда жеңілірек. Брайль әліппесі – зағиптар әліппесі. Саусақтың ұшы арқылы оқылатын кітап. Қазақстанға алғаш келген қазақша брайль әліппесінің атасы – Ақан Қасымов. Бұл әліппенің пайдалы тұсы да бар. Ол көзге салмақ түсірмейді және қарапайым кітаптан әріптері кішкентай болып келеді. Иә, 68 мың кітап оқу мүмкін емес деп санайтындар бар. Бірақ ол – мүмкін! Адамның жан тынысын ашатын дүниедегі жалғыз нәрсе – кітап. Кітапты ештеңе алмастыра алмайды. Адамзаттың негізгі мұраты – адам болу болса, сол мұратқа жеткізетін кітап», дейді Мейірхан.
Кітапқа құштарлығы тіл үйренуге себеп болған Мейірхан 10 тілде еркін сөйлей алады. Әр сөздің мағынасына бала кезден мән бере қарап, әр тілдегі ең ғажап деген сөздерді үйренуді әдетке айналдырған. Ана тілімізден кейін жүрегіне жақыны – түрік, испан, француз тілдері. Бұл шет тілдерінде ана тіліндей еркін сөйлей алады. Түрік тілін бала кезден ана тілімен қатар үйренген. Түрік тіліне деген қызығушылығы грек тілін үйренуіне түрткі болды. Ал испан тіліне деген қызығушылығы ерекше. Жалпы, сол елдің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдебиетіне деген қызығушылығы тіл үйренуге жетелеген. Француз тілін мектепте үйренген ол қазір италиян тілін меңгеруде. Неміс, парсы, поляк және тәжік тілдерін оңай меңгерген оған ағылшын тілі қиындау болған. Өзі білетін тілдерге арнайы уақыт бөліп, өлең оқуды әдетке айналдырған ол қойын кітапшасына қазақшалап жазу арқылы жадын жаттықтырып, көкжиегін кеңейтеді. Бос уақытында шетел авторларының шығармаларын қазақ тіліне аударады. «Тілді меңгеру арқылы көптеген дос таптым. Өзімді таптым. Тіл арқылы жолымда жақсы адамдар кез болды. Үлкен-үлкен есіктер ашыла бастады. Тілдің киесін ұғындым», дейді кейіпкеріміз.
Ауылда кітапханашы болып жұмыс істейтін бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі 28 жастағы жігіттің айтары көп. Жоғары оқу орнында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алған оны кітапқа деген құмарлық еріксіз кітапханаға жетелеген. «Менің бар байлығым – кітап пен кітапханадан тапқан достарым, әріптестерім. Жалғыз болсам, мен ештеңеге қол жеткізбес едім. Тәжіктерде «Сен қадам жасауды бастамасаң, бұлаққа да, баққа да жетпейсің» деген сөз бар. Жүріп-тұрудан бөлек, адамдардың көзқарасының өзі де ауыр тиеді. Кедергілер де жиі кезігеді. Адамдар әлі бізді толық қабылдауға дайын емес. Дайын емес деп отыра беруге де болмайды. Бар екенімізді көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Біздің қоғам мүгедектігі бар азаматтарға аянышты халмен немесе масыл деп қарайды. Сонымен бірге көпшілігі оларды жұмысқа алудан қашады», дейді Мейірхан ішкі жан дүниесіндегі арпалысты сездіріп. Иә, мүгедек жанға күтімнен бөлек отбасының сенімі, ортаның мейірімі ауадай керек. Ата-анасының қолдауымен қиындықтардан өткенін айтқан ол, аяқкиімімнің бауын әлі күнге дейін анасы байлап беретінін де жасырмады. «Барлық сынақты әжем мен анам үшеуміз көріп келеміз. Талма ауруынан көзімнің көру қабілеті кеміген кезде де үшеуміз сынақтан шығудың жолын іздедік. Анам мені орта жастан асқанда өмірге әкелген. Үш айлығымда сал ауруына шалдыққанымды біліпті. Анам ертеңімді ойлап, негізгі жұмысынан шығып, өмір бойына менің күтіміммен айналысты. Балқарларда: «Тірлік етпегеннің өмірге берері жоқ» деген әдемі есті сөз бар. Мендегі өмірлік мақсат – адамға масыл болмау. Үйде жатып, өзімнің талантымды тұншықтырып, болмысыма қиянат еткім келмейді. Жанымды жадыратар бір жақсылық болса, ол – жұмыс істеуім. Себебі егер жұмыс істемесем, күнделікті қолданатын дәрімді анам мен әкем зейнетақысынан әперер еді. Менің алдымда екі таңдау болды. Біріншісі – мүгедектігіме мойынсынып, қараңғы бөлмеде отыру. Екіншісі – мүмкіндігімнің шектеулі болғанына қарамастан, әлемде адамзатқа берілген қаншама мүмкіндіктің бар екеніне көз жеткізу. Айналамда болып жатқан ғажайыптарды, тіршілікті жан-тәніммен сезіну. Оқу. Білім алу. Осы арқылы өз қажеттілігімді өзім қамтамасыз ету. Әлемді тану, ғажайыптарды сезіну менің қолымнан келді. Ал осының барлығын істеуіме отбасымның қолдауы мықты болды», дейді Мейірхан. Әкесі Мейрамбек ұлын емдетемін деп 75 жасқа дейін күзетші болып жұмыс істеген. Бұл жайт жанына қатты батқан Мейірхан әкесі бейнетінің зейнетін көргенін қалап, жұмысқа араласқан. Бүгінде өзі туып-өскен ауылда кітапханашы болып жүрген жас жігіт осы жолда өзіне үлкен қолдау көрсетіп, жұмысқа қабылдануына көмектескен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы М.Амановқа, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Қамар Мекембайқызына ризашылығын білдірді.
Айта кетелік, Мейірхан Мейрамбекұлы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының және Түлкібас ауданының жыл үздіктері таңдалған тұста «Үздік оқырман – 2021» атанған. Сол кезде оқыған кітаптарының тізімі арнайы хаттамаға енгізіліп, ұсынылған екен. Яғни сол жылғы санақ бойынша оның университет кітапханасынан 3 987 кітап, арнайы кітапханадан 29 536 аудио және брайль кітап, аудандық кітапханадан – 27 777, Жаскешу ауылдық кітапханасынан – 404, Тастұмсық ауылдық кітапханасынан 198 кітап оқығаны белгілі болған. Одан бергі уақытта Мейрамбек 3 мыңнан аса кітап, 4 100 брайль және 400-ге жуық аудио кітап оқыпты.
Түркістан облысы