Руханият • 28 Ақпан, 2023

Ертең

248 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертең бүгіннен де қиын болмақ, себебі ертеңнің қандай болатынын бір Жаратушыдан өзге кім білмек? Ертеңнің өз сыры ішінде. Алайда таң атып, күн басталғанда ертең дегеніміз бүгінге айналмақ. Біз тағы да ойлаймыз: «ертеңіміз не болмақ?». Ертеңнің бүгінге айналғанынан нендей тәжірибе алдық? Тек күндердің дамылсыз ауысуы ма, жоқ, әлде әр күн өз жүгін келесі күнге өткізбекші ме?

Ертең

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір күннің, яғни бүгіннің жүгі ертеңнің қай қисынына келмек? Ал ертең дегенді метафораға салып, ілгеріде болатын оқиға деп қарастырсақ ше? Онда бүгіннің мазмұны бүгін емес, ертең ашылмақ. Олай болса, бүгінгі күннің ертеңге нендей қажеттілігі бар? Әрине, күндердің ауысуы – сабақтастық. Адам ғұмыры көп күндерден тұрады. Бүгінгі ертең, ертеңгі бүгін болып тынымсыз ауыса бермек. Олай болса, бүгінгі сөз, ертеңнің сөзі бола ала ма?

Бүгінгі сөздің ертеңге қажеті бола ма? Осы мәселе тұрмыста, саясатта үнемі ескеріле бермейді. Біз көбінесе ертеңді ойламай, яғни бүгінде ертеңнің сөзін сөйлей алмаймыз. Содан қателесеміз. Бүгінгі күннің сарапшысы – ертеңгі күн емес пе, олай болса, сөзімізді ертеңгі күнді ойға сала отырып, сөз айтсақ, ол мүмкін бе?

– Сен бүгінгі күннің сөзін айт, – деп саясаткерлер төбеңнен діңкілдеп тұр. Олар бүгінгі күн сөзі, бүгінмен бірге келмеске кететінін ойламайды. Ал ертеңге қалатын қандай сөз?

Өткен заманда Асан қайғы «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар», дейді.

Иә, бұл ертеңгі күндерге қарата айтыл­­ған сөз. Сақтық сөз. «Сақтансаң – сақтай­мын» деген. Алла тағала сөзі дейді жұрт.

Сақтық – қорғаныс механизмі. Бүгінде сақтық дегенде Мемлекет басшысы, Президентке сеніммен қараймыз. Сенім жойылса не болмақ, сенім қажет, оны айту міндет.

Қазіргі заманды талдап берген данышпанды білмеймін. Мүмкін ондай ғұлама бар шығар. Хакім Абай адамзат адасады, оны жолға салатын үш тайпа ел бар деген, олар: пайғамбарлар, әулиелер және хакімдер.

Көп заман өтті, адамзат пайғамбарларсыз ғұмыр кешіп келеді.

Ертеңгі күнді ойламай, саясаттың ық­палымен адасқан ақындар Ленинді пай­ғамбар деп дәріптейді, ол ертеңге қатысты сөз емес, сол кездің бүгінгісінің зәру сөзі еді. Оны айтқызған шайтандық идеология, әйтпегенде, қайдағы аяқ астынан шы­ға келген пайғамбар? Құран Кәрімде мұсыл­мандық түсінік, ұғымда Мұхаммед – соңғы пайғамбар. Демек, пайғамбар деп тану, ол ертеңдерге айтылған сөз емес, саясаттың қитұрқы әуресі.

Бүгінді бақсақ, Ленин – пайғамбар емес, 1917 жылы пролетариат диктатурасының мемлекетін құрған, яғни анығын айтқанда, фашистік саяси жүйе құрған адам.

Бұл саяси жүйе бүгінгі мен ертеңгі айтылатын сөздерді әбден орынсыз шатас­тырды. Керемет адасушылық басталды.

Түйіндесек, бүгінгі сөз бен ертеңгі сөзді шатастыру – адасушылық.

Күні кешегі Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде де осылай болып өтті емес пе?

Пайғамбарсыз қоғам, мемлекет, ел бол­мақ ниетте едік, түпкілікті мақсатқа жетпедік.

Пайғамбар болмаса, елді жөнге салатын әулиелер еді.

Тәуелсіздік жылдары елімізде жөн айтатын әулиелер болды ма? Жоқ. Мен «тірі әулие» кездестірмедім. Аруақ-әулиелер жеткілікті. Айталық, Құл Қожа Ахмет Ясауи, Пір Бекет, Мәшһүр Жүсіп т.б. Иә, оларға құрметіміз бар, бірақ олардың айтқандарымен жүрдік пе?! Нәпсі тазалығы болды ма? Жоқ. Оның орнын жемқорлық жайлап кетті.

Тақуалық – тазалық болды ма? Жоқ. Оның орнын билік-байлық өңгеріп алып кетті.

Хакім Абай адасқан жұртты жөнге салатын хакімдер деген.

Тәуелсіз Қазақстан жылдары «тірі хакімдер» болды ма? Жоқ. Хакім деген ой тақуалығына ие адам.

Көп нәрсенің парқын біледі-ау деген ғалым, жазушы, ақындар саясаттың, би­ліктің жетегіне түсіп қалды да, ой та­қуа­лығынан алыстады. Күнәлі, кінәлі жандар қа­тарында қалды. Өкінішті.

Хакім болады-ау деген азаматтар өзде­рі жеке-дара сөз айтудың орнына, өздері сөз­ге еріп кетті. Анығын айтқанда, өтірік­тің жетегіне ерді де, табиғи асыл қасиеттерінен айырылды. Өкінішті.

* * *

Енді өзіңіз аңғарыңыз, пайғамбар жоқ, әулие жоқ, хакімдер жоқ жағдайда ел­дің, мемлекеттің, қоғамның жағдайы не болмақ?

Әрине, осылай екен деп ауызды «құр шөппен» сүртуге де болмас.

Ел болған соң естілер бар, ақылшылар бар, ниеті адал азаматтар бар, солар өз сөздерін айтуы керек, соларды тыңдап кө­ретін елміз, мемлекетпіз. Президенті­міз бар, оған сеніміміз бар. Заман алмаға­йып, бірақ бір Алла деп ұрпақ өсіріп, ата-бабадан қалған атамекенге иелік ету әр қазақтың азаматтық борышы, осы ер­теңдерге де қажетті сөз болмақ.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик