Еліміздің стенді және дәстүрлі қазақ киіз үйі Ирактың жыл сайынғы «Iraqi Tourism–2023» халықаралық туристік форумының нағыз сәніне айналды. Павильонға Ирактың Мәдениет, туризм және көне заттар министрі Ахмед Факак әл-Бадрани кіріп-шықты.
Форум аясында Ирактың туристік компанияларымен екіжақты кездесулер өтті, сондай-ақ еліміздің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Аталған іс-шараға Қазақстанның қатысуы Ирак азаматтарының аса қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар Елшілік қызметкерлерінің Бағдадқа сапары шеңберінде жергілікті Сауда палатаның президенті Фарис Әл-Хамдадимен және Ирак темір жолдарының Бас директоры Юнис Халед Джавадимен кездесулер өткізілді. Келіссөздер барысында Қазақстан-Ирак сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық ынтымақтастығын дамыту перспективалары, сондай-ақ тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған нақты қадамдар талқыланды.
Ирак тарапы тиісті шарттық-құқықтық базаны қалыптастыруға мүдделілігін және екіжақты қатынастарды одан әрі жандандыруға дайындығын білдірді.