Қоғам • 01 Наурыз, 2023

Су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен кездесу өткізіп, көктемгі су тасқынына дайындық мәселелерін талқыға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды

Комитет төрағасы Асқар Шәкіров Парламент Сенаты көктемгі су тасқынына байланысты проблемалық мәселелерді жыл сайын көтеріп келе жатқанын атап өтті. Ол соңғы жылдары көктем келген сайын су тасқыны болатынын және ол мыңдаған ауыл тұрғындары қиын жағдайда қалатынын айтты.

«Атқарушы билік төтенше жағдайларға дайындық туралы жыл сайын есеп береді, алайда су тасқыны кезінде күш-қуат пен құрал-жабдық ұдайы жетіспей қалады. Кейіннен соның зардаптарын жоюға әжептәуір бюджет қаржысы жұмсалады», деді Асқар Шәкіров.

Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Мереке Пішембаев су тасқыны саласындағы ағымдағы жағдай туралы баяндама жасады. Ол 2023 жылдың басынан бері қатты жауын-шашын мен температураның күрт көтерілуінен 1 үй, 46 елді мекендегі 317 аула аумағы зардап шеккенін және 24 жол учаскесін су басқанын хабарлады. Бұл жағдайда ТЖМ күшімен су айдау, құм толы қапшықпен бөгеу және су кететін арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді.

Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталып отыр. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында қатер қаупі жоғары екені анықталды.

Кездесуде еліміздегі су тасқыны жағдайына қарсы іс-қимыл туралы айтылған ұсыныстар салалық министрліктердің жұмысында, сондай-ақ депутаттардың заң шығару қызметінде ескерілетін болады.