Туризм • 01 Наурыз, 2023

Лотосты көрген де арманда, көрмеген де арманда

922 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғаттың таңғажайыбын тамашалап, киелі мекендер тарихымен танысуға асығатын туристердің дені Атыраудағы ортағасырлық Сарайшық қалашығына бет бұрады. Бұған қоса «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, Нарын құмы, Индер ауданындағы Махамбет кесенесі мен тұзды көл, Қиғаш өзенінде гүлдейтін лотос алқабы мен Ақкегершін борлы тау сілемдері саяхатшылар назарына жиі ілігеді. Тіпті Жылыой ауданында орналасқан Құлшан ата жерасты мешіті мен Бекет атаның кіндік қаны тамған Ақмешіт, «Алтын адам» табылған Аралтөбе қорымы, Иманқара үңгірі назардан тыс қалған емес.

Лотосты көрген де арманда, көрмеген де арманда

Статистикалық мәліметке сүйенсек, бұрнағы жылдың 9 айында мұнайлы өңірге саяхаттауды жаны қалайтын 30,5 мың турист табан тіреген екен. Ал был­тырғы осындай кезеңде келушілер саны 108 158 адамды құрап отыр. Оның ішінде келу туризмі санатына жататындар – 13,7 адам. Ішкі туризммен 94,3 мың адамның келгені тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есеге көп.

– Шетелдік туристердің басым бөлігі ТМД құрамына кірмейтін елдердің тұрғын­дары болып отыр. Бұл – 5 407 адам. Ал алыстағы АҚШ-тан – 1 359, Біріккен король­діктен – 532, Нидерландтан – 298, Қы­тайдан 159 турист мұнайлы өңірге келе­тіндердің қатарын толықтырды. Махамб­­ет ауданындағы Сарайшық му­зей-қо­рығының тарихымен танысуға ал­дың­ғы жылы 12 мың, былтыр 18,5 мың­нан аса адам келді, дейді облыстық кә­сіп­керлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Жаннат Сабырғалиева.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін туризмді дамыту үшін 10,8 млрд теңгенің 9 инвестициялық жобасы іске асырылады. Бұл жобаларда 338 жаңа жұмыс орны ашылады. Мәселен, «Сарайшық» визит орта­лығын салуға бюджеттен қаржы бө­лінген. Ал 8 жоба жеке инвестиция есе­бінен салынатыны деп жоспарланып отыр. Қазір 4 жоба іске қосылған. Бұлар – «Нұрлы тал» этно-паркі, Құрманғазы ауданындағы екі туристік-демалыс ба­засы мен Мақат ауданындағы кемпинг. Құрманғазы ауданындағы лотос ал­қабының танымалдылығын арттыру үшін видеоролик әзірлеу, Индер көлінің құ­қықтық мәртебесін айқындау мақсатында сараптамалық зерттеу жұмыстарын жүр­гізу көзделген. Өткен жылы 6 туристік нысанға QR код орнатылған. Осылайша, туристер 5 тілде ақпарат алып, 3D тур жасау мүмкіндігіне ие болған.

Мұнайлы өңірдің батыс қиырындағы Құрманғазы ауданында Қиғаш деген өзен бар. Бұл өзен Ресей Федерациясының Астрахань өңірімен арадағы шекараны қақ жара ағады. Жыл сайын шілденің ор­тасынан тамыздың соңына дейін өзен са­ғасында лотос гүлдейді. Оны тама­шалау үшін «Ақтөбе – Атырау – Ресей Феде­рациясының шекарасы» бағы­тын­дағы жолмен ғана жетуге болады. Арақашықтық – 300 шақырымға жуық.

Су бетінде гүлдеп тұрған лотостың әдемілігін тек көзбен көру керек. Хош иісі мұр­ныңды жарады. Лотостың түсі – қыз­ғылт, биіктігі 150 сантиметрге дейін жетеді. Бір қызығы, су ортасын­да өсетін лотос таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады. Таңертең су бетінде қауызын ашқанда құрғақ болып тұрады. Бұл гүлді үндістер мен вьетнамдықтар тазалықтың символы ретінде бағалайды. Тіпті оның емдік қасиеті бар деп есептеледі. Тұқымындағы ақуыз бүйрек пен көкбауыр, жүрек ауруы мен ұйқысыздықты емдеуге қолданылады екен. Алайда лотос гүлін жұлуға болмайды. Себебі бұл еліміздегі сирек кездесетін өсімдіктердің тізіміне енгізілген.

Мәселен, былтыр екі ел шарасындағы су айдынында гүлдеген лотосты көруге күніне 50 турист келген. Сондай турист Екатерина Хабибуллина – Мәскеу қаласында арнайы келген туристердің бірі. Шетелдік турист былтыр лотос алқа­бын алғаш рет көрген екен.

– Табиғат осындай сұлулығымен қымбат қой. Лотос алқабы тамаша екен. Өте керемет әсер алдым. Бұл жерден тек лотосты ғана емес, аққу, аққұтан сынды құстарды да тамашаладық, – деген еді Е.Хабибуллина.

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданы – лотос өсетін жалғыз аймақ. Лотос алқабын көруге келушілерге арнайы нұс­қаулық көмек көрсететін кәсіпкерлік нысандар бар.

«Біз бірнеше туристік компаниямен келіссөз жүргіздік. Келісімшартқа сәйкес ауданға келген туристерді жазда қайық­пен лотос алқабына апарып-әкелеміз. Туристер орналасатын арнайы базада тынығатын орын дайындадық. Біздің мақсатымыз – туристердің қауіпсіздігін, суда жүрудің техникалық талабын қатаң сақтау», дейді «West Motors service» ЖШС-ның өкілі Жәнібек Ақтананов.

 

Атырау облысы