Аймақтар • 01 Наурыз, 2023

Жас жыршылар жарқылы

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбеде «Қобыланды деген ері бар...» атауымен өткен жыршылар ­сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 17 жас жыршы қатысты. Олар «Қобыланды батыр» жырының Нұрпейіс Байғанин, Айса Байтабынов, Марабай нұсқаларынан үзінділер орындады.

Жас жыршылар жарқылы

Бұл жыр сайысы осымен екінші рет өткізіліп отыр. 2021 жылы Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебі ашылып, сол жылы алғаш рет «Едіге деген ер екен»  республикалық жыршылар байқауы өткізіліп, Өнер орталығы сахнасында «Қырымның қырық батыры», «Едіге» жырының ел жадындағы нұсқалары шырқалған болатын.

Екі жылдың ішінде Ақтөбедегі «Ер Едіге» мектебі шәкірттерінің саны 40-тан асты. Халық дастандарын жаны сүйетін мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнының студенттері дәріс алатын мектепке жырау Әділбек Сарин жетекшілік етеді. Жүйелі жұ­мыстың нәтижесі болар, осы жыр мектебінің шәкірттері республика­лық, облыстық байқауларда үздік шы­ғып жүр. Сонымен бірге Ақтөбе қаласының төрт мектебінде Әділбек Сариннің басшылығымен жыраулық өнерге баулитын төрт үйірме ашылды.

Бұл жолы «Қобыланды деген ері бар...»  байқауының бас жүлдесі  Ба­тыс Қазақстан облысының тумасы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті Альбина Сабыроваға бұйыр­ды. Сайыс­тың қазылар мүшесі биыл­дан бастап «Жыл жыршысы – 2023» атағын бекітіп, оны бір­неше дастанды жатқа білетін әрі үздік орын­дайтын жас жыршыға табыстай­тын болып келісті. Биыл осы атаққа «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Самал Медеубаева лайық деп танылды. Самал Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің 4-курс студенті, оннан астам көлемді дастанды жатқа айтатын қабілетті жас. Осы байқауда Павлодар облысынан келген Жігер Бөкеннің жырды қобызда орындау шеберлігіне тәнті болған «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин оған өз атынан ат мінгізді. Жігер Пав­лодардағы «Шаңырақ» мәдени орта­лығында жұмыс істейді. Дауыс диа­пазоны өте жоғары әрі жырды қобызда жырлайтын талантты жыршы Қобыланды жырын емес, өз қа­лауымен басқа жырды орындаға­ны үшін жүлдеден қағылды. Қазы­лар алқасы бірінші орынды Сымбат Жомартова, екінші орынға Жамбыл облысынан келген Бекарыс Көштаев­қа берді. Бекарыс Қазақ Ұлттық Өнер университетінің Дәстүрлі музыка­лық өнер факультетінде дәстүрлі жыр мамандығы бойынша дәріс алып жүр. Ол Қобыланды батыр жырының Марабай жырау нұсқасын жырлап қана қоймай, Жамбылдың толғау­ларын да тамаша орындап, көрер­мен ықы­ласына бөленді. Сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімінің жүлдесі «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Ғани Қай­роллаевқа, «Қобыланды батыр» атын­дағы жүлде Астана қаласынан келген Абдуррахман Естайұлына бұйырды. «Жас жыршы» номинациясын «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Жан­ерке Құттығай алды.

Айта кету керек, осы сайысқа қаты­су­шылардың жас ерекшелігі 17 жас пен 40 жас арасында болып белгіленген. Байқауға қатысушылардың арасында жыршы жігіттерге қарағанда, жыршы қыздардың саны көбірек екен. Сондай-ақ Ақтөбедегі «Ер Едіге» жыр мектебінде дәріс алуға қыз балалар көбірек ықылас танытады екен. Бұл өз кезегінде жыр өнеріне ер балаларды көбірек баулу қажеттігін көрсетеді. Мектеп мұғалімдері осы  мәселеде жақсылап ойлануға тиіс.

Ақтөбе облыстық мәдениет бас­қар­масы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандарымен бірлесе Қобыланды батыр жырының ғылымға белгілі 29 нұсқасын бірге жинақтап шығару­ды қолға алып жатыр. «Ер Едіге» жыр мектебінің орындауындағы «Қобыланды батыр» жырының Нұр­пейіс Байғанин және Марабай нұс­қалары цифрлық форматта және кітап түрінде шығарылмақ.

 

Ақтөбе облысы