Кеңес заманында облыс орталығынан шалғай жатқан қазақы ауылдарда ғана болмаса, Қостанайдың өзінде ұлт аспаптары ансамблі болмаған. Мұндай мүмкіндік ел тәуелсіздігінің уыз кезеңінде ғана туды. 1993 жылы сол кезде облысты басқарып тұрған, студент кезінде өзі де оркестрде ойнаған Кенжебек Үкіұлының дәргейімен Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның бір топ түлегі Қостанайға келді. Осылайша, төл өнерге сусап қалған теріскейдегі ағайын жаңа ғана құрылған «Ақжелең» ансамблімен қауышқан. Содан бергі отыз жылдың ішінде ансамбль құрамы да бірнеше рет өзгеріп, жаңа аспаптармен, тың туындылармен толығып, кемел өнер ұжымына айналды.
Концерт барысында «Ақжелеңнің» орындауындағы Құрманғазының «Адайы», Тәттімбеттің «Саржайлауы» сияқты классикалық күй керуенінен кейін, осы тойға арнайы келген белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов сахнаға шығып, өнер ұжымын мерейтойымен құттықтады.
– Қостанай өңірінде тоқсаныншы жылдардан бері қарай жаңаша леп пайда болды. Қазақ өнерінің иісі шыға бастады. Соның бір айғағы, аймақта ұлттық оркестр және осы «Ақжелең» ансамблі құрылды. Бұл жерде осы өнер ұжымдарын ұйымдастыру барысында шыр-пыр болып жүріп, оның әрбір орындаушысын, әрбір репертуарын өзі таңдап, еңсесін тіктеп кеткен бауырымыз Назымбек Молдахметовтің еңбегін айтпай кетуге болмайды. Әрине, «Орнында бар оңалар» деген, артында ізін жалғаған өнерпаз іні-қарындастарының бар екеніне тәубе дейік. Оркестр – орнында. Бүгінде бұл жердегі өнер өзгеше жаңа қырынан өркендеп келе жатыр. Ансамбль өзінің көркемдік деңгейін төмендетпей, әрқашан биіктен көрініп келеді. Отыз жылда бұл ансамбльдің бармаған жері жоқ. Қазақстанның барлық өлкесін аралап шықты. Еңбектерің жемісті, тойларың құтты болсын! Өз басым «Ақжелеңге» де, осындағы оркестрге де көптеген шығарма жаздым, – деді композитор.
Одан кейін «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің отыз жылдығына арнайы жазылған «Аққу Ақжелең» күйі мен «Сәулетті Тобыл-Торғайым» әні сахнада тұңғыш рет орындалды. Бұл екі туындының да авторы – Ермұрат Үсенов. Дәнді өлкенің дарқан даласы мен керім табиғатын, дарынды перзенттерін дәріптейтін мадақ әнінің сөзін жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов жазған. Жаңа әнді халықаралық байқаулардың лауреаты, жезтаңдай әнші, Тараз қаласынан арнайы келген Жанатбек Қадыров орындады.
Концерт соңында өнер ұжымын облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтап, «Ақжелең» ансамблінің бірнеше мүшесін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, тағы бірқатар өнерпазды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Қостанай облысы