Астанада №65 мектеп директоры әрі мәслихат сайлауына кандидат ретінде тіркелген келіншек күйеуін пышақтап өлтірген. Қайғылы оқиға ерлі-зайыптылардың шаңырағында болған.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, қарапайым отбасылық жанжал бір отбасының қара жамылуына әкеп соққан. 34 жастағы мектеп директоры суық қаруды қорғану мақсатында пайдаланғаны анықталды.
Мектеп ұжымы еңбек өтілі 10 жылдан асатын биология пәнінің мұғалімі, кейіннен директор қызметіне тағайындалған Нұргүл Елекеева өз ісіне тиянақты, жауапты маман екенін бірауыздан айтады.
«Өте еңбекқор, ашық адам. Өз ісін өте жақсы біледі. Ұйымдастыру қабілеті өте жоғары деңгейде. Иә, әрине бұл қайғылы оқиға. Өзіміздің де төбемізден жай түскендей болып қалды», дейді Астана қаласы №65 мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлнаш Токишева.
Құзырлы органдардың айтуынша, әуелі күйеуі пышақпен әйелінің мойнын тіліп өтіп, кейіннен кеуде тұсын жарақаттаған. 34 жастағы келіншек өзін-өзі қорғау мақсатында жарына суық қару ала жүгіріп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Ал осы үйдің тұрғындары сол күні ешқандай шуды естімегендерін айтады.