Заң • 02 Наурыз, 2023

Республикалық бюджетке енетін өзгерістер туралы заң жобасы таныстырылды

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатта «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Республикалық бюджетке енетін өзгерістер туралы заң жобасы таныстырылды

Кездесуді ашқан қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бұл заң жобасы бюджет заңнамасын жетілдіруге және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Заң жобасы биылғы ақпан айында 2023-2027 жылдарға арналған бюджет көрсеткіштерін нақтылауға байланысты әзірленгенін атап өткен жөн. Ол сонымен қатар өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, газ және жылумен жабдықтау құбырларын жаңғыртуға, еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға, экономиканың нақты секторын және басқа да салаларды өркендетуге бағытталып отыр.

Сенаторларға шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша 152 млрд теңге, ал еліміздің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 94,7 млрд теңге бөлінетіні айтылды.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, ол азаматтардың әл-ауқатын арттыруды, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуды және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуді көздейді. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорын толықтыруға, Әлеуметтік кодекс аясындағы шараларды іске асыруға және басқа да салаларға бағытталатын 234,4 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Парламент депутаттары таныстырылым барысында бюджеттік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулардың кейбір тармақтары бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды.