Өнер • 02 Наурыз, 2023

Қардан тұрғызылған полиция көлігі

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылының тұрғыны Нәдір Қуанаев кәдімгі қардан полицияның патрулдік көлігін тұрғызып, ауылдастарын таң-тамаша етті.

Қардан тұрғызылған полиция көлігі

25 жастағы Нәдірдің мамандығы ме­ханизатор. Орал қаласындағы кә­сіп­орындардың бірінде ауыр техника жүргізеді. Кішкентайынан техникаға бейім, қолы шебер жігіт полиция көлігінің төбесіндегі қызыл-көк шамын да жарқылдап ойнап тұратындай етіп жасаған. Әудем жерден қарағанда нағыз полиция көлігі тұрғандай әсер береді.

«Көптен ойымда жүрген іске ақ­панның 14-і күні кірістім. Ол күнге дейін біздің жақта қар жаумады ғой. Әуелі айналадағы қарды жинап, ұзыны 3,5 метр, ені 1,7 метр етіп үйіп алдым. Оған күн жарым кетті. Әрине, көбіне кеште, жұмыстан келген соң, жасап жүрдім. Жалпы, нобайы шыққан соң нақты детальдарына кірістім. Сөйтіп, алты күнде толық жасап шықтым», дейді Нәдір.

Нәдірге қардан полиция автокөлігін жасау идеясы кәдімгі ойыншық стро­боскоптың құрылысын ақтарып отырып келіпті. Стробоскоп деген құтқарушы немесе жедел жәрдем, полиция секілді арнайы қызмет көліктеріне орнатылатын сигнал-шам ғой. Сөйтіп, кішкентай идеядан үлкен іс туған.

Осы оқиғадан кейін Нәдірге Ба­тыс Қазақстан облыстық полиция депар­таментінен телефон шалып, рахмет айтыпты. Құқық сақшылары қар-көлікті өздері келіп көреміз деген екен. Бірақ қат-қабат шаруамен уақыт таппаған көрінеді.

Былтыр да өз ауласының жанынан Орал қаласындағы орталық ме­шіт­тің макетін қардан жасап шыққан Н.Қуанаев аспаннан ақ ұлпа жауғанын күтіп жүр. Келер жылы шебер жігіт бізді немен таңғалдырар екен?

 

Батыс Қазақстан облысы