Қоғам • 03 Наурыз, 2023

«Корё ильбо» – корей диаспорасының жылнамасы

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аудармасына «Авангард» деген мағынаны айшықтап, «Сенбон» атауымен жарық көрген «Корё ильбо» газеті – бүгінгі ұлттық журналистикадағы байырғы басылымдардың бірі. Корей және орыс тілдерінде жарық көретін басылым жүз жыл бойы Қазақстанды мекендеген корейлердің жылнамасын жазатын жалғыз ақпарат көзі және байланыс құралы болып қызмет етіп келеді. Корей халқының тілін, ұлттық құндылықтарын, жазуын, мәдениетін сақтап қалуда газет маңызды рөлге ие болды.

«Корё ильбо» – корей диаспорасының жылнамасы

Ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған «Корё ильбо» басылымының ұжымы Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Сэнбон» – «Ленин кичи» – «Корё ильбо» газеті – корей халқы тарихының ажырамас бөлігі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, мерзімді басылымның 100 жылдық тарихын қызықты шежі­ремен тарқатты.

ыввы

Өзінің 100 жылдық тарихында газет үш мәрте атауын ауыстырды: 1923-1937 жылдары «Сэнбон» (Авангард), 1938-1991 жылдары «Ленин кичи» (Ленин туы), 1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Корё ильбо» (Корей күнделігі). «Басылым тарихы Ресейдің Қиыр Шығысынан бастау алады. Міне, содан бері жүз жыл өтті, біз туған Отанымыздай болған Қазақстанда жұмыс істеп, осында өркен жайып отырмыз. Газетіміздің нақ Қазақстан­да сақталып, өркендеуі үлкен тарихи құбылыс, бұл біздің қоғамымыздың және мемлекетімізде жүргізіліп отырған ұлттық саясаттың жарқын жемісі», дейді республикалық «Корё ильбо» газетінің бас редакторы Константин Ким.

Корейлердің үлкен бөлігінің қазақ еліне жаппай көшірілуіне байланысты 1937 жылға дейін Қиыр Шығыста жарық көрген «Сенбон» газетінің редакциясы Қызылорда қаласына қоныстанады. «Ленин кичи» газетінің алғашқы саны Қызылордада 1938 жылы басылып шық­ты. Қазақстанда алғашқы жылдары аудандық газет ретінде, 1940 жылдан Қызылорда облыстық, 1953 жылдан бастап республикалық, 1961 жылдан бастап республикааралық басылым болып оқырманынан ажырамай, тұрақты таралып отырды. 1978 жылы, 22 жылдан кейін ҚКП ОК хатшылығының «Ленин кичи» республикалық газеті­нің қоныс аударылуы» туралы жарлығы қабылданғаннан кейін Алматы қала­сында шығарыла бастады. 1988 жылы «Ленин кичи» газетінің алғашқы саны­ның шыққанына 50 жыл толуына орай «Халықтар достығы» медалімен мара­патталды. 2000 жылдан бастап «Корё ильбо» Қазақстандағы корей қауым­дастығының меншігіне өтті.

Шыққан күнінен аймақтық мәрте­беге ие басылым бірнеше жылдар­дан кейін Қазақстанда ғана емес, кеңес ода­ғының барлық республикасына таралып, 1991 жылы «Корей күнделігі» деген мағынадағы «Корё ильбо» деген атауды иеленіп, халықаралық басылымға айналады. Бас редактордың айтуын­ша, газет ұлт атауын сақтап қана қой­май, мемлекеттің қолдауына ие болып, бүгінде Қазақстан медиа кеңістігінің ажырамас бөлігі болып отыр. «Бізге «жүз жыл бойы қалайша ұлттық мәде­ниеттің өзегі болып отырсыңдар?» деген сұрақты жиі қояды. Меніңше, бұл жерде корейлердің патриоттық сезімі басты рөлге ие. Корейлерді жер аударған кезде, «Сэнбонның» ауылшаруашы­лық бөлімінің меңгерушісі басын қатерге тіге отырып, газеттің қорғасын қаріптерін поезд жәшігіне жасырып, Қызылор­даға аман-есен жеткізген екен. Егер бұл қаріптер болмағанда, қазақ еліне депор­тацияланған корейлер бір айдан кейін газет шығара алмас еді», дейді корей бөлімінің редакторы Нам Ген Дя.

Сондай-ақ бас редактордың орынбасары Тамара Фазылова ғасырлық мерейлі белесті бағындыруға өз үлесін қосқан аға буын өкілдердің есімін ерекше жылылықпен атап өтті. «Газеттің бастауында ғажайып таланттар мен әдеби күш топтасты. «Корёнің» әдеби қосымшасы жарық көріп тұрған тұс­та бүгінгі белгілі қаламгерлер Александр Кан, Станислав Ли, Мәскеу уни­вер­ситеттерінде өлеңдері талданатын Генриетта Канның шығармалары үздік­сіз жарияланып тұрды. Біз сол уақытта белгіленген биік деңгейді түсірмей, уақытпен бірге жүруді мұрат тұтамыз», деп ағынан жарылды ол.

Бүгінде «Корё ильбо» – Қазақстан­нан тыс аймақтарда да оқырман ортасын қалыптастырған корей тіліндегі танымал ақпарат құралы. Газет ірі оңтүстіккореялық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатқан, сондай-ақ бұл басылымды Мәскеудегі Солтүстік Кореяның елшілігі де жаздырып алады. Басылым аудиторияны қамтып, дамыту үшін барлық құралды белсенді пайдаланады: газет интернет кеңістігінде сұранысқа ие, ақпараттық портал да жасақталған, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары қажетті әрі маңызды жаңалыққа толы.

Дөңгелек үстел аясында Қазақстан Ұлт­тық кітапханасы қорынан «Корё ильбо» газе­тінің түрлі жылдардағы басылымдарынан көрме ұйымдастырылды. Онда газеттің сирек және мерейтойлық сандары, түрлі жылдарда газет беттерінде жарық көрген танымал жазушылардың, журналистердің, қоғам қайраткерлерінің мақалалары ұсынылды. «Корё ильбо» беттерінде депортацияланған корей­лердің тағдыры бейнеленген. Ол – корей диаспорасының бірегей тарих шежіресі, мәдениетінің маңызды өзегі, дәстүрі мен ғұрпын жаңғыртқан ұлтының жоқшысы.

 

АЛМАТЫ