Білім • 03 Наурыз, 2023

Сорлатқан «Scopus»

643 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ғалымдар ғылыми дәрежесін дәлелдеу үшін «Scopus» немесе «Web of Science» сияқты деректер базасында мақала жариялауға міндетті. Алайда осы бір міндеттеме көп ғалымның бағын байлап тұр. Өйткені ғылыми мақала Scopus талаптарына сай келмесе немесе басылымдарды зерттеушінің тақырыбы қызықтырмаса, жарияланбайды.

Сорлатқан «Scopus»

Коллажды жасаған Алмас Манап, «EQ»

«Scopus» – рецензияланған ғылыми әде­биеттердің ауқымды ғылымометриялық мәліметтер базасы. Ғылымға бет бұрған жан­дар үшін «Scopus»-пен жұмыс істеу маңыз­ды. Зерттеудің халықаралық ғылыми басы­лымдарда жариялануы ғылыми бедел­ді арттырады. «Scopus»-та мақаланы тегін неме­се ақылы түрде жариялауға болады. Егер мақала қабылданса, оны жариялату үшін белгілі бір соманы төлеу қажет. Со­дан кейін ғана мақала «Scopus» деректер база­сын­да барлығына бірдей қолжетімді болады. Ал жариялау құны журналдың квартиліне байланысты. Квартиль ғылы­ми қауым­дастықтың журналға деген сұра­­ны­сын көрсетеді. Жазылым арқылы жария­лауды таңдаса, тегін болмақ. Бірақ ол тек сол басылымға жазылған адамдарға қолжетімді.

Осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Ол – ортадағы делдал. Интернетті ашсақ, «Scopus»-тың талабына сай мақала жазып, жариялауға көмектесеміз» деп қызметін ұсынған адам көп. Әлбетте, ол үшін де ақы төлейсіз. Мақаласын шығара алмай жүрген ғалымдардың әлгі делдалдарға амалсыз жүгінетіні де сондықтан. Өкінішке қарай, алданып қалатындары да жетерлік.

Жоғарыда айтқанымыздай, мақаланың қабылдану я қабыл­данбауы оның тақы­рыбына тіке­лей байланысты. «Scopus»-тың талаптарына, әсіресе қазақ қоғамына қатысты тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдардың шағымы бар. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Scopus» деректер базасына гуманитарлық салалар бойынша, соның ішінде ұлттық мәселелерге қатысты ғылыми мақалаларды жариялаудың қажеті жоқ, бұл талапты алып тастасақ» деген ұсыныс айтылып, қызу талқыланған-ды. Жақында осы мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы №7 бұйрығы жарияланды. Онда қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттар үшін «Scopus» деректер базасындағы журналдарға мақала жариялау міндетті емес делінген. Енді ғалымдар журналистика, саясаттану секілді салалар үшін де аталған талап күшін жойса деген тілектерін жеткізді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті Журна­листика және саясаттану факуль­тетінің деканы Қайрат Сақтың айтуынша, расында, бұл қазіргі кездегі өзекті мәселе болып тұр.

– Қазақстан тарихына, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттар үшін «Scopus» деректер базасындағы журналдарға мақала жариялау міндеті алынып тастал­ғаны секілді әлеуметтік ғылымдар бойын­ша да мұндай міндет болмағаны дұрыс. Өйткені қазақ руханиятына, қазақ қоғамына қатысты зерттеу еңбектерін «Web of Scienсe», «Scopus» базасына жариялаудың қажеті жоқ. Соның салдарынан көптеген докторант, PһD ғылыми дәрежесін қорғай алмай жүр. Одан да оның орнын алмастырып, мақалаларды өзіміздің ғылыми журналдарға жариялайық. «Web of Scienсe», «Scopus» базасына мақала жария­лау гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар үшін тиімсіз. Әрі «Scopus»-қа мақала жариялау үшін докторанттарымыз ортадағы делдалдарға алданып қалатын жағдайлар да жиі кездеседі, – деді Қайрат Сақ.

Философия ғылымдарының PһD  Кенжегүл Тер­гембай былтыр докторантураны бітірді. Бірақ жұмысын әлі қорғамаған.

– Осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін қорғасам – тегін, үлгермесем қомақты қа­ра­жат төлеп қорғауға тура ке­леді. Бұл – жалғыз менің ғана бас ауруым емес, докторантураны тәмамдаған талай түлектің ба­сындағы мәселе. Себебі «Scopus» зерттеуші ғалымдардың бағын байлап, сағын сындырып тұр. Деректер базасында мақала жариялау қиынның қиыны. Қазақ тарихына, тұлғаларына, руханиятына, журналистикасына, саясатына арналған «отандық» тақырыптағы мақалалар әлемді қызықтырмайды. Оны мойындау керек. Ал математика, медицина, биология, химия және физика саласы туралы әңгіме басқа. Осы проблеманы былтыр экс-министр Асхат Аймағамбетовке жеткізгенмін. Ол мәселеге мән беріп, министрлікте талқылау да өткізді. Жақсы жаңалық күтіп жүргенде министрлік екіге бөлініп кетті де біздің мәселеміз Саясат Нұрбек басқаратын ве­домствоның құзырына өтті, – дей­ді Кенжегүл Тергембай.

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің аға оқытушысы Гүлмира Әшірбе­ко­ваның пікірінше, Ғылым және жоғары білім министрлігінің биыл­ғы қаңтардағы бұйрығы отан­­дық ғалымдар үшін жақсы жаңалық болғаны анық.

– Өйткені осы уақытқа дейін қазақ тіл білімі мен әдебиеттану, филология мәселелеріне қатысты ғылыми мақала­лардың шетелдік басылымдарда жарық көруі қиын­дық туғызып келді. Соған қара­мастан «Web of Scienсe», «Scopus» базаларындағы ғылыми журналдарда бірнеше мақаласын жариялап үлгерген филологтер де аз емес. Яғни қазақ тіл білімі мен әдебиеттану мәселелерін әлем­­дік ғылыми ортаға таныс­ты­ра алдық деп ойлаймын. Бұл – ғалымдардың үлкен жетіс­тігі. Жаңа толықтырулар мен өзгертулер енгізілген талап­тардың әлі де болса сұрақ туындататын тұстары бар. Мәселен, 35 процентилі бар жоғарыда аталған базаларда тіркелген басылымдарда мақаласы шықса, басқа ғылыми мақалалар талап етілместен қорғауға жіберіледі делінген. Бұл мәселеге қатысты Ғылым комитетінің түсіндірмесі қажет-ақ. Өйткені қазіргі таңда қорғауға дайындалып жүрген докторанттар арасында сұрақ көп. Ғылым комитеті бекіткен қазақстандық ғылыми журналдар «Scopus» базасына ену үшін мақала қабылдау ережелерін өзгертіп, талапты күшейту үстін­де. Біз отандық ғылыми басы­лымдардың сапасын жақсартуға кіріскенде, шетелдік журнал­да шыққан бір мақаламен қор­ғау қаншалықты дұрыс? Сон­дай-ақ «Web of Scienсe», «Scopus» базаларындағы ғылыми жур­нал­дарда мақала жариялауға бай­ланысты ғылым салаларына қарай бөлуді дұрыс деп ойламаймын. Өйткені әлеуметтік ғылымдар да қазақ қоғамының мәселелерін зерттейді. Зерт­теу тақырыптарының ішін­де шетел­дік журналдар қабыл­дамайтын тақырыптарды жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан аталған өзгертуді басқа ғылым салаларына қатысты да қосу керек деп ойлаймын, – дейді Гүлмира Әшірбекова.

Жас ғалым Зәуреш Қойгел­диева «Web of Scienсe», «Scopus» базаларындағы ғылыми журналдарда мақала жариялау талабын гуманитарлық бағыт­тағы мамандықтардан ғана емес, әлеуметтік ғылым маман­дықта­рынан, соның ішінде журналис­тикадан да алып тастаған дұрыс деп санайды.

– Себебі докторлық жұмы­сымыз қазақ тілінде зерттеледі әрі көптеген тақырып қазақ қоға­мының мәселелеріне арналады. Сонымен қатар «Scopus»-қа мақала жариялау қазіргі таңда өте қиын болып тұр. Мен мақалаларымды еуропалық журналдарға бірнеше рет тегін жібердім. Үш рет қайтып келді. Ақша төлеп те жариялауға тырыс­қан едім. Бірақ екі рет алданып қалдым. Тақырыбымыз ұлттық құндылықтар төңірегінде болғандықтан, ол шетелдік басылымдарды аса қызықтырмайды, – дейді Зәуреш Қойгелдиева.